
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ (фото)
Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның құқық қорғау жүйесін реформалау мәселесі жөнінде кеңес өткізді. Оған Премьер-министр Кәрім Мәсімов, Мемлекеттік хатшы – сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, Президент Әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин, Конституциялық кеңестің төрағасы Игорь Рогов, Жоғарғы сот төрағасы Мұсабек Әлімбеков, «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин, Президенттің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат Тәжин, Жоғарғы сот төрағасы Оңалсын Жұмабеков, бас прокурор Қайрат Мәми, Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, сондай-ақ Қазақстанның барлық өңірлерінен құқық қорғау құрылымдарының басшылары қатысты.
Кеңеске қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде Президент халқына арнаған өз Жолдауында еліміздің құқық қорғау жүйесін жаңарту міндетін алға қойғанын атап өтті. «Менің тапсырмам бойынша Құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Ол үлкен жұмыстар атқарды. Күш құрылымдарының қызметіне функционалдық талдау жасалды, проблемалар мен кемшіліктер анықталды. Ауқымды әлемдік тәжірибе зерттелді», – деп атап өткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев комиссия әзірлеген еліміздің құқық қорғау жүйесін жаңартудың негізгі бағыттарын мақұлдады.
Өз баяндамасында еліміздің құқық қорғау жүйесін жаңартудың негізгі бағыттарына егжей-тегжейлі тоқталған Елбасы Үкіметке Парламентпен бірлесіп қолданыстағы заңнамалық базаны жетілдіру жөнінде көлемді жұмыстарды орындауды тапсырды. Елбасының айтуынша, соңғы бес жылдың ішінде құқық қорғау органдарына 160 миллиардтан астам теңге бөлініп, ал олардың әлеуметтік қамсыздандыру көлемі екі есеге өскен.

Елбасы осы кезге дейінгі құқық қорғау органдарының құрылымы, функциялары мен құзыреттері қазіргі қоғамның нарықтық қатынастарына сай келмейтінін сынға алды. Құқық қорғау органдарының басқару жүйесінде бір-бірін қайталап, қызмет түрлері араласып кеткен.
Бағалаудың бүгінгі критерийлері мәселелерді шешуге қабілетсіз. Елбасы өз баяндамасында атап өткендей, ағымдағы жылы азаматтар тарапынан Президент Әкімшілігіне келіп түскен барлық арыз-шағымдарының үштен бірі құқық қорғау органдары мен соттардың қызметіне қатысты болып отыр. Бұрынғы реформалау бағытындағы барлық әрекеттер күткендегідей нәтиже бермеген. Реформалардың шынайы мақсаты бұрмаланып, науқаншылдыққа жол берілді. Көп жағдайда кеңестік тәртіптен қалған бұрынғы қалпын сақтап қалғысы келген шағын ведомстволық мүдделер жалпы мемлекеттің мүдделерінен асып түсіп отырған. Құқық қорғау саласының сын көтермейтініне тоқталып өткен Елбасы Үкіметке және Президент Әкімшілігіне, құқық қорғау органдарына және соттарға келесі негізгі бағыттар бойынша шараларға көп кідірмей кірісуді тапсырды.
«Реформаның маңызды мәселелерінің бірі – өкілеттіктерді нақты бөлу және құқық қорғау органдарын өздеріне тән емес функциялардан босату, қылмыстық істерді тергеу жүйесін оңтайландыру және жалпы құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыру болып табылады», – деген Мемлекет басшысы күштік құрылымдардың өкілеттіктерін нақтылап берді. Реформа бойынша Ішкі істер министрлігінің медициналық айықтырғыштардың қызметіне байланысты функциялары мен өкілеттіктері Денсаулық сақтау министрлігіне беріледі. Ал кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтары Білім және ғылым министрлігінің бақылауына өтетін болады. Сонымен қатар аса маңызды стратегиялық нысандардан бөлек, көлік құралдарын техникалық байқаудан өткізу бәсекелестік ортаға беріледі. Оны өткізуді бақылау бойынша өкілеттіктер Көлік және коммуникация министрлігіне беріледі. Елбасы ІІМ мен Бас прокуратураның ішіндегі үш аймақтық көліктік құрылымды осы органдардың орталық аппаратына кіретін бір құрылымға біріктіруді тапсырды. Бұл бағытта Елбасы Үкіметке Ішкі істер министрлігінің құрамында көші-қон полициясының комитетін құруды тапсырды. Миграциялық полиция комитетінің құрылуы көші-қон процестерін мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыруға және көші-қон ағымдарына бақылауды қатайтуға мүмкіндік береді.
«Нашақорлықпен және есірткі бизнесімен күресті күшейту үшін ІІМ-нің есірткі бизнесімен күрес жөніндегі комитетіне есірткі бизнесімен күрес жүргізетін аймақтық бөлімшелер тікелей бағынышты болады. ІІМ шара қабылдап, әкімшілік қамауға алуды орындау жөніндегі функцияны кезең-кезеңімен Әділет министрлігіне берсін», – деген Елбасы осылайша ішкі істер органдары өздеріне тән емес функциялардан құтылады деп түсіндірді.
Елбасының ұсынғанындай, Ішкі істер министрлігіндегі Криминалдық полиция комитеті мен Тергеу комитеті біріктіріліп, Тергеу жөніндегі комитет болып құрылады. «Біріктірудің өзі қылмыстарды тергеу жұмысының тиімділігін көтеруі тиіс. Мұны жүзеге асырмас бұрын облыстардың бірінде пилоттық жобаны қолға алуға болады. Бірақ мұны жасау керек, өйткені бұл – әлемдік тәжірибе», – деді Елбасы Н.Назарбаев.
Жаңа реформа аясындағы тергеу органдарын және сотқа дейінгі өндірісті жетілдіру өз кезегінде прокурорлардың рөлі мен жауапкершілігін көтеруді қажет етеді. Бұл прокуратураға қосымша міндеттер артып, үйлестіруші рөлін күшейтуді керек етеді.
Құқық қорғау органдарын реформалау күштік құрылымдар мен арнайы органдардың қызметтерінің арасындағы шегін нақтылап береді. Мәселен, Ішкі істер министрлігі трансұлттық есірткі қылмыстарынан басқа, барлық есірткі қылмыстарын тергеумен айналысады, ал экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарды Қаржы полициясы тергейтін болады.
Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін қылмыстарды тергеумен шұғылданады.
Елбасы атап өткендей, Жоғарғы сот жанындағы Сот әкімшілігі комитетінің орнына Жоғарғы сот жанынан Сот қызметін қамтамасыз ету департаменті құрылады. Сөйтіп, таратылған сот шешімдерін орындау жөніндегі органдар және осындай өкілеттіктер Әділет министрлігінің құзырына берілетін болады. Өз кезегінде соттардың, сот приставтарының басшылық қызметіне қатысты ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және өзге де қамсыздандыру жұмыстары Жоғарғы сот жанындағы Сот қызметін қамтамасыз ету жөніндегі департаменттің еншісіне бұйырып отыр.
Реформаның тағы бір тармағы құқық қорғау органдарының аппараттарын оңтайландыруға бағытталған. Бұл мәселені шешу үшін Үкіметке құқық қорғау органдарының тиімді штаттық бірліктерін нақтылау және өзге де ұсыныстарды қарастыру тапсырылды. Орталық және облыстық звеноның басқару аппаратын қысқартудың есебінен қалалық және аудандық құқық қорғау бөлімшелерін күшейту көзделіп отыр. Осындай ауқымды реформаны тиімді іске асыру үшін Үкіметке Парламентпен тізе қосып, жаңа Жарлық талаптарына сай заңнамалық базаны жетілдіру мен түзетулер енгізу жүктелді.
Елбасы атап көрсеткендей, ең алдымен қылмыстық саясатты ізгілендіру мәселесінде шешімді түрде алға жылжу қажет. Бұл үшін қоғамға аса көп қауіп төндірмейтін қылмыстарды бейқылмыстандыруға бағытталған заң жобасы әзірленеді, олар әкімшілік құқық бұзушылықтар санатына ауыстырылып, әкімшілік жауапкершілік қатайтылады. Сонымен қатар мұндай заңда экономикалық саладағы қылмыстарға, әсіресе кәсіпкерлікке құқық қорғау органдары тарапынан қысым жасалмауына, кәсіпкерліктің дамуын ынталандыруға баса назар аударылады. «Біз рейдерліктің, біреудің мүлкін тартып алу жолында бөгет құруға тиіспіз. Біз кәсіпкерлерді тексеру құқығына ие мемлекеттік органдардың санын қысқартамыз», – деген Елбасы жоғарыда аталған шаралардың «бизнестің мемлекетке сенімін нығайтып, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға» мүмкіндік береріне сенім білдірді.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев қылмыстық жазалаудың балама шараларын қолдану аясын кеңейту жолын қарауды ұсынды. «Түрмелердегі халықтың санын азайту мақсатында бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазалар мен шаралардың балама түрлерін, сондай-ақ медиация институтын дамыту арқылы бітімге келу процедураларын қолдану аясын заң жүзінде кеңейту қажет. Бұл әсіресе аса ауыр емес экономикалық қылмыстарға қатысты, егер шығын өз еркімен өтелсе», – деген Президент қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді одан әрі оңайлатуға, оның жеделдігін, оның ішінде тергеумен ынтымақтастықтағы айыпталушыларға қатысты ынталандыру нормаларын енгізу арқылы арттыруға, қылмыстық сот ісін жүргізуде бітімгерлік рәсімдерді кеңейтуге, қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалтуды ұйымдастыру және жүзеге асыру жөніндегі функцияларды жергілікті атқарушы органдардың қарамағына беруге, тергеу кезіндегі ұзаққа созбалауды қысқартуға, азаматтардың өмірін жеңілдету мақсатында қылмыстық істер бойынша өндірісті оңтайландыруға қатысты шараларды қолға алуды тапсырды. Сондай-ақ Елбасы қылмыстық процестер шеңберінде «кінәсін мойындағаны туралы келісім» институтын тануға болатынын айтты. Бұл қылмыстық істерді тергеу барысындағы былық-шылықтарды азайтуға, тергеу органдарының жұмысын оңтайландыруға, азаматтардың қатысуын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бұдан өзге құқық қорғау саласына кірудің бірыңғай стандартты жүйесі және оларды әлеуметтік қолдаудың, сонымен қатар соттар мен сот қызметіне кандидаттар үшін жоғары критерийлердің бірыңғай әдістемесі енгізіледі.
Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құқық қорғау жүйесінің демилитаризациялануын қолдайтынын білдіріп, погон тағатын адамдардың санын қысқарту керек дегенді айтты. «Құқық қорғау жүйесін демилитаризациялау жөніндегі жұмысты бастау керек. Қосалқы қызмет атқаратын мыңдаған адам погон тағады. Погонды әр ведомствода негізгі функцияларды атқаратындар ғана тағуға тиіс. Келесі кезеңде біз бұл мәселені әлемдік тәжірибені ескере отырып қарастырамыз. Сонымен қатар қызметкерлердің мүдделері ескерілуге тиіс, жалақылары, кадрлық құрамның сапасы төмендемеуге тиіс», – деген Елбасы құқық қорғау органдарының азаматтық қоғам институттарымен бірлесіп жұмыс жасауын, олар өз жұмыстарында қоғамдық пікірмен толықтай санасуын, бұл үшін халықпен ынтымақтасып, жиі кездесулер өткізуін, тиісінше түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керектігін ескертті.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев жекеменшік детективтер институтын құруды енгізу мәселесін пысықтауды тапсырды. «Жекеменшік детектив институтын енгізу заңдылықтар мен құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, мемлекет мүддесін сақтауға байланысты бірқатар шарттар мен шектеулермен қатар жүруі тиіс», – деді Елбасы. Бұдан былай әкімдіктер (жергілікті атқару органдары) Үкімет алдында қоғамдық қауіпсіздік саласындағы күрес нәтижелері туралы тұрақты есеп беріп отырады. Олар да құқық бұзушылықтың алдын алу мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселесінде жауапкершілікті мойнына алатын болады.
Елбасы тапсырмасы бойынша әкімшілік реформа жүргізу жөніндегі ведомствоаралық комиссия құқық қорғау және сот жүйелерін жаңғыртумен байланысты жұмысты жалғастырып, күштік органдардың қызметіне талдаулар жасап отыратын болады. Ал Қауіпсіздік кеңесіне барлық күштік құрылымдардың жұмысын үйлестіріп, олардың жұмысын қадағалау міндеті жүктелді. «Қабылданған шаралар құқық қорғау және сот жүйесінің тиімділігін арттырып, біздің азаматтарымыздың құқығын әділ және шынайы қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретініне сенемін», – деп атап көрсеткен Елбасы жиыннан кейін құқық қорғау саласында ауқымды реформаларды жүзеге асыру бағытында «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Заңға қол қойды.
Кеңес барысында еліміздің Құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жетекшісі, Премьер-министр К.Мәсімов сөз сөйлеп, Мемлекет басшысына атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Реформаның негізгі ережелері бойынша Бас прокурор Қ.Мәми, Жоғарғы сот төрағасы М.Әлімбеков, ішкі істер министрі С.Баймағанбетов, сондай-ақ бірқатар облыстық құқық қорғау ведомстволарының басшылары сөз сөйледі.
- Блогқа енгізу
- Басып шығару
- Хат жазу
Іздеу
Мұрағат
- Негізгі: Ұлттық батырларымызға шекеден қарауды қашан қоямыз?
- Саяси бюро: Күзге дейін қайта тіркелмеген діни бірлестіктің ел аумағындағы қызметі тоқтатылады
- Ой-көкпар: Отандық телеарналардың шетелдік бағдарламаларды ретрансляция жасауына шектеу қою мүмкін бе?
- Нарық: Коммуналдық қызмет сапасы арта ма?
- Қоғам: Кешегі министрдің бүгінге көзқарасы
- Дат!: Біз кешегіге өкпе артқанмен, бүгінгіге тәубә деп, ертеңгіге үміт артатын ұлтпыз
Бағамдар
| USD/KZT | 0 | 0% |
| EUR/KZT | 0 | 0% |
| RUB/KZT | 0 | 0% |
Ауа райы
Ұсынылды Gismeteo.Ru
| Күндіз | Түнде | ||
|---|---|---|---|
| Астана | -21...-19 | -25...-23 | |
| Алматы | -13...-11 | -15...-13 | |
| Павлодар | -21...-19 | -32...-30 |






Мақалаға қатысты пікірлер: