
Мансұр ХАМИТ (фото)
Үкіметтің кешегі отырысына экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова мен қаржы министрі Болат Жәмішев келіп, үш жылдық бюджеттің жобасын ортаға салды.
Айтжанова ханым «тұсауын» кестіруге бір емес, бірден үш құжат ала келіпті. Олар – 2011-2015 жылдарға арналған Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы мен 2011-2013 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы, сондай-ақ республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала Алматы мен Астана бюджеттері арасындағы 2011-2013 жылдарға арналған жалпы трансферттердің көлемі туралы заң жобасы. Министрдің айтуынша, еліміздің нақты жалпы ішкі өнімінің өсу қарқыны 2011 жылы – 3,1, 2012 жылы – 3,3, ал 2013 жылы 3,5 пайызды құрап, 2015 жылға дейінгі кезеңде орташа есеппен 4,1 пайызға жетеді деп болжанып отыр. «Атап айтқанда, өнеркәсіпті өңдеу саласының өсу қарқыны 2011 жылы 3,4 пайыздан 2015 жылға қарай 7 пайызға өседі. Ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнімі көлемінің өсу деңгейі де 2011-2015 жылдары орташа есеппен 4,3 пайызға жетіп, 2015 жылға қарай 4,8 пайызға көтеріледі. Бұл салаларда өндірілген тауарлардың өсуіне Кедендік одақ шеңберінде ішкі нарықтың кеңеюі де ықпал етеді», – дейді Айтжанова ханым.
2011-2012 жылдар аралығында бір жылдық мемлекеттік трансферттердің көлемі 1200 млрд теңгені құрайды. Экономикалық даму және сауда министрінің айтуынша, бұл көрсеткіштердің бәрі бүгінгі доллар бағамын ескере отырып әзірленген. Ал 2010 жылдың трансферттерін аудару кезінде жылдың аяғындағы жалпы ішкі өнім көлемінің есебінен 20 пайыздық қалдықты қалдыру қарастырылған. Болжам бойынша, 2011 жылы бұл көрсеткіш 24,5 пайызға тең болмақ. Ал Ұлттық қорға келсек, Ж.Айтжанова ондағы қаржы 2010 жылғы тамыздың 1-і күнгі есепке сәйкес, 4 триллион 500 млрд теңгені құрағанын айтып отыр.
Жәмішев жомарттық танытты
Отырыста қаржы министрі Болат Жәмішев елді өзінің «жомарттығымен» ерекше тәнті етті. «2011 жылы республикалық бюджет түсімі 4 трлн 49,5 млрд теңге болады. Бұл – 2010 жылы нақтыланған жоспарға қарағанда 671,1 млрд теңгеге, яғни 20 пайызға артық көрсеткіш. Ал 2012 жылғы түсім 4 трлн 373,8 млрд болса, 2013 жылы 4 трлн 779,4 млрд теңге болады», – деп атап өтті қаржы министрі Болат Жәмішев.
Оның айтуынша, 2011 жылғы бюджет шығыстары – 4 трлн 651,9 млрд, 2012 жылы 4 трлн 955,6 миллиардқа жетсе, ал 2013 жылы 5 трлн 161 млрд теңге көлемінде болмақ. «Бюджет тапшылығы ЖІӨ-ге шаққанда 2,8 пайыз деңгейінде болып, 2011 жылы – 702,5 млрд, 2012 жылы 2,5 пайызға немесе 581,9 млрд теңгеге көп болмақ. Ал 2013 жылы ЖІӨ 382 млрд теңге болады. Бұл бұрынғы көрсеткіштерден 1,5 пайызға артық», – деп атап өткен Болат Бидахметұлы 2010/13 жылдарға арналған бюджет жобасын бекіту барысында ешкімді ренжітпеуге тырысыпты.
Мәселен, білім беру саласына, атап айтар болсақ, 2010-2020 жылдарға арналған білім бағдарламасына деп үш жыл ішінде барлығы 189 млрд теңгеден астам қаржы бөлген. «Бұл білім беру саласын бәсекеге қабілетті етуге және отандық экономиканы көтеруге ықпал етеді», – деп атап өткен ол денсаулық саласына да 832,8 млрд теңге көлемінде қаржы «қиғанын» айтып өтті. «Мұның ішіне емдеу, диагностика, жалпы денсаулық сақтау жүйесін реформалау, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын іске асыру жұмыстары кіреді», – дейді Б.Бидахметұлы. Бұл үшін қосымша 209 млрд теңге бөлінеді.
Бұл жомарттықтан мәдениет саласы да құр қалмапты. Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін 19 млрд теңге бөлінсе, мәдени мұрамызды қайта жаңғырту үшін үш жылда тағы 4,4 млрд теңге бөлу қарастырылған. Ең көп қаржы еліміздегі 2010/14 жылдарға арналған үдемелі индустриялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінген. Бұл үшін бюджеттен 1 трлн 745,2 млрд теңге бөлінбек.
Жәмішевтің «жомарттығына» Үкімет мүшелері тәнті болған болуы керек, ақыры бюджет жобасы мақұлданды. Тек дауыс беру барысында ғана «шикілік» шықты. Күтпеген жерден Премьер-министр: «Үкіметке қарсы болып отырған кім?» – деп әзілдегені. Сөйтсек, министрлердің бірінің дауыс беру тетігі істемей қалыпты. Артынша техникалық қателік дұрысталып, қайта дауыс берілді. Жоба «100 пайыз қолдаймыз» деген пікірмен (барлығы – 18 дауыс) қабылданды.
Автор: Бүркіт НҰРАСЫЛ Астана
- Блогқа енгізу
- Басып шығару
- Хат жазу
Іздеу
Мұрағат
- Негізгі: Ұлттық батырларымызға шекеден қарауды қашан қоямыз?
- Саяси бюро: Күзге дейін қайта тіркелмеген діни бірлестіктің ел аумағындағы қызметі тоқтатылады
- Ой-көкпар: Отандық телеарналардың шетелдік бағдарламаларды ретрансляция жасауына шектеу қою мүмкін бе?
- Нарық: Коммуналдық қызмет сапасы арта ма?
- Қоғам: Кешегі министрдің бүгінге көзқарасы
- Дат!: Біз кешегіге өкпе артқанмен, бүгінгіге тәубә деп, ертеңгіге үміт артатын ұлтпыз
Бағамдар
| USD/KZT | 0 | 0% |
| EUR/KZT | 0 | 0% |
| RUB/KZT | 0 | 0% |
Ауа райы
Ұсынылды Gismeteo.Ru
| Күндіз | Түнде | ||
|---|---|---|---|
| Астана | -21...-19 | -25...-23 | |
| Алматы | -13...-11 | -15...-13 | |
| Павлодар | -21...-19 | -32...-30 |






Мақалаға қатысты пікірлер: