Негізгі

Танымал тэгтер: , , , , , Астана

Асығыс жасалған алып жобадан ақау шықты

   0 995
Абай Омаров (коллаж)

Абай Омаров (коллаж)

Арал теңізінің аймағында салынған «Көкарал» бөгетінде кеткен кемшіліктер қазір ашық әңгіме алаңына айналып отыр. Оған қыруар қаржы жұмсалды. Қаншама күш-қайратты сарп еткен бөгет те орнатылды. Алайда оның кем-кетік тұстары көпшілікті елеңдетіп отырған жайы бар. Өйткені аталмыш су нысанының мол суды өз деңгейінде ұстап тұруға шамасы келер емес. Оны алып жобаны іске асыру барысында кеткен ағаттық деп санауға негіз бар.



Арал тағдыры адамзат баласын алаңдатты. Көз алдымызда теңіз тартылды. Бұл тұрғыда талай алқалы жиын болды. Алайда олардың барлығы теңізге тамшы болып тамған жоқ. Әншейін әңгіме күйінде қалды да қойды. Елбасымыз елдің жайына алаңдады. Тығырықтан шығар жол іздегенін ешкім жадынан жоғалта қоймағаны белгілі. Осындай толғаныстың арқасында алып жоба өмірге келді. Әрине, теңізді түгелдей сақтап қалу мүмкін емес. Белгілі бір бөлігін аман алып қалуға жұмыла күш салдық. Өткен ғасырдың соңғы жылдарында «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Аралдың солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасы жүзеге асырыла бастады. Алып жобаның бірінші бөлігі аяқталды. Онда кеткен қателіктер қаншама судың шығын болуына алып келіп отыр.

Қазір әлемде су дегенің – қасқалдақтың қанындай қат дүние. Өкінішке қарай, біздің сондай бағалы байлықтың қадіріне жете алмай отырғанымыз жасырын емес. «Көкарал» бөгетінің оған тосқауыл болуға шамасы келмей отыр. Дерек көздеріне сүйенсек, бүгінгі күнге дейін онда 2 млрд текше метрден астам су шығын болған. Ал он жылдың көлемінде 30-40 млн текше метр су текке кеткен. Бұл елдің кәдесіне жарайтын қаншама судың ысырап болғанын айғақтайды.

Алып жоба басталардан бұрын балық аулау ісі де артады деп қалпағымызды аспанға атқан едік. Дегенмен оған да қол жеткізу әзірге мүмкін емес. Жобаның алғашқы кезеңі іске қосылғаннан кейін жылына 11-12 мың тонна балық ауланады деген жоспар жасалған-ды. Судан маржан сүзген жергілікті жұрт бүгінде бар-жоғы 3 мың тонна балықты қанағат тұтады. Басқа қандай амал бар? Себебі сан алуан. Бөгетте балықтардың өтуін тежейтін құрылғы жоқ. Осының салдарынан қаншама балық үлкен теңізге кетіп қалып жатыр. Көктемгі мезгілде Кіші Арал толады. Осы сәтте балықтар да уылдырық шаша бастайды. Үлкен судың салдарынан олар бөгеттің екінші бөлігіне өтіп кетуде. Олардың арасында сол маңдағы арнайы питомникте өсірілетін бекіре тұқымдас бағалы балықтар да шығын болып жатыр. Бұл жағдай неліктен орын алды? Алғашқыда бөгетте балықтардың өтуін тежейтін уақытша құрылғы салынған. Капроннан жасалған тор жүктемеге шыдаған жоқ. Демнің арасында-ақ жарамсыз күйге ұшырады. Металдан жасалған күрделі құрылғылар орнату шығын сметасында қаралмаған көрінеді. Сонда жобаны жасаушылар неге сүйеніп жұмыс істеген? Түсініксіз. Онда кері өткізу құрылғысы да жоқ. Сол себепті уылдырық шашатын балықтар кейін қайта алмайды.



Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ, жазушы-эколог:

– Алып жобаның жүзеге асқанына да төрт-бес жылдың жүзі болып қалды. Осы уақытта іргелі іс өз жемісін бере бастауы тиіс. Дегенмен кезінде кеткен кемшіліктер нәтижесінде осындай олқылықтар орын алып отыр. Жалпы, жобаны жасау барысында ешқандай асығыстыққа жол беруге болмайды. Өйткені оған қыруар қаржы қаралған емес пе?! Онда бір қауым елдің тағдыры да шешіліп тұр деуге негіз бар. Теңіз түбіндегі ел-жұрт ежелгі кәсібіне қайта оралады. Мол судың нәтижесінде осы аймақтың табиғи ортасы да жақсара түседі. Алайда кемшілік орын алды. Енді олқылықтың орнын толтыру мақсатында жұмыс істеуіміз керек. Жақын жылдарда жобаның екінші кезеңі қолға алынатын болады. Сонда осындай кемшіліктерді түзетпесе болмайды. Қыруар қаржы жұмсалған жоба толық деңгейде іске аспаса, оның халыққа тигізетін пайдасы қандай?


Облыс басшылығы бұл мәселені назардан тыс қалдырып отырған жоқ. Жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру мақсатында жергілікті жерде бірнеше мәрте басқосу өтті. Онда «Көкарал» бөгетіндегі жағдай да мамандар талқысына түсті. Жоба бойынша Сарышығанақ бұғазынан да осындай бөгет салу көзделген. Алайда оның тиімсіз тұстары қазірдің өзінде белгілі болып отыр. Оның орнына балама ретінде «Көкарал» бөгетін биіктету әңгіме өзегіне айналды.

Леонид ДМИТРИЕВ, «Қазгипроводхоз институты» өндірістік кооперативінің директоры:

– Бүгінгі таңда жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру басты мәселенің біріне айналып отыр. Бұл жұмыстар негізінде Аралдың солтүстік бөлігін сақтап қалудың екі деңгейлі кезеңі қарастырылған. Дегенмен облыс басшылығы бір деңгейлі жобасын ұсынып отыр. Оның қолайлы тұстары аз емес. Десе де оған қомақты қаржы қажет. Ол көңілден шығады. Уақыт өткеннен кейін өзін-өзі ақтайды. Осылай дегенмен, жобаға біршама толықтыру енгізуіміз тиіс. Бір деңгейлі жоба барысында «Көкарал» бөгетін тағы да бес-алты метрге дейін көтеруіміз қажет. Сондай-ақ су тастау құрылғысын салу да назардан тыс қалмайтын болады.



P.S.

Алып жоба елдің игілігіне айналған. Сол себепті оған немқұрайды қарауға болмайды әсте. Алғашқы кезеңдегі кеткен кемшілікті енді қайталамау – басты міндеттің бірі. Сонда ғана аталған жоба Арал аймағының ажарын аша түсері сөзсіз.


Автор: Әділжан ҮМБЕТ, Қызылорда облысы

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

19 тамыз 2010, 13:02
Рейтинг: