Негізгі

Танымал тэгтер: , , , , , Астана

Қазақстан Сібір суларына құда түсті

   0 533
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ (фото)

С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ (фото)

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында дәстүрге айналған аймақаралық ынтымақтастыққа арналған 7-форум аясында осы екі елдің басшысы Өскеменде бас қосты.

Елбасымыз көршілес әріптесін осы жолы өндірісі дамыған Шығыс Қазақстан облысында қарсы алды. Дәстүрге айналған бұл форум жеті жыл бойы екі елдің әр қаласында кезек-кезек өтіп келеді. Биыл Өскемен қаласының таңдалуы да тегін емес. Асты-үсті кенге толы аймақта ресейліктермен бірлесе еңбек ететін кәсіпорындар жетерлік. Облыс пен Ресей арасында «Токамак», «Бейбіт атом» сынды жобалар жүзеге асуда. Жаңа форумда осындай маңызды жобалар қатары өсетін болды.




Бір жылда – сегіз кездесу

Екі ел басшысы ең алдымен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығына бағытталған екі ел кәсіпкерлерінің көрмесін тамашалады. Ресей басшысы Дмитрий Медведев мырза тіпті үлкен шара өтіп жатқан Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті мен «Алтай» технологиялық паркін Елбасымызбен бірге аралап қана қоймай, осы жоғары оқу орны студенттерінің оқу үлгеріміне де көз жүгіртті, әрине, арнайы компьютерлік база арқылы. Ол мұндай жүйенің «студенттер үшін жағымсыз болғанымен, ата-аналар үшін тамаша» екендігіне күле тоқталды. Н.Назарбаев ресейлік әріптесімен осы жылы сегізінші рет кездесіп тұрғандығын ескертіп өтті. «Мұндай тығыз қарым-қатынас басқа ТМД елдерінің өзара достығының нығаюына ықпал етіп, үлгі болуы қажет», – деп баса атап өтті Елбасымыз. Бұдан ары қарай Мемлекет басшысы екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстың жыл сайын артып келе жатқандығына тоқталып, қандай жаңа жобалардың іске асып жатқандығын айтты. Осыдан соң екі елдің өнеркәсіп, индустрия саласындағы басшылары сөз алып, өзара атқарылып жатқан істерді тізіп шықты.



Екі елге ортақ іс көп

Елбасы өз сөзінде әлі де атқарылар істердің көп екендігін меңзеді. Ең алдымен Нұрсұлтан Әбішұлы екі ел арасында техногендік апаттардан қорғайтын біртұтас жүйе құру керектігін ұсынды. Ол «Қазақстан мен Ресей елдері Мексика шығанағындағыдай жойқын апаттарға жол бермеуі қажет», – деді. Сонымен қатар Президент трансшекаралық су мәселесін қозғап, Жайықтың жайын айтты. Мемлекет басшысы көтерген бастамалардың қатарында «Сібір өзендерін солтүстіктен оңтүстікке бұру» жобасына оралу туралы ұсыныс та болды. Бұл бастаманы қазақстандық тарап «трансшекаралық өзендердің таяздану проблемасын» шешудің нақты шарасы ретінде ұсынып отыр. «Ертістің таяздану проблемасы көптеген теріс салдарлар әкеледі, ал осы жобаны жүзеге асыра отырып және кеме қатынасын жандандыра отырып, бұл проблемаларды шешуге болады», – деп атап көрсетті Елбасы өз сөзінде. Президенттің айтуынша, өкінішке қарай, «трансшекаралық өзендерді ортақ пайдаланудың теңгерімді, кешенді әдісі жоқ және екі елдің үкіметтері осы проблеманы шешудің бірлескен жолдарын іздестіруі тиіс». Табиғат адамзат жауапсыздығын еске салатындығын айтқан Елбасы ортақ кешендік бағдарламаның жоқтығына тоқталды.



Аймақаралық форумға да бақылау қажет

Ғылым мен инновация, энергия тиімділігі, көлік инфрақұрылымы саласына байланысты бірталай жіті ойларын жеткізген Мемлекет басшысы жетінші рет өтіп отырған бұл форумның нәтижесіне көп көңіл бөлу керектігін баса айтты. Нұрсұлтан Әбішұлы форумда келісілген көптеген жобалардың қаншалықты уақтылы іске асып жатқандығын бақылап жатқан ешкімнің жоқтығын айтып, дәл осы аймақаралық форумның нәтижесін қадағалайтын хатшылық ұйым немесе қауымдастық құру керектігін ұсынды. Бұл ұсынысқа Дмитрий Медведев мырза да қолдау көрсетті. Ресей басшысы «әр форум келесі форум үшін өтпеуі керек» деп, қауымдастық құру туралы тапсырманы үкімет басындағыларға тапсыру керектігін меңзеді.



Медведевті мырзалығымыз таңғалдырды

Ресей Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы көтерген мәселелерге оң көзқарас танытып, тиісінше қолдау болатындығын жеткізді. Д.Медведев өз тарапынан, әсіресе, көші-қон мәселесіне алаңдаушылық білдірді. Ол: «Ресей, Беларусь, Қазақстан азаматтарының өзара қатынауы үшін бірыңғай қадам құру қажет», – деп атап өтті. Сөз арасында көрші ел Президенті қазақстандық өрт сөндірушілерге деген үлкен алғысын жеткізді. «Орман өртін сөндіруде қазақстандық мамандардың тигізген көмегі зор болды, бұл екі ел достығының шынайылығын тағы бір дәлелдеді», – деді Д.Медведев мырза.

Сөз соңында Ресей басшысы Нұрсұлтан Әбішұлына осындай жылы құшақпен қарсы алғаны үшін алғысын жеткізді.

«Сіз бұл жаққа жайлы ауаны да ала келіпсіз. Не ыстық, не суық емес, қонақжай қарсы алғаныңыз үшін алғыс білдіремін», – деді Д.Медведев.



Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Екі күн бойы  Өскемен ынтымақтастық орталығына айналып отыр. Бұл форумның тарихи маңызы да зор. Кешеден бері «екі ел арасында кәсіпорындар 27 келісімшартқа қол қойды» деген мәлімет келді. Биылдың өзінде екі ел арасында 142 бірлескен кәсіпорынды іске қосу қарастырылуда. Бұл үшін барлық дайындықтар жүріп жатыр. Ресейлік ғылыми орталықтармен қарым-қатынасты нығайта түсу де ойда бар. Осы өткен форумның нәтижесі де қадағалануы тиіс.



Дмитрий МЕДВЕДЕВ, РФ Президенті:

– Уақыт деген жылдам екен. Өткенде ғана Орынборда кездесіп едік, енді Өскеменде жүздесіп отырмыз. Мен ең алдымен осы жаздағы Ресейдегі апат – орман өртін сөндіруге қол ұшын бергені үшін қазақстандық мамандарға алғыс білдіргім келеді. Жалпы, сіз айтқан мәселелерге қолдау көрсетеміз. Форум мен форумның арасы босап қалмауы тиіс. Бұл жерде көтерілген мәселелер де жерде қалмауы қажет.



Жалпы, осы форум аясында 63 ресейлік, 53 қазақстандық кәсіпорын өкілдері бас қосыпты. Кешегі күні 27 келісімге қол қойылса, бүгін лауазымды тұлғалар жеті келісімшартқа отырды. Бастапқы келісімдер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына байланысты болғанымен, соңғы жетеуінің маңызы тіпті зор. Өйткені бұлар – сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және трансшекаралық су ресурстарын қорғауға байланысты келісімшарттар.


Автор: Елмейір АХМЕД

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

8 қыркүйек 2010, 12:59
Рейтинг: