
Мансұр ХАМИТ (фото)
Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 15 жыл толуына арналған «Конституция – мемлекеттің демократиялық дамуының негізі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция кеше елордадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында жұмысын бастады. Тарихи дата қарсаңында ұйымдастырылып, екі күнге жалғасады деп жоспарланған алқалы жиынның ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы Қазақстан халқының осыдан 15 жыл бұрын жасаған таңдауы арқылы еліміздің бағыт-бағдары, жүрер жолы айқындалғанын атап өтті. «Қазақстан 1995 жылы өзінің талғам талқысынан өткен басты құжатын – төл Конституциясын жүрек қалауымен қабылдады. Жасампаздықтың жаңылмас жарғысы болған Конституция біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Қастерлі құндылығымыздың қағидаттарын бұлжытпай орындаудың нәтижесінде біз қысқа мерзімде мызғымас мемлекетімізді орнатып, Тәуелсіздігімізді тұғырлы еттік. Ата Заң Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың кепілі ретінде біздің бірлігімізді бекемдеп, елдегі тұрақтылықтың берік тұтқасы болды. Конституция мемлекеттік биліктің қайнар көзі – халықтың өзі екенін айқындады», – деген Елбасы мерейлі мерекенің 15 жылдығымен жұртшылықты құттықтап, алқалы жиынға қатысушыларға, әсіресе, шетелдік қонақтарға ризашылығын білдірді. Сонымен бірге Мемлекет басшысы бұл тарихи күннің халқымыз үшін маңыздылығына тоқталып: «Әрине, біздің Конституциямыз үшін әлемдегі «көне» Конституциялар секілді ғасырлық мерейтойға әлі ертерек, алайда орындалған міндеттер ауқымынан алғанда, Ата Заңымыздың олармен арасалмағы тең», – деп атап көрсетті.
Болашақта жаңа перспективалар айқара ашылады
Мемлекеттіліктің қалыптасу жағдайында, әлеуметтік-экономикалық және саяси жаңғыру барысында жоғарғы биліктің мығым болуы тиіс. «Мұны көптеген посткеңестік елдерде сәтсіз жүргізілген тәжірибе көрсетіп берді. Конституциялық дамудың 15 жылында Қазақстанда бірде- бір саяси дағдарыс болған емес. Барлық мәселелер қатаң түрде конституциялық ережелер ауқымында шешімін тапты», – деді Н.Назарбаев. Мемлекет басшысының айтуынша, Негізгі Заң, бұл – еліміздің экономикалық өмірін реттеп отыратын барлық заңнамалық базаның ұлы өзегі, айқын тірегі. Қазақстанның экономикалық, саяси жүйесіндегі барша жетістіктер бастауында да Ата Заң тұр. Мәселен, 10-15 жылда ұлттық экономикамызға 100 млрд доллардан астам шетел инвестициясы тартылған болса, жаңа ғасырдың жеті жылында-ақ қазақ экономикасы екі еселенген. Мұнымен бірге соңғы 15 жыл ішінде ЖІӨ 700 доллардан 8 мыңға дейін, яғни 11 есеге артты. Тіпті басым көпшілік елдерді даму үрдісінен жаңылдырған жаһандық дағдарыс кезінде де Қазақстан экономикасы оң үдеріске ие болды. Қазіргі экономикалық өсіміміз де қуатты, барлық макроэкономикалық көрсеткіштер де өсімге бейім. Бұдан бөлек, 1996 жылмен салыстырғанда халықтың табыс деңгейі 14 есеге артса, туу көрсеткіші төрт есе өскен, орташа өмір сүру жасы да ұлғайды. «Алдағы уақытта да Ата Заңды қатаң ұстансақ, біздің елімізге болашақтағы жаңа перспективалар да айқара ашылатыны сөзсіз», – деді Президент. Сөз соңында Мемлекет басшысы Конституция жобасын құру барысында өзіне көмек көрсеткен ғалымдарға алғысын жеткізді. Олардың қазақстандық конституционизмнің қалыптасып-дамуына қосқан өлшеусіз еңбектеріне ризашылығын білдірді. «Конституция бойынша, заң бойынша өмір сүру – қарапайым қажеттілік пен азаматтық міндет қана емес. Бұл – еркін азаматтардың артықшылығы. Өз құқының құнын білетін, басқаның да осындай құқын мойындайтын адамдардың басымдығы. Тек осындай жағдайда ғана біз жекелеген азамат емес, жалпы Қазақстан халқы болып біріге аламыз, қарапайым жұрт емес, азаматтық қоғам бола аламыз. Конституция күні біз Отан алдындағы жауапкершіліктің қаншалықты ұлы екендігін сезінеміз. Ең алдымен мемлекет қызметіндегілердің, еліміздегі мемлекет машинасының «жұмыс істеуін», оның шатқалақтап, тұралап қалмауын немесе зая жұмыс істемеуін қамтамасыз ететіндердің, ақыр соңында мұндай күрделі, аса қымбат тұратын «машинаның» саяси бұлтарыс-жалтарыстарда тоздырмауға кепіл болатындардың жауапкершілігі зор. Біздің әрқайсымыз не үшін қызмет ететінімізді анық сезінеміз. Азаматтардың еркіндігі мен қадір-қасиеті – мемлекеттің ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін сезінеді. Бұл тарихи датаның мәні де, міне, осы», – деп аяқтады сөзін Елбасы.

Елбасы Халықаралық жоғары заңгерлік сыйлықпен марапатталды
Құрамына 12 ел заңгерлерінің 35 қауымдастығы кіретін Халықаралық заңгерлер одағы әуелгіде мұндай сыйлықты Н.Назарбаевтың ағымдағы жылғы мерейтойы қарсаңында беруді жоспарлаған екен. Бірақ оны табыстаудың сәті Конституция мерекесіне арналған жиынға дөп келіпті. Сондықтан да одақ төрағасы Андрей Требков алдымен Мемлекет басшысын ағымдағы жылғы мерейтойымен, барша қазақстандықтарды Ата Заңның қастерлі мерекесімен құттықтап өтті. «Н.Назарбаев – ТМД аумағында, Еуразия экономикалық қауымдастығында, ШЫҰ-да да орын алып жатқан ықпалдастық үдерістердің негізгі бастамашысы. Осының бәрін, сондай-ақ демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құрудағы ерен еңбегіңізді ескере келе, Халықаралық заңгерлер одағы 2010 жылғы жоғары заңгерлік «Фемида» сыйлығын сізге табыс ету туралы шешім қабылдады», – деді А.Требков. Аталмыш абыройлы сыйлық құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам институттарын дамытуға қосқан үлесі үшін көрнекті қоғам қайраткерлеріне беріліп келеді. Сыйлық иегерлеріне белгілі ресейлік мүсінші, Ресей көркемөнер академиясының академигі Михаил Переяслевецтің жобасы бойынша қоладан құйылған, жоғары ерекшелік белгісі – сот төрелігінің құдайы – Фемиданың мүсіні табыс етіледі. 1996 жылдан бастап бұл сыйлықты Ресей Президенті Д.Медведев, Болгария Президенті П.Стоянов, Мәскеу мэрі Ю.Лужков, Еуропа одағы Бас хатшысының орынбасары Г.Крюгер және басқа да бірқатар елдердің көрнекті қоғам және саяси қайраткерлері иеленген болатын.
«Мен заңгер емеспін, бірақ Мемлекет басшысы ретінде бәрімен айналысуға тура келеді. Негізгі Заңды қалыптастыру барысында мен әлемнің 25 елінің Конституциясын зерделеп, өз әріптестеріммен пікірталастыру барысында нақты дәлелді алға тарту үшін конспектілеген едім. Оларға қайсыбір баптар демократияға жатпайтындай көрінген кезде, дереу конспектімді суырып алып, «сонда не, Франция демократиялық ел емес пе?» деуші едім. Міне, біздің Конституция осындай пікірталастар негізінде дүниеге келді», – деп еске алды Н.Назарбаев.
Автор: Қанат Қазы
- Блогқа енгізу
- Басып шығару
- Хат жазу
Іздеу
Мұрағат
- Негізгі: Ұлттық батырларымызға шекеден қарауды қашан қоямыз?
- Саяси бюро: Күзге дейін қайта тіркелмеген діни бірлестіктің ел аумағындағы қызметі тоқтатылады
- Ой-көкпар: Отандық телеарналардың шетелдік бағдарламаларды ретрансляция жасауына шектеу қою мүмкін бе?
- Нарық: Коммуналдық қызмет сапасы арта ма?
- Қоғам: Кешегі министрдің бүгінге көзқарасы
- Дат!: Біз кешегіге өкпе артқанмен, бүгінгіге тәубә деп, ертеңгіге үміт артатын ұлтпыз
Бағамдар
| USD/KZT | 0 | 0% |
| EUR/KZT | 0 | 0% |
| RUB/KZT | 0 | 0% |
Ауа райы
Ұсынылды Gismeteo.Ru
| Күндіз | Түнде | ||
|---|---|---|---|
| Астана | -21...-19 | -25...-23 | |
| Алматы | -13...-11 | -15...-13 | |
| Павлодар | -21...-19 | -32...-30 |






Мақалаға қатысты пікірлер: