
ҚР ПРЕЗИДЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН РЕСЕЙЛІК ҒАЛЫМДАРДЫҢ ЕЛБАСЫНЫҢ БИЫЛҒЫ ЖОЛДАУЫ ТУРАЛЫ ЖИНАҒЫ ШЫҚТЫ
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауы елдің 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын айқындаған маңызды тарихи құжат болды. Сондықтан да болса керек, «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты бұл Жолдау қазақстандықтар үшін ғана емес, өзге көршілес мемлекеттерде де айтулы жаңалық ретінде қабылданып, көпшілік арасында қызу талқыланды. Атап айтқанда, Ресейдің белгілі саясаткерлері мен қоғам қайраткерлері, ғалымдары мен сарапшы мамандары Елбасының биылғы Жолдауы жайында көптеген жылы пікірлер айтты. Олар алға айқын мақсат қойып, өрлеудің жаңа кезеңіне батыл қадам басқан Қазақстанның алдағы жылдарда да қарқынды дамитынына сенім білдіреді. Өз елдерін, тіпті түгел ТМД мемлекеттерін татулық пен тұрақтылықтың тал бесігіне айналған көпэтносты әрі көпконфессиялы Қазақстаннан үлгі алуға шақырады.
Ресейлік ғалым-сарапшылардың аталған Жолдауды жан-жақты талқылаған пікірлерінің біршамасы жуықта Қазақстан Президенті Баспасөз қызметінің атсалысуымен «Деловой мир» баспасынан «Жаңа Қазақстан» сериясы бойынша жарыққа шыққан «2020 Стратегиялық жоспары: көшбасшылыққа бастайтын қазақстандық жол» (Астана, 2010 ж.) атты ұжымдық жинаққа топтастырылған еді. Біз оқырман назарына сол басылымдағы мақалалардың ең маңызды тұстарынан үкілі үзінділер ұсынып отырмыз.
Юрий СОЛОЗОБОВ, Ресей Ұлттық стратегиялар институтының Халықаралық бағдарламалар директоры, саясаттанушы:
...Тарихи мәні жағынан ҚР Президентінің халыққа Жолдауын бұрынғы АҚШ Президенттерінің бірі Рузвельттің дәуірлік мәні бар «Жаңа бағытымен» салыстыруға болады. Естеріңізге сала кетейін, АҚШ-тың атақты 32-Президенті – Франклин Делано Рузвельттің «Жаңа бағыты» 1933 жылы Американың «Ұлы дағдарыстан» шығуы үшін іске асырыла бастаған. Бұл стратегиялық бағдарлама 1930 жылдардағы ауыр дағдарыс уақытында жағдайды жылдам тұрақтандыруға көмектесіп қана қоймады, сондай-ақ Американы кейіннен ірі алпауыт елге айналдыратындай бірнеше он жылға алдын ала даму жолын айқындап кетті. Ең бастысы, «Жаңа бағыт» АҚШ-та ауқымды орта тапты – заманауи демократия және нарықтық экономика тірегін құрды.
...Бүгінде Қазақстан экономикасы дағдарыс салдарларын сәтті жеңіп қана қойған жоқ, сондай-ақ инновациялық-индустриялық даму даңғылына мақсатты түрде батыл қадам басып үлгерді. Осы бір стратегиялық жоспарлау іскерлігін Астанадан үйренуге болады.
Александр ХИНШТЕЙН, Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты:
– Қазақстан Президентінің Жолдауы көршілерімізде біздің Ресей үлгі аларлықтай бірқатар мәселелер барын көрсетті.
Біздің мемлекеттеріміздің және халықтарымыздың әріптестік пен бауырластық қарым-қатынастарды дамыта беретініне сенемін... Түсінікті бір жайт – екінші Кеңес Одағы болмайды. Бірақ халықтарымыздың тарихи тағдырластығы бізді бір-бірімізді қолдап жүруге міндеттейді. Ресей мен Қазақстан ары қарай да сенімді серіктес болуы керек.
Сергей БИРЮКОВ, Саяси ғылымдар академиясының академигі, саясаттанушы:
– Қазақстан асқан ыждаһаттылықпен әзірленген 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспары бар ТМД елдерінің ішіндегі санаулылардың бірі.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қоғамды дамудың жаңа сапалы деңгейіне алып шығатын қайта құрудың жүйелі жоспарын әзірлеп, жүзеге асыра алатын аз ғана мемлекеттік көшбасшылардың бірі ретінде сипаттауға болады. Бұл – Нұрсұлтан Назарбаевты Кемал Ататүрік, Шарль де Голль, Дэн Сяопин және У.К.Кекконен сияқты ұлттық реформаторлармен бір қатарға қояды. Президент Назарбаевтың саяси стиліне тән ескі мен жаңаның, ұлттық дәстүрлер мен әлемдік тәжірибенің, эволюциялық амал-дар мен «технологиялық ілгерілеушіліктің» үйлесуі оның реформаторлық бастамаларының жетістікке жетуіне ықпал етеді.
Михаил ДЕЛЯГИН, Жаһандану мәселелері институтының директоры, экономика ғылымының докторы:
– Шын мәнісінде, бұрынғы кеңестік кезеңнен кейінгі барлық жылдарда Қазақстан алға батыл қадам басып келеді. Мәселен, республикада ішкі жалпы өнімді екі есеге өсіру мақсаты сөз жүзінде қалып қойған жоқ. Айырықша атап өтейін, жас Тәуелсіз ел бұл мақсатқа көздеген уақыттан екі жыл ерте – 2008 жылы банк жүйесіндегі ауыр дағдарыстарға қарамастан қол жеткізді. 2009 жылы жаһандық дағдарыс бүкіл әлемді дүр сілкіндіргенде, Қазақстан экономикасы 1,1 пайызға, оның ішінде, өнеркәсіптік өндіріс 1,7 пайызға өсті. Н.Ә. Назарбаевтың өзі атап көрсеткендей, Қазақстан «оң өсу қарқыны бар елдердің «серпінділер тобынан» табыла білді».
Ресей Федерациясында либералды әлеуметтік реформа мектептер мен ауруханаларды жаппай жабуға (әсіресе ауылдық жерлерде) соқтырған онжылдықта Қазақстанда, керісінше, 652 жаңа мектеп және 463 денсаулық сақтау нысаны ашылды. Азаматтарын алаяқтардың құрбанына айналдырмай, үлестік құрылысты аяқтау шығынын да көтеруді қолға алды.
Виктор ИВАНТЕР, Ресей Ғылым академиясы (РҒА) Халық шаруашылығын болжау институтының директоры, РҒА академигі, РҒА қоғамдық ғылымдар бөлімінің мүшесі (экономика секциясы), РҒА ғылыми даму мәселелері институты кеңесінің мүшесі:
– Қазақстан экономикасының алдына қойылып отырған мақсаттар – шынайы. Оларды Қазақстанның қолында бар ресурстар есебінен жүзеге асыруға әбден болады, солай болуға тиіс те. Екінші жағынан, аталмыш жоспарлар сыртқы қауіп-қатерлерден жеткілікті мөлшерде қорғалған. Қазақстан Президентінің Жолдауында ұсынылған идеялар Ресей үшін де өте маңызды.
Сергей ЕВСТРАТЬЕВ, Ресей жаратылыстану ғылымдар академиясының академигі, экономика ғылымының докторы:
– Біздің ғаламшарымызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сияқты халқымен қоян-қолтық араласа алатын мемлекет басшылары санаулы ғана. Оның «Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық даму – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы осы пікірді тағы бір дәлелдеді. Президенттік Жолдау бір жағынан, кешенді әрі жүйелі, екінші жағынан нақты және бұған дейінгі істермен сабақтасып жатыр.
Қазақстан және оның көшбасшысының табыстарын бұлай жоғары бағалау – мүдделі бақылаушының асыра мақтағаны емес. Көптеген беделді халықаралық ұйымдар да Қазақстан Республикасының іс-әрекетіне жоғары баға беріп отыр. Мысалы, солардың арасында елдерді алалап таңдау әдеті жоқ, ең ірісі Біріккен Ұлттар Ұйымын (БҰҰ) атап айтуға болады. БҰҰ-ның 2009 жылғы баяндамасындағы жаңалықтың маңызы ерекше. Онда Қазақстанның адами әлеуеті жоғары елдер қатарына кіргені жазылған.
Владимир НИКИТАЕВ, БҰҰ ЮНИДО Халықаралық өнеркәсіп ынтымақтастығы Ресей Федерациясындағы орталығының кеңесшісі, ЮНИДО – ЕурАзЭҚ жобасының үйлестірушісі:
...Тағы бір назар аударарлығы, Ресей саясаткерлерімен салыстырғанда, Қазақстан Президенті мақсаттар қойғанда «индустриялдық даму» терминін қолданудан қашпайды, «бұл – ол туралы шынайы тұрғыда ойлайтын мемлекет қайраткері» деген пікірді растай түседі.
Әлбетте индустриялдық дегенді мұнда кең мағынада түсіну керек, оның құрамында өнеркәсіп қана емес, энергетика да, ауыл шаруашылығы да – адамның өмірлік маңызды қажеттіліктерінің өтелуін қамтамасыз ететін экономика секторлары да бар. Осы секторлардың әрқайсысында Қазақстан табиғи бәсекелестік артықшылықтар секілді (ең жоқ дегенде, аймақтық деңгейде), кеңес заманында негізі қаланып, кейіннен жаңа мемлекет аясында дамыған жақсы әлеуетке ие.
Игорь Николаев, Ресейлік ҚБК компаниясы стратегиялық сараптама департаментінің директоры, экономика ғылымының докторы:
– Президенттің халыққа Жолдауында инновациялық қана емес, индустриялдық дамудың да айтылатыны әбден орынды. Қалыптасқан нақты экономиканы нығайту міндеттерін «болашақтың экономикасын» құрумен шебер үйлестіре білу керек.
...Үлкен саясаткерлерге мақсаттарды жалпылама түрде құру анағұрлым оңай әрі қауіпсіздеу деуге болады. Қарапайым тілмен айтқанда, бос мәлімдемемен құтылу. Алайда мұндай жағдайда стратегиялық сипаттағы құжаттардың іс жүзіндегі маңызы күрт төмендейді. Бірақ Президент Н.Ә. Назарбаев – өз қызметінде толып жатқан көпсөзділік пен арзан сәуегейлікке жол бермейтін мақсатшыл әрі іскер саясатшы. Құрғақ уәде оның стиліне жат, Нұрсұлтан Назарбаев – парасатты прагматик және өзіндік саяси саласының барша кезеңдерінде сарабдал реалист болып келеді.
Михаил РЕМИЗОВ, Ресей Ұлттық стратегиялар институтының президенті:
– Бұл Жолдауда жаңғыртудың риторикалық пакеті емес, стратегиялық жоспары құрастырылған. Бұл – экономика мен қоғамды жаңартудың мұқият ойластырылған бағдарламасы.
Мақсаттар айқын қойылып, оларды жүзеге асыру жоспары беріліп, көзделген жетістікке қол жеткізудегі табыстылықтың нақты индикаторлары нақтыланған (белгілі бір мерзімде орындалуы тиіс өңдеу өнеркәсібінің сандық үлесі, еңбек өнімділігінің өсім деңгейі және т.б.). Тағы бір аса маңыздысы: Назарбаевтың Жолдауында жауаптылар көрсетілген – ол Қазақстан Үкіметі, даму институттарының басшылары, өңірлік жобалардың орындаушысы болып табылатын әкімдер. Осы ретте аймақтық жобаларды іске асыруда барлық корпорациялар мен мемлекеттік ведомстволардың үйлестірілуі мен ынтымақтастығын қамтамасыз етеді.
Меніңше, Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандықтарға Жолдауының басты басымдығы – жаңа индустрияландыру бағыты, бұл Ресей үшін де аса маңызды екенін ескеруге тиіспіз.
Дмитрий АНДРЕЕВ, «Политический класс» журналы бас редакторының орынбасары, ресейлік «Новости» ақпарат агенттігінің сараптама кеңесінің мүшесі, саясаттанушы:
– Қазақстандағы индустрияландыру жұмыссыздықпен күресудің негізгі құралы ретінде қарастырылса, бізде жұмыспен қамту мәселесі бойынша кеңесшіл бастама – деиндустрияландыру фактісіне сүйеніп әрекет қылмақ.
Сайып келгенде, ресейлік модернизация формулаларының тағы бір оғаштау қырын айтпай кету мүмкін емес. Дмитрий Медведев «и» әрпінен тізбек құра айтылатын маңызды ұғымдардың (институттар, инвестициялау, инфрақұрлым, инновация, интеллект) ішінен «Индустрияландыру» деген басты сөзді айтпай отыр. Неге? Бізге бұл соғысқа дейін сабақ болды деген берік ұғымға қатысты ма? Әлде Хрущевтің кезінде ғарышқа ұшу арқылы түбегейлі меңгеріп болдық па? Не болмаса мүлде конюнктуралық себеппен, барлық айып-күнәларға сталинизмді кінәлайтын қатып қалған «кеңестік терминологияға» жүгінбеу үшін бе?
Сайып келгенде, қазақстандық модернизациялаудың ресейлік жобаға қарағанда, анағұрлым айқын әрі жіті – әлеуметтік қайшылықты саяси көзқарастардан аулақ екені аңғарылады. Егер «гамбургтік есеп» бойынша Астана мен Мәскеудің стратегиялық жоспарлауын салыстырсақ, 1:0 есебімен Қазақстанның пайдасына шешіледі.
Павел СВЯТЕНКОВ, «Даму институты» қоры басқармасының мүшесі, Саяси жаңалықтар агенттігі сараптамалық департаментінің директоры, саясаттанушы:
...Кеңестік кезеңнен кейінгі жылдарда табысты дамып келе жатқан көрші Қазақстан ресми Мәскеу үшін үлгі тұтатындай өнеге бола алады. Әрі оның да, Ресейдің де бастапқы жағдайы бірдей. Түптеп келгенде, екі мемлекет те таратылған КСРО-ның одақтас республикалары, екеуі де Одақ құлағаннан кейін бір мезгілде өз бетімен күн көре бастады. Екі елде де шикізат секторының пайдасына әлі де болса айқын экономикалық ауытқу бар. Онда неге Қазақстан Ресейге қарағанда басымырақ жетістіктерге қол жеткізді?
Бұл сұрақтың жауабын қазақстандық реформа үлгісінің өзі-ақ айқындап тұр. Егер жуырдағы оқиғаларға көз жүгіртсек, мұның мәні – Нұрсұлтан Назарбаев тұспалдап айтқандай, «алдымен экономика, сосын – саясат». Міне, біздің сарапшыларды толғандырған теория жүзіндегі тұйықталудан шығудың бірден-бір жолы – осы! Бұл мүмкіндікті бізге өмірдің өзі ұсынды әрі Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың саяси кемеңгерлігінің арқасы.
Михаил КРУТИХИН, RusEnergy компаниясының серіктесі әрі сарапшысы:
– Бүгіндері инвестиция тарту бойынша Қазақстан, мысалы, жер қойнауын пайдалану, активтер сатып алу мен өнімдерді экспорттауға арналған көліктік инфрақұрылымды пайдалану үшін лицензиялар алатын шетелдіктерді ашықтан-ашық кемсітуге ұшыратқан Ресейден анағұрлым алда келеді.
Ең бастысы – жаһандық құлдырау жағдайына қарамастан, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елінің инвестициялық сенімділігін нығайтып қана қойған жоқ, сондай-ақ ол Қазақстанға тікелей шетелдік инвестицияларды молайта отырып, әлемдік қауымдастық аясындағы көшбасшы елдердің қатарына қосты. Бүгінде Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігіндегі басты артықшылық – оның дүниежүзі инвесторлары сенетін және құрмет тұтатын ұлттық көшбасшысы.
Андрей СПАРТАК, Бүкілресейлік ғылыми-зерттеу конюнктуралық институтының директоры, экономика ғылымының докторы, профессор:
– Тәуелсіздік жылдарында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ауыл шаруашылығын халықаралық аграрлық нарықтың маңызды факторына айналдырды. Ауыл шаруашылығындағы шешуші реформалардың, ілгері басқан заңнамалық базалар жобасы, ауқымды мақсатқа сай инвестиция мен аграрлық саланың ұтымды жетекшілігінің арқасында Қазақстан бүгіндері жаһандық азық-түлік қауіпсіздік жүйесінің ықпалды нысанына айналды. Бұл – Қазақстан Президентінің арқасында атқарылған елеулі еңбек.
Кирилл ПРИВАЛОВ, журналист-жазушы, «Золотое перо России – 2009» жүлдесінің, Француз Республикасының «Өнер және шығармашылығы үшін» орденінің және «Еңбегі үшін» орденінің иегері:
– Мен Францияға жиі барып тұрамын, онда халықтың әртүрлі топтарында достарым көп, оның ішінде жоғары рангтағы саясаткерлер мен бизнесмендер де бар. Айқын байқағаным: соңғы бес-алты жылда Қазақстанға деген қарым-қатынас және бұл мемлекетті қабылдау айтарлықтай өзгерді. Ол туралы көзқарастар жақсы жағына қарай күрт ауды. Әлбетте, бұл, ең алдымен, осы мемлекеттің өзінің харизматикалық көшбасшысы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бар болғандықтан болып отыр. Қазақстан Президентінің тұлғасы мен қуатының таңғалдырмауы мүмкін емес. Ресейден кейінгі екінші үлкен еуразиялық мемлекет өзінің табиғи байлығымен де, өзінің индустриясымен де, өзінің тәуелсіз әрі толерантты саясатымен де, өзінің көпэтносты бірегей қоғамымен де еуропалықтардың ой-өрісін баурап алды...
Валерий ХОМЯКОВ, Ұлттық стратегиялар жөніндегі кеңестің президенті:
– Бұл Қазақстан халқына жаңғыру рухындағы Жолдау болды. Президент Жолдауының бұрынғы кеңестік кеңістік елдерінің өзара ықпалдастығын нығайту туралы айтылған тұсы өте маңызды деп санаймын. Осы тұста Нұрсұлтан Назарбаев тарихи тұлға ретінде өткен жылдардың басқару тиімділігін теріске шығармайтын және өз тәжірибесін екпінді жаңашылдықпен табысты ұштастырған саналы басшы болып айқындалды.
Қазақстан Президентінің тарихи Жолдауынан ресми Мәскеудің алар тәлімі көп деп санаймын. Тек Ресей ғана емес.
Р.S.
Айтылған ой-пікірлерге қарап, Қазақстан бағындырған биіктерге құдайы көршіміз – Ресей қоғамы да қызыға қарайтынын байқауға болады. Оның үстіне, биылғы жылдың басынан Қазақстан, Ресей, Белоруссия үштігі құрған Кедендік одақ өз жұмысын бастағаны белгілі. Мұндайда одақтастардың бірінің қоғамындағы маңызды жаңалыққа өзгелері де жауапкершілікпен қарап, жұртшылыққа кеңінен түсіндірілуінің маңызы зор.
ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалық етіп, үшінші мыңжылдықтағы алғашқы саммитін өткізген Қазақ елі өз Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейлі межесіне осылайша өзге жұрт өнеге тұтарлық істермен аяқ басып отыр.
- Блогқа енгізу
- Басып шығару
- Хат жазу
Іздеу
Мұрағат
- Негізгі: Маскүнемдер медбикелерге бағынбай жатыр
- Саяси бюро: Қазақстанның бастамасы Бразилияда қолдау табады деген үміттеміз
- Қоғам: Тест дауы басылмай тұр
- Тағылым: Сүлеймен бидің асы
- Өркениет: Арқаның алтын аруы
- Дат!: Бар ақпарат ұлттың өзін-өзі сезінуіне, өзін-өзі танып-білу үрдісіне қызмет ете бастауы керек
Бағамдар
| USD/KZT | 147.72 | |
| EUR/KZT | 187.46 | |
| RUB/KZT | 4.71 |
Ауа райы
Ұсынылды Gismeteo.Ru
| Күндіз | Түнде | ||
|---|---|---|---|
| Астана | +18...+16 | +9...+7 | |
| Алматы | +23...+21 | +21...+19 | |
| Павлодар | +14...+12 | +7...+5 |






Мақалаға қатысты пікірлер: