Негізгі

Танымал тэгтер: , , , , , Астана

Қала күні не, Жеңіс күні не, бәрі – бір той, бір тойыну…

   0 850
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Жұртпен бірге жалаулатып, Жеңіс мерекесін тойлап жүргенімізге 65 жыл болыпты. Бірақ біз осы 65 жылда қазақтың ең болмағанда алпыс бес батырын лайықты дәрежеде дәріптей алдық па? Соғыс идеологиясы арқылы қазақтың ұлттық рухын көтеріп, жауынгерлік даңқы мен батырлық болмысын асқақтатуға қаншалықты қабілет, құлық таныттық?


Рас, ортақ Отанда күн кешкен кеңестік кеңістік елдері Жеңіс мерекесін кейінгі жылдарға дейін бірге мерекелеп келді. «Мызғымас» Одақтың идеялық бірлігін қамтамасыз ету үшін кеңестік патриотизмді кеңінен насихаттаған партия нұсқауымен осы уақытқа дейін Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналып қаншама кино мен деректі фильм түсірілді, қаншама әндер шығарылды! Сол теңдессіз туындылардың рухында тәрбиеленген тұтас бір ұрпақ ол Жеңісті «менің Жеңісім!» деп қабылдады. Одақ ыдырағаннан кейінгі уақытта тарих сахнасына соның тікелей мұрагері ретінде көтерілген Ресей мемлекеті Жеңіс идеологиясын енді өзіне қарай ыңғайлап, өз ұлтының мүддесіне пайдалануға көшті. Мысалы, мынаған қараңыз. Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған мерекелік шерудің негізгі салтанатын күллі әлем жұртшылығы күні кеше ғана Қызыл алаңнан тамашалады. Осынау бір ғана салтанатты шеру арқылы Ресей өзінің айбыны мен айбарын, қуаты мен құдіретін әп-сәтте-ақ әлемге паш етті. Марш екпінімен қарыштай адымдаған қисапсыз жаяу колонна, қара жерді қайыстыра қозғалған алуан әскери техника, көк жүзінде самсаған сансыз авиация күштері… алып империя рухын мейлінше асқақтатып жіберді. Бұл шеруге ТМД-ға қарасты өзге де мемлекеттермен қатар, Қазақстан Армиясы өкілдерінің де қатысқанына көпшілік куә. Еліміздің жаяу әскер құрамасының шеруі үстінде Қазақстаннан майданға 1 млн 300 мыңнан астам адам қатысып, соның ішінде 497 жауынгердің «Кеңес Одағының Батыры» атағын иеленгені мәлім етілді де. Әрине, ортақ Отан, туған ел, туған жер үшін ойланбастан от кешіп, қаймықпай қан төккен боздақтарымыздың қай-қайсысының да аянып қалмағаны және көпшілігінің ерлігі араға талай жылдар салып барып қана лайықты түрде бағаланғаны бізге белгілі. Мәселе онда да емес.


Өкініштісі, біз – ел-жұрт, тіпті тарихшыларымыз, бүкіл зиялы қауым болып, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс идеологиясын қазақтың жауынгерлік рухын дәріптеуге, ұлттық қадір-қасиетін арттыруға негіз ете алмай отырмыз.


Ол түгілі, Ұлы Отан соғысының ұлт тарихындағы орны да әлі күнге дейін байыпты түрде сараланбай келеді. Құдды бір қазақ қаңғалақтап барып қан төгіп, бекерге оққа ұшқан, кім үшін, не үшін жан қиғанын өзі де білмеген, санасыз, сапасыз ұлт сияқтанып, халқымыздың қаһармандық бейнесі зерделі зерттеу мен байыпты байламнан тыс қалып келеді. Тіпті Ұлы Отан соғысына «ол біздің соғыс емес» деп қарайтындар да жетіп-артылады. Осы ретте мынадай ой туады: одақтас ретінде шамалы күш қосып, сыртта соғысқан, ал өз топырағына қан иісі сіңбеген америкалықтар мен ағылшындардың өзі «бүкіл ғаламшарды фашизмнен біз құтқарып қалдық» деп кеуде керуге бейім тұрғанда, майдан мен тылда бірдей жан алысып, жан берісіп, ерен ерліктің өлшеусіз үлгісін көрсеткен, он екіде бір гүлі ашылмаған өрімдей өренінің талайымен мезгілсіз қоштасқан қазақ жұрты үшін ол неге «жат соғыс» болуы тиіс?


dsc_8938


Тарихтың дөңгелегін кері айналдыруға тырысудың орнына, біз неге оның ащы сабақтарын бүгінгі уақытқа орайластырып, ұлттық, мемлекеттік идеология мақсатына пайдаланбаймыз? Мысалы, Қызыл алаңда өткен және төрткүл дүние түгелімен көз тіккен кешегі Жеңіс шеруі, негізінен, орыс елінің абыройын асырды және «нацизмнің тамырына балта шауып, тұтастай ұлттарды қырып-жоюға бағытталған машинаны тоқтатқан, өркениет негіздерін шайқалтушы идеологияға нүкте қойған ұлт…» ретінде оны барынша дәріптеді. Өз бағасын білу және өзгеге де соны мойындату тұрғысынан алғанда, бұл – әрине, үйренуге де, үлгі алуға да тұрарлық нәрсе. Бір анығы, бізге «Жеңіс идеологиясына жоламаңдар, оны ұлттық мақсатта пайдаланушы болмаңдар» деп ойбайлап отырған орыс жоқ. Тарихқа қалай қарайды, қалай дәріптей алады, оның өзіне тиімді тұстарын қалай ұтымды пайдаланады, ол – әркімнің өз біліміне, өз білігіне байланысты шаруа. Кремльдің осы ретте айрықша белсенділік танытып, басым салмаққа ие бола бастағанынан іш тартып қалғандай болған Беларусь Президенті А.Лукашенко да Жеңіс мерекесі барысында: «Басқыншыларға қарсы күреске аз ел қатысқан жоқ. Бірақ тарихи шындыққа сүйенсек, антифашистік майданда шешуші рөлді Кеңес Одағы атқарды. Жеңіс күні – ТМД мемлекеттерінің барлығы үшін ортақ мереке», – деп баса айтты.


Жалпы, Жеңіс күніне арналған шаралар бізде де ұйымдастырылды. Ресми мәліметтерге жүгінсек, Астанада үлкен шеру өтіп, оған жеті мыңға жуық адам қатысқан. Мәңгілік алау маңына шатырлар тігіліп, солдат ботқасы пісірілген, сондай-ақ ардагерлерге арнайы дастарқан жайылған. Патриоттық әндер айтылып, белгілі эстрада жұлдыздары өнер көрсеткен. Мерекелік салтанат Есіл жағалауындағы от шашуға ұласқан. Алматының да әр ауданы Жеңіс күнін өзінше тойлап, мерекелік концерттер мен кездесулер, көрмелер мен театрландырылған қойылымдар ұсынған. 9 мамырда оңтүстік астананың әр-әр жерінде ардагерлердің, ішкі әскери взвод солдаттары мен әскери оқу орындары курсанттарының және «Ұлан» сарбаздары мен «Нұр Отан» өкілдерінің қатысуымен мерекелік шерулер өткен. Ең өкініштісі, осындай жекелеген нәрселердің бәрінің басын қосып, бүкіл қалаға, тіпті елге ортақ жалпыхалықтық шараға айналдыру жағы ойластырылмаған. Мысалы, біртұтас сценариймен не Астанада, не Алматыдағы Республика алаңында салтанатты шеру өткізіліп, теледидардан тікелей трансляция жасалса, мерекенің рухын бір мезетте бүкіл Қазақстан жұртшылығы сезінбес пе еді? Жаңағыдай кішігірім шаралар апай-топай өтті де кетті: көрген адам көрді, көрмеген ел сол күйі бәрінен хабарсыз қалды. Сөйтіп, мүлде басқа көріністің үстінен түсті. Яғни ресми бөлімнен кейінгі кезекте мерекенің көрігін сауда нүктелері қыздырып жатты. Саябақтар мен скверлерде, сарайлар мен ашық алаңқайларда, көпшіліктің басқа да демалыс орындарында азық-түлік пен тұтыну тауарларының, қызылды-жасылды шарлар мен ортаңқол ойыншықтардың, палау мен кәуаптың саудасы армансыз-ақ жүрді. Осыдан кейін Қала күні не, Жеңіс күні не, бәрі – бір той, бір тойыну… тәрізді ой туғызатыны рас.


Ал Ресейге қалай қызықпассың? Бүкіл ел болып бір-ақ күнде уақыт демімен тыныстап, тарих рухымен биіктеп сала берді. Айбынды шеру өз алдына, күні бойы күллі Мәскеуді отты жылдар жаңғырығы жайлады: кинотеатрларды былай қойып, соғыстың жанды хроникалары, деректі фильмдер мен бейнетаспалар қала аумағындағы үлкен ғимараттардың қабырғасынан орын тепкен алып экрандардан үздіксіз көрсетілумен болды. Жеңіс мерекесінің осыған дейін ешқашан мұншалықты дәрежеде тойланбағандығын, өздерінің осыған қарап ерекше жігерленіп, айрықша арқаланғандарын ресейліктер жасырмай айтып жатты. Демек, Жеңіс мерекесін осыншама дәріптеу ұлт рухын мейлінше асқақтату үшін қажет болды деген сөз.


Телеэфирдің қуатты қару, үлкен күш екені даусыз. Бірақ біз бұл ретте де қауқарсыз болып шықтық. Мысалы, Жеңіс күніне орай қазақ жұртына не ұсына алдық? Мейлі деректі, мейлі көркемсуретті болсын, көрермендерімізді қандай тың фильммен болмаса әдеби-көркем туындымен қуанттық? Әдеби шығармалардан ойымызға тек қана Баубек Бұлқышев пен Бауыржан Момышұлының публицистикасы, Қасым Қайсенов пен Әди Шәріповтің шығармалары оралады. Ал кинодан Мәжит Бегалиннің «Артымызда – Москва», «Мәншүк туралы ән», Нұрмұхан Жантөриннің «Орман балладасы» фильмдері тәрізді тағылымды дүниені де күні бүгінге дейін көре алмай жүрміз. Сөйтіп, майдандағы ерлігі кез келген ұлттың өкілінен кем түспеген даңқты батырларымызды елеусіз, ескерусіз қалдырдық. Мысалы, күні кешегі Мәскеу шеруінде «Рейхстагқа тігілген тулардың ішінде Михаил Егоров пен Мелитон Кантария тіккен ту Жеңіс туы ретінде танылғандығы» тағы да мәлім етілді. Демек, біз Рейхстагқа Жеңіс туын қадаған батырлардың бірі де, бірегейі де болған Рахымжан атамыздың ерлігімен өз ішімізде мақтанғанымыз болмаса, өзгеге әлі мойындата алған жоқпыз. Ал тасада қалған мұндай ерліктер мен айтылмай жүрген ақиқаттар бізде қаншама! Осынау даңқты шежірені лайықты дәрежеде дәріптеп, ұлт абыройын асқақтату – қажетті де қасиетті міндет.


Былай қарасаң, үлкен қалалар түгілі, бізде әр аудан орталығында «Мәңгілік от» жанып тұр. Демек, өткенімізден, онда да Ұлы Отан соғысына қатысты тарихтан бәрібір бас тарта алмайтынымыз анық. Мұндай жағдайда бос әңгіме мен күмән-күдіктің бәрін жиып қойып, Жеңіс идеологиясын ұлттық мақсатта тиімді пайдалануға тырысқаннан абзалы жоқ.

Автор: Роза Қараева

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

14 мамыр 2010, 08:45
Рейтинг: