Негізгі

Танымал тэгтер: , , , , , Астана

Атамекенге келген ағайынды шеттеткеніміз жөн емес

   0 532
Талғат ТӘНІБАЕВ (фото)

Талғат ТӘНІБАЕВ (фото)

Оралмандар «Бәйтеректе» тұрады

Қызылжар қазақтың тарихи мекені болғанымен, ондағы қаракөздеріміздің қатары сирек. Отыз пайыздан сәл ғана асатын ағайындарымыздың санын көбейту «Нұрлы көш» бағдарламасының арқасында мүмкін болмақ. Облысқа жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оралмандарға арналып салынған «Бәйтерек» ауылында болып, туған жерге табан тіреген қандастарымызбен тілдесті.



Қызылжардың өз «Бәйтерегі» пайда болды. Облыс орталығынан 15 шақырым жердегі сәні мен сәулеті жарасқан жаңа ауыл осылай аталады. «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша мұнда биыл 140 үй салу жоспарланған. Соның алғашқы 70-і пайдалануға беріліп те қойды. Ал қалғанының құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Қоныс тойының үстіне келген Нұрсұлтан Әбішұлымен ата-баба жерін аңсап келген ағайындар емін-еркін шүйіркелесті.

«Шеттен «елім, жерім» деп келген ағайындарды «оралман» деп атауды қою қажет. Ол – өз жеріне келген, өзіміздің ағайындарымыз. Ертең-ақ еліне еңбектері сіңетін, соны мақсат етіп келген бауырларды шеттеткен жөн емес», –деді Президент сөз арасында. Бұл жылы сөз көңіліне жаққан Мұхаммед Қазбеков Нұрсұлтан Әбішұлына жаңа баспанасына кіріп-шығуды ұсынды. Мұхаммед отбасымен биыл ғана Ресейдің Түмен облысынан көшіп келген екен. Төрт баланың әкесі құрылысшы болып істейді. Ал жұбайы Марина үйдің жанындағы жылыжайда көкөніс өсірумен шұғылданбақ. Жылыжай демекші, үйлер ипотекаға берілетіндіктен, оны төлей алу үшін қандастарымызды еңбекпен қамту қажет.

Мамандығы жоқтарын жұмысқа орналастыру оңай болмағандықтан, жергілікті әкімдік әр үйдің жанына жылыжай салып беруді ұйғарған. Тұрғындар бірер аптадан кейін алғашқы өнімді де ала бастайды.



«Ұрпақтар қоры» туу көрсеткішін көтереді

Президент Қызылжар қаласында салынып жатқан 500 орындық емханаға ат басын бұрып, облыстың денсаулық сақтау саласының ахуалымен танысты. 200 мың тұрғыны бар қалада төрт емхана ғана болатын, салынып жатқан бесінші емдеу мекемесі шаһардың солтүстік бөлігінде тұратын 60 мың адамға қызмет көрсетпек. Осы жерде Елбасына «Ұрпақтар қоры» деп аталатын облыстық бағдарлама таныстырылды. Қыркүйектің 1-інен бастап дүниеге төрт және одан да көп бала әкелген ата-анаға әлеуметтік көмек көрсетіледі, яғни кәмелетке толмаған әрбір сәбиіне банктен депозит ашылып, әрқайсысына 1,5 мың АҚШ долларынан салынады. Депозиттегі қаржыны бала 18-ге толған соң өсімімен бірге алып, игілігіне жарата алады. Облыс әкімі Серік Біләлов бұл бағдарламаның арқасында ел бойынша ең ақырғы орындағы туу көрсеткішін едәуір көтеруге болатынын айтты.

Облыстың денсаулық сақтау саласындағы екінші мәселе – маман тапшылығы. Соңғы мәлімет бойынша, емдеу мекемелеріне жоғары білімді 320 дәрігер қажет екен. Тапшылық тым көбейіп кеткен соң, жастарды жергілікті бюджет есебінен оқыту қолға алынған. Осы күзде 32 баланың оқу ақысы төленіп, медициналық оқу орындарына жіберіледі. Ал тағы 68 баланың оқуының қалған жылдарының төлемін әкімдік жауып береді. Басты талап:  жастар диплом алған соң, өңірге келіп еңбек етулері қажет. Нұрсұлтан Әбішұлы жас мамандармен әңгімелесіп, дәрігерлердің мойнындағы жүк ауыр екенін атап өтті. Олардың алдында ана мен бала өлімін азайтып, тұрғындардың орташа жас мөлшерін 72-ге жеткізу міндеті тұрғанын ескертті.

Құрманы Қызылжарда өсіреміз

Елбасының келесі ат басын тіреген жері – «Жол картасы» бағдарламасы аясында қайта қалпына келтіріліп жатқан «Қызылжар оранжереясы» ботаникалық бағы. Мұндай бақ Қызылжардан басқа Алматыда ғана бар. Аталмыш кәсіпорынның директоры Равиль Рязаповтың айтуына қарағанда, ботаникалық бақтың негізі 1912 жылы қаланған екен. Содан бері дүниежүзінің түкпір-түкпірінен әкелінген 1 мыңнан астам өсімдік егіліпті. Олардың ішінде Қызылжар өңіріне Оңтүстік Америкадан 1795 жылы әкелінген құрма ағашы, 300 жылдан астам жасаған африкалық жидекті ағаш бар. Биыл бақты күрделі жөндеуден өткізуге 295,2 млн теңге қаржы бөлініп, игеріліп жатыр. 1,5 гектар аумақ абаттандырылды, қысқы бақтың әйнекті ғимараты биіктетіліп, жаңадан салынды, орамына субұрқақ жасалды. Нұрсұлтан Әбішұлы да бақ ішіне Араб әмірлігінен арнайы әкелінген жас құрма ағашын егіп, Тұңғыш Президенттен ескерткіш қалдырды.

Қазір – облыста орақ науқаны қызған шақ. Биылғы қуаңшылыққа қарамастан, диқандар мол өнімнен үмітті. Гектарынан шамамен 10-12 центнерден астық жиналған күннің өзінде қамбаға 4 миллион тонна бидай құйылады. Егін орағының барысымен Нұрсұлтан Назарбаев та танысты. «Базис-Қызылжар» ЖШС егін алқаптарын аралаған Елбасы диқандармен тілдесті.

– Орақ науқанының барысымен таныстым. Астық былтырғыдай болмаса да, бітік шыққан екен. Ел бойынша 16 миллион тонна өнім алуды көздеп отырмыз. Ол тазартылғаннан кейін 14 миллион болады, былтырғыдан қалған 7 миллион тоннаны қоссақ, қамбамыздағы астық 21 миллион тоннаны құрамақ. Биыл баға да жоғары болады деп күтілуде.  Демек, диқандардың табысы былтырғыдан артық болмаса, кеми қоймайды. Мұның бәрі – қыруар еңбектің және мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлықтың арқасы. Тек биылдың өзінде ауыл шаруашылығына 225 млрд теңге берілді, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев диқандармен өткізген кеңесте сөйлеген сөзінде.

Автор: Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

25 тамыз 2010, 13:21
Рейтинг: