
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ (фото)
Қыркүйектің 1-і. Төртінші шақырылған Парламенттің төртінші сессиясының ашылуына әдеттегідей Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп мінберге көтерілгенде, үдере көтерілген жұрт 20 секунд бойы қол соқты. Сессия осылай басталды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Парламент депутаттарының өткен сессиядағы жемісті еңбектеріне ризашылығын білдіріп, алға бірнеше тапсырмалар қойды.
Нан болады, ендеше, ән де болады...
Елбасы «нан бар жерде ән бар» дегендей, жұртты ауыл шаруашылығы саласынан, азық-түлік жағдайынан хабардар етіп алды. Президенттің айтуынша, биыл агроөнеркәсіптік кешенге 220 миллиард теңге қаржы бөлінген. «Бұл қаражаттың ішінде 95 млрд теңге тікелей субсидия болса, 50 млрд теңге лизингтік қолдауға бағытталады. Ал қалған соманың бәрі ауыл шаруашылығын дамытуға арналған жеңілдіктер ретінде берілген», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Бұл Үкіметтің елді азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесіне баса назар аударып отырғандығын айғақтайды.
Биылғы құрғақшылық пен аптап ыстықтың салдарынан еліміздің біраз аймақтарында, әсіресе Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында егістік алқаптар күйіп кетті. «Алайда бұған алаңдайтындай бәлендей бір негіз жоқ», – деді Елбасы. Президенттің айтуынша, былтырғы қалған астықтың есебінен экспорттық әлеуетіміз сол деңгейде қалмақ. «Елімізде астық жетерлік. Сондықтан да ұн мен нанның бағасын тұрақты сақтаймыз», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Үнемдесек – ұтылмаймыз
Жаһандық дағдарыспен арпалыста жеңіске жеткеніміз үшін шүкіршілік айтқан Нұрсұлтан Назарбаев Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелеріне сонда да босаңсымауды ескертті. «Жаһандық дағдарыс толқынымен сәтті күресе білдік. Алайда бұл «енді жайбарақат отыра беруге болады» деген сөз емес», – деді ол. Құбылып тұрған әлемдік экономиканың жағдайы әлі де айқын емес. Осыны көңілге түйіп, алдағы уақытта қандай жағдай болса да, төтеп беруге тас түйін дайын болуға шақырған Мемлекет басшысы ысырапқорлыққа жол бермеу керектігін айтты. «Бүгінде сарапшылар қауымы дағдарыстың тағы бір толқыны келеді деп болжауда. Одан өзге де мәлімдемелер бар. Сондықтан да бізге түрлі сценарийге дайын болу керек. Шығындарды өсіруге әуес болмағанымыз жөн. Мемлекеттік қаржыны үнемдеуіміз қажет, әсіресе, аймақтық деңгейде», – деген Президент Парламент пен Үкіметке даму бағдарламаларына бағытталатын бюджет қаржысын ұтымды пайдалануды бақылап отыруды тапсырды.
«Көптеген мәселені қаржыландыруды арттырусыз-ақ шешуге болады. Мемлекеттік шығынды мүмкіндігінше қысқартып, қаржыны үнемдеу қажет, резервтер құру керек», – деді мәселенің мәнісін нақтылай түсіп.
Бизнестің бағын байлайтын бюрократия қашан жойылады?
Елбасының мәлімдеуінше, бүгінде банктерге кәсіпкерлерден несие алу үшін 517 өтініш түскен. Осыдан-ақ елімізде бизнеспен айналысамын деп құлшынып тұрған қаншама кәсіпкер барын байқауға болады. Соларға қолайлы жағдай жасау керектігін айтқан Елбасы бизнес-климатты жақсартып, мемлекет пен жекеменшік серіктестігін дамыту қажеттігін атай отырып, бизнеске әкімшілік ауыртпалықты төмендетуді, рұқсат ету процедураларын, оның ішінде лицензиялау, сертификаттау мен аккредитациялау шараларын оңтайландыруды тапсырды. «Осы мәселе жөнінде қанша айтып, шара қолдансақ та, сол күйі қалып қоя береді», – деді ол.
Елімізге кімнің келіп, кімнің кетіп жатқанынан хабардар болып отыруымыз керек
Нұрсұлтан Әбішұлы Парламентке көші-қон туралы заң жобаларын қабылдаудың, тұрғылықты жерлерге азаматтарды тіркеу туралы заңнамаларға да толықтырулар мен өзгерістердің қажеттігін ескертті. «Өздеріңізге мәлім, есірткі тасымалдау, террористік ұйымдардың белең алуы сияқты мәселелерден айналада тұрақсыздық орнауда. Сондықтан да елімізге кімнің келіп, кімнің кетіп жатқанынан хабардар болып отыруымыз керек. Көші-қон мәселесімен айналысатын көптеген ұйым бар. Солардан бізге кімдердің келіп, кімдердің кетіп жатқанын сұрай қалсаң, ешқайсысы жауап бере алмайды. Сол себептен де біз бұл жұмысты бір жерге шоғырландырдық, соған сәйкес енді заңнамалық актілер қабылдау қажет болады», – деді Президент.
Жазаға да адамгершілікпен қарайық
Президенттің сөзіне қарағанда, бүгінде Үкімет құқық қорғау қызметі жайында заңнамалардың жобасын дайындап бітіп қалған көрінеді. Заң жобасына сәйкес ұйымдасқан қылмысқа қарсы әрекет жасау туралы заңнамалар күшейтіліп, заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігі енгізілген. Сондай-ақ терроризмді қаржыландыру, заңсыз жолмен табылған қаржыны легализациялау сияқты мәселелердің құқықтық нормаларын күшейту қарастырылған.
Елбасы сонымен қатар қылмысты жазалауды гуманизациялау мәселесіне тоқталып, жазаны жеңілдетуге (декриминализация), әсіресе қоғамға айтарлықтай қаупі жоқ экономика саласындағы қылмыстық жазаны жеңілдетуге бағытталған заң жобалары қабылданатынын айтты.
Автор: Салтан Сәкен Астана
- Блогқа енгізу
- Басып шығару
- Хат жазу
Іздеу
Мұрағат
- Негізгі: Ұлттық батырларымызға шекеден қарауды қашан қоямыз?
- Саяси бюро: Күзге дейін қайта тіркелмеген діни бірлестіктің ел аумағындағы қызметі тоқтатылады
- Ой-көкпар: Отандық телеарналардың шетелдік бағдарламаларды ретрансляция жасауына шектеу қою мүмкін бе?
- Нарық: Коммуналдық қызмет сапасы арта ма?
- Қоғам: Кешегі министрдің бүгінге көзқарасы
- Дат!: Біз кешегіге өкпе артқанмен, бүгінгіге тәубә деп, ертеңгіге үміт артатын ұлтпыз
Бағамдар
| USD/KZT | 0 | 0% |
| EUR/KZT | 0 | 0% |
| RUB/KZT | 0 | 0% |
Ауа райы
Ұсынылды Gismeteo.Ru
| Күндіз | Түнде | ||
|---|---|---|---|
| Астана | -21...-19 | -25...-23 | |
| Алматы | -13...-11 | -15...-13 | |
| Павлодар | -21...-19 | -32...-30 |






Мақалаға қатысты пікірлер: