Негізгі

Танымал тэгтер: , , , , , Астана

Әншілер руын фамилияға айналдыруға неге әуес?

   4 1137
Абай Омаров (коллаж)

Абай Омаров (коллаж)

Рушылдық қазақтың қанына сіңіп алғандығы соншалық, тіпті кейде «біз осы ұлт болып қалыптасқанбыз ба өзі» деген күмәнді сауал өздігінен туындайды. Кезінде Абылай ханның өзі «үш жүздің басын қоса алмадым-ау» деп текке арманда кетпеген-ау шамасы... Қанша ғасыр бойы қазақ болып, тұтаса алмай жатқанда, басқа емес, көп алдында жүрген өнер жұлдыздарының өз атына руын жалғап алып жүргеніне не дерсіз? Мысалы ма? Айталық, Нұрлан Албан, Аша Матай, Сара Найман, Ақылбек Жеменей, Майра Керей... Ә дегенде тіліміздің ұшына келе қалғандарының өзі осынша...



Барлығы да — ел сүйіп тыңдайтын, өнерде өзіндік орнын қалыптастырып үлгерген белгілі әншілер. Бұлардың ішінде бастапқыда басқа атпен, яғни өзінің тегімен шыққандары да бар. Мысалы, таңдайына бұлбұл ұялаған Майра әнші алғашында Мұхамедқызы болып шыққандықтан, жұрт оны әлі күнге солай атаудан жаңылар емес. Тегін кенет Керей деп ауыстырғанда, шыны керек, барша қазақ Майраға бір түрлі тосырқай қарады. Оның мәнін әншінің өзі «Еуропа жұртының Мұхамедқызы деген ұзын текті айтуға тілі келмейтіндігімен» түсіндіруге тырысты. Сондай-ақ сол тұстағы исламға деген теріс көзқарас «Мұхаммед» атауына үрке қарап, қасиетті есімді көзге шыққан сүйелдей көрсе керек. Сол себепті Мұхамедқызы Керейге айналды.

Руға-жүзге бөліну, тіпті өз руын ұлтынан жоғары қою деген мәселе төңірегінде өзге емес, әншілердің өзі не ойлайды? Мәселен, әнші Сәкен Майғазиев баспасөз бетіндегі сұхбаттарының бірінде: «Маған Шымкент, Атырау деп бөлетіндер ұнамайды. Сосын қазір автокөліктердің артына руларының атын жазып алу сәнге айналыпты. Қатарласып келіп, бетіне «не деген бейшара, не деген қараңғы едің» деп аянышпен қараймын. Деңгейі, намысы руынан аспайды.

Оларды халық, ел, қазақ, Алаш, тарих деген қызықтырмайды. Ондай адамдарды рухани мүгедектер деп санаймын. Мақтансам, менің де руымнан небір батырлар, шешендер, көсемдер шыққан. Ата-бабамыз бізге ру сұрасуды бөлінсін деп жаттатқызбаған, қан тазалығын сақтай білсін деп үйреткен. Бізге қазір руға бөліну емес, ұлт болып ұйысу қажет», – депті. Бұл – ұлттық деңгейде ойлай алатын нағыз саналы азаматтың көзқарасы.

Әншілердің арасынан руын ныспыға айналдырғандарды бөлек қарастырып жатқандағы ойымыз – ала қойды бөле қырыққандық емес, тек жалпы мәселені жалқы адамдар тұрғысынан қарауды жөн көргендік. Жалқы адамдар болғанда да, әншілердің әрбір ісі, әр сөзі, әр қадамы жұртшылық назарында. Олар қалай жүріп-тұрады, қалай киінеді, қай жерде өзін қалай ұстайды – көрермен ешбірін қалт жібермейді. «Сенген қойым сен болсаң...» дегендей, сахна төрінде жүрген әншілеріміз ұлттық рухтың биігінен көрінудің орнына өз руының атын «айғайлатып» жатса, онда өзгелерге не өкпе? Амалсыз тарихтан тағылым іздейміз. Бүгінгі ХХІ ғасыр тұрмақ, бұдан екі ғасырдай бұрын өмір сүрсе де, дауысы алты қырдың ар жағынан естілетін Біржан сал, Ақан сері, Кенен, Мәди, Мұхит, Үкілі Ыбырай, Иманжүсіп, Қапез сияқты талай әншілер өз руын тегіне жалғап бөлінген жоқ қой? Ал бүгінгі бізге не жорық?

Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарих ғылымының докторы, профессор:

– Біз – қазір мемлекет құрып жатқан халықпыз. Мемлекет құру деген – бұл ұлт болып ұйып, бірігу деген сөз. Ал енді осы тұста өзіміз біртұтас ұлттық идеология қалыптастыра алмай отырғанда өнердегі азаматтарымыздың мұндай қылық танытуы жақсы үрдіс емес. Меніңше, руының атын ту қылып сахна төріне алып шығып жатқан әншілеріміз өздерінің неге бой алдырып, нендей қауіпке жол ашып беріп жатқандығын түсінбейтін секілді. Сондықтан мен оларды «айналайындар» деп тұрып, өз қателіктерін кешікпей түсінуге шақырар едім. Мейлі, кім болсын, руға бөлшектеу, рулық сананы қоздыру арқылы абыройға кенелмесі анық. Өйткені өнер дегеннің өзі – ұлттық құндылық, сондықтан ұлы өнер тек ұлттық деңгейде көрініс табады. Сондықтан рулық сана деңгейінен өсуіміз керек.



Түйін

Осы тұста бір ғана Ерболаттың «Мен – қазақпын!» әні көпке қандай серпіліс бергенін еске алсақ. Тіпті орыстілді қазақтардың өзі тілін икемге көндіріп, қосыла шырқағаны өтірік емес. Бұл да – әннің көпке ықпал ете білу құдіретіне мысал. Ал керісінше ұлттық биіктен рулық деңгейге түсіп жүрген әншілер ең құрығанда «Көшпенділердегі» кішкентай Әбілмансұр, яғни болашақ Абылай ханның досы Ералының «Біз Мансұр екеуміз – қазақпыз!» деген сөзін еске түсірсе! Сол айтқандай, біз қашан кеудемізді керіп тұрып, «біз қазақпыз» дейтін шынайы ұлттық сана-сезім биігінен көрінер екенбіз?


Автор: Мәриям ӘБСАТТАР

Мақалаға қатысты пікірлер:

Dauren Abdiramanov (08.08.2010 11:34)
Rushildiktan korikpau kerek. Anau aitti minau aitti dep rushildikti jamandai beru agattik. Kazakti ozge elderden ereksheleitin de nak osi rushildik. Eldi uistiratin tirek ol.
Jeken (09.08.2010 11:36)
"Ал енді осы тұста өзіміз біртұтас ұлттық идеология қалыптастыра алмай отырғанда өнердегі азаматтарымыздың мұндай қылық танытуы жақсы үрдіс емес". Бұл тарихты терең біледі деген азаматтың айтып отырған пікірі. Шын мәнінде Мәмбет ағамыз осы пікірін айтар алдында Қазақтың ертедегі фамилиясы руымен аталғанын ескерді ме екен? Қанжығалы Бөгенбай, Қара керей Қабанбай, Шапырашты Наурызбайларды ойына неге алмаған. Олардың бұл қылығын да рушылдыққа жатқызды ма екен? "Ев пен овтан" қашып, әт-Тарази немесе Итбай деп фамилия алу шынайы қазақылыққа бастай ала ма? Қазақта: "Қай баласың?" деген сауалға " "Найманның пәленшесімін" деп ескілікті көрген естілердің жауап беретінін әлі де көре аламыз. Сонда мұны да рушылдыққа жатқызамыз ба? Осыны елге ой салар журналистің де, белгілі тарихшының да ескермегені өкінішті-ақ!..
Jeken (09.08.2010 11:48)
"Баспасөз оқырман үшін қызмет етеді" деуші еді. Әлде мен оқырманға жатпаймын ба? Менің пікірім неге берілмей отыр?
Әбдірашит Бәкірұлы (10.08.2010 12:32)
Солайы солай ғой, Жекен. Әр ру локалды аймақты мекендеген заманда ру атынан батыр-шешендер шығып, өз руларының ғана емес, жалпы, Алаш мүддесін бірлесе қорғаған. Әрине, ол кезде де ішкі бақталастық болмады дей алмаймыз. Бірақ, сыртқы жаудың десі басым еді. Сол себепті де, ол заманның қазақтары Батырлары мен Шешендерін, Билерін руға бөлмей ардақтай алды. Іштен шыққан басбұзар тентектерін тезге сала алды. Ал бүгінгі жағдай басқаша. Енді, қазақтар рулық белгісі бойынша бір жерлерге тұрақтап отырған жоқ. Рулар мидай араласып кетті, олар еліміздің әр түкпіріне тарыдай шашылды. Енді, Алаш мүддесімен біріккен рулық мақсат ("Алашым аман болса руым да аман" деген мағынада) маңызын жойды да, ру - тек туыстық қатынас белгісіне айналды. Оны осы, "туыстық" мағынасында қолдана берсек, онда одан ешбір зардап жоқ. Бірақ, біз оны көбіне "руаралық қатынас" ретінде қолданып, өзара келіспей қаламыз. Қазіргі қазақ мемлекеті "руаралық келісім" негізінде емес, "азаматтарының қабылдаған ортақ Конституциясы" негізінде өмірге келгенін, Конституциямыз бәрімізге ортақ негізгі заң екенін оп-оңай екінші қатарға ығыстыра саламыз. Біз енді, "азаматтық" деңгейді бірігу кезеңіне тап келіп отырмыз. Мұнда Рулар емес, алдыңғы қатарға Ұлттар шығады. Ал мемлекеттің ішінде "ұлтаралық қатынастың" маңызы артады. Енді, бұрынғы "рулық бәсекелестіктің" орнына "ұлтаралық" бәсекелестік қалыптаса бастайды. Бұл процесс ұлттардың ұлт ретінде дамуы арқылы жүзеге аспақ. Ендеше, осы, жаңа жағдайда, қазаққа "ұлт ретінде тезірек даму" үшін бұрынғы "рулық санасын" ретімен "ұлттық санаға" қарай ойыстыруы қажет. Яғни, біз "Майра Керей" дегенде, оның "Майра" деген жағымен (әншілік өнерімен)мақтанатын, ал "Керей" оның тегін ғана білдіретін "тіркес сөз" ретінде қабылдайтын жағдайға жетуіміз керек. Бірақ, біз, өкінішке орай, әлі де "Керей" деген жағын (арғын, найман, дулат, қоңырат, беріш, адай т.б. дей беріңіз) мақтан тұтып, шекісіп қала береміз. Ақыр соңында "керей - найманнан, дулат - адайдан т.б. (мысал үшін алған тіркес) "түңіліп, "қойшы сенің керейіңді (найманыңды, дулатыңды т.б.) деп шыға келеміз. Солай келе-келе, болашақта олардың әрқайсысы өзге руларды төмендететін, өз руын ғана жалаулататын нығыз "ру патриоты" деңгейіндегі күрескерлер болып шығады. Ақыр соңында "қазақтың ұлт болып ұйысамын" деген мүддесіне қарсы насихат жұмысымен айналушыларға айналады. Яғни, біздің дамып кеткенімізді, бірігіп зор күшке айналғанымызды қаламайтын кейбір қарсы жақтың (мысалы: Қытай делік...) "қолшоқпарына" айналғандарын өздері сезбей қалады. Кейде біреулері "мен руымды әспеттеу арқылы, бүкіл қазағымның мәртебесін көтерудемін" деп шіренеді де! Бірақ, түпкілікті мағынасында жағдай өзгеріп кеткенін, енді "сөйлесең бүкіл қазақ атынан сөйлеу қажеттігін" ұқпайды... Міне, осы жағдайдағы "рушылдық" бізге қолбайлау болып тұр.

Пікірдің қосылуы

7 тамыз 2010, 18:13
Рейтинг: