Негізгі

Танымал тэгтер: , , , , , Астана

Ұлан-ғайыр атырап уланып жатыр

   0 675
Абай Омаров (коллаж)

Абай Омаров (коллаж)

Осыдан 45 жылдан астам уақыт бұрын, 1963-1965 жылдары Қарағанды облысының бірқатар аудандарында сол кездегі Бүкілодақтық геология министрлігіне қарасты «Волковгеология» мемлекеттік кәсіпорны кен зерттеу жұмыстарын жүргізді. Кеңестік дәуірдің аса құпия рәсімімен жүргізілген сол зерттеулердің белгісі ретінде облыстың әр түкпіріндегі тау бөктерлерінде үңірейген апандар, ұңғысынан улы ауа иісі аңқыған ұралар қалды. Сондай қазба бұрғылау орындарының бесеуі облыстың Ақтоғай ауданының бес бірдей жерінде әлі күнге елеусіз, елеусіз болса да, аумағына у-зәһарын шашып, қауіп көзі ретінде қараусыз жатыр. Геологтер бұл өңірлерден уран элементінің мол қорын іздеген.



Ақтоғай ауданындағы зерттеу-бұрғылау жұмыстары Қызыларай селолық округіне қарасты Қарасиыр қолатында, Шабанбай селолық округіне қарасты Молдашілік, Жидебай селолық округіндегі Нұртай, Нұркен селолық округіндегі Ақсай және Сарытерек селолық округіндегі Майтас қыстақтары маңында жүргізіліпті. Зерттеу жүргізілген орындардың бірінде геологтер тауды үңги қазса, енді бірінде шахталық құдықтар мен шурфтар арқылы аса терең жер қыртыстарынан радиоактивті уран элементінің қосылыстарын іздестірген екен. Тау қопарған мамандар аймақтан құнды элементтердің түзілістерінің мол қорын таба алмаған соң, бұрғылау орындарын ашық-шашық қалдырып кеткен.

Алпысыншы жылдары қопарылған тау бөктерлері кеңестік дәуірде 40 жылдай қараусыз жатып, аудан халқының өкілдері 1993 жылдың ерте көктемінде сол кездегі Министрлер Кабинеті және Жезқазған облысы басшылығының алдына мәселе қойғандығының арқасында зерттеу жұмыстарының нысанына айналды.




Сол жылы жазда «Волковгеология» кәсіпорнына қарасты №39 геологиялық экспедицияның әуеэкологиялық партиясының тобы қазба орындарын суретке түсіріп, рекультивация жұмыстарының қажеттігін анықтады. 90-жылдары ашық қалған уран кеніштері орындарын рекультивациялау жұмыстарына қазіргі ақша бағамымен 10 миллион теңге қаражат қаралыпты. Бірақ аталмыш қаржы орталықтағы кеңселердің есігінен шықпаған. Тек 90-жылдары аудан көлемінде қазақстандық, ресейлік денсаулық орталықтары, санитарлық-эпидемиологиялық бекеттер бірнеше дүркін зерттеу-сараптама жұмыстарын жүргізген. Бұлардың қорытындылары бойынша халық денсаулығының республикалық орташа көрсеткіштен анағұрлым төмен екендігі анықталған. Анықталған деректер тек статистикалық көрсеткіш ретінде ғана тіркеліп, үкімет тарапынан еш шара қолданылмаған. Бірнеше мысал келтіре кетелік: мәселен, сол жылдардағы зерттеулерге ауданның 13 елді мекенінің 1500-ден астам тұрғыны қамтылған екен. Кешенді дәрігерлік-биологиялық зерттеулер қорытындысы бойынша аудан халқының онкологиялық ауруларға шалдығуы республикалық көрсеткіштен үш-төрт есе артық, эндокриндік жүйе (без аурулары) науқастарының көбеюі бес есе, қан және қан жасаушы ағзалар дерттері төрт-бес есе, жүйке жүйесі және сезім мүшелерінің науқастары төрт-бес есе, ас қорыту органдарының науқасы алты-жеті есе, тері ауруларына шалдығу жеті-сегіз есе артық екендігі анықталған. Бұл науқастарға шалдығу көрсеткіштері сол тұста Семей сынақ полигоны зардабын шеккен аумаққа жататын Павлодар облысының көрсеткіштерінен едәуір асып кеткені белгілі.

Өкініштісі сол – 60-жылдары бұрғылау жұмыстары жүргізіліп, 90-жылдары зерттелген уран кеніштерінің орындары әлі күнге дейін аумағына уын шашып, залалын тигізіп жатыр. Бұл аймақтарда қазір бірнеше шаруа қожалықтары мыңдаған мал өсіріп отыр. Ал жоғары құзырлы орындар уын шашқан уран кеніштерінің орындары бар екенін әлдеқашан ұмытып қалған тәрізді.


Амантай ӘБІЛ, 1990-2000 жылдардағы Ақтоғай аудандық мәслихатының экологиялық комитетінің төрағасы:

– 90-жылдары республикалық СЭС Ақтоғай ауданы аумағында зерттеулер жүргізіп, үлкен экологиялық мәселе бар екенін анықтады. Біз білетін Семей полигонының зардабының ашық қалған уран кеніш орындарының уының кесірінен аудан территориясында табиғи радон концентрациясы мен сыртқы гамма-сәулелену экспозициялық дозасының қуаты аса жоғары екені белгілі болды. Республикалық СЭС аудандағы топырақ және су тұнбаларында «Цезий-137» түзілісінің 40-100 Бк/келі мөлшерінде бар екенін анықтады. Гидрометеорология бас басқармасының ресми мәліметтері бойынша, бұл — республикалық орташа көрсеткіштен — 2,5 есе артық деген сөз. Сол жылдары уран кеніштерін зерттеу орындары ашылған Қаратал, Еңбек, Жәмші ауылдарындағы ұсақ малдың бүйрек-бауырларында, сүтінде «Цезий-137» мен «Стронций-90» қауіпті түзілістерінің бары анықталды. Бұл қатерлі улар өз кезегінде мал өнімдерін тұтынатын жергілікті жұрттың ағзасына тұрақты түрде ауысып келгені анық. Бұған аудан халқының 40 жылдан астам уақыт Семей ядролық полигонындағы жарылыстар зардабын шегіп келгенін қосыңыз. Менің қолымда полигонда жарылыс болған нақты уақыттардағы желдің соғу бағыты мен сол тұстарда аудан халқының денсаулық жағдайын талқылаған ресми құжаттар бар. Осы бұлтартпайтын деректер мен дәлелдер Ақтоғай ауданы халқын Семей полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен аймақ тұрғындары қатарына жатқызуға кепілдік береді. Өкініштісі – бұл шаруа бірнеше жылдар бойы жүзеге асырылмай келеді.



Дерек пен дәйек

Молдашілік кен орнында сыртқа шығарылған кен жыныстарының көлемі – 17 400 текше метр. Орташа радиация мөлшері 60-80 микрорентген/сағат, кей жерлерінде 100 мкР/сағаттан асады;

Майтаста 39 000 тонна жыныс шығарылған. Радиация мөлшері — 35-250 мкР/сағат, кей қауіпті жерлерінде 2500 мкР/сағат болады;

Ақсайда тау жыныстары 9000 текше метрді алып жатыр. Радиация мөлшері — 80-300 мкР/сағатқа дейін, кейбір жерінде 2500-3000 мкР/сағат болады;

Қарасиыр кен орнында 12 258 текше метр тау жынысы қопарылған. Радиациялық сәулелену мөлшері – 40-100 мкР/сағат.

* * *

Аудан көлемінде «Волковгеология» кәсіпорны қопарған, ашық қалған бұрғылау орындары 57 900 текше метрді құрайды. 151 800 тонна кен жынысы үюлі жатыр. Бұл үйінділерде аса радиоактивті «Цезий-137», «Радий-226», «Торий-228», «Калий-40» түзілістері молынан кездеседі.


Автор: Серік САҒЫНТАЙ, Қарағанды

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

20 тамыз 2010, 13:17
Рейтинг: