
Кеңес заманынан бері «өзіміздің Сабыр, ұлты өзбек» деп ұлықтап, ол туралы кино түсіріп, ерлігін дәріптеп келген өзағаң өткен жылы Совет Одағының Батыры, генерал Сабыр Рақымовтан бас тартты. Жай бас тартып қана қойған жоқ, Өзбекстандағы осы уақытқа дейін батырдың атымен аталып келген барлық нысандардың, елді мекендердің аттарын алмастырды. Ол аз болғандай, елін сыртқы жаудан қорғаған батырға Ташкент қаласының қақ ортасында қойылған ескерткішті құлатты. «Өзіміздің ұлттық батырымыз» деп келген өзағаңның өзеуреп, Сабырға келгенде сабыры кетуіне не себеп болды екен? Бәлкім, айды етекпен жауып болмайтынын түсінген ала шапанды ағайын Сабыр Рақымовты өзбек ете алмайтынын білген соң, шамасы осындай қадамға барған-ау?!
Этникалық қазақ екенін біле тұра, қазаққа бергісі келмей, қайтсек те өзбек етеміз деген ала шапанды ағайын Сабыр Рақымовтың ұлтына тіс-тырнағымен жабысып келді. Әрбір қаладан, ауылдан көше аты берілді. Талай елді мекен, мектеп батыр есімімен аталды. Ескерткіштер тұрғызды. Алайда неге екенін қайдам, әйтеуір біз оны ұлықтауға, ала шапанды ағайыннан арашалап алуға аса талпына қоймадық. «Сабыр Рақымов – қазақ» дегеннен әріге аспадық. Батыр есімі кейбір қалаларда елеусіз көшені ғана еншіледі. Тек соңғы жылдары ғана туған ауылы Қазығұрт пен Шымкент қаласындағы Республикалық әскери мектеп-интернатқа (бұрынғы Суворов училищесі) Сабыр Рақымовтың аты берілген.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, Мәжіліс депутаты:
– Батыр бабаларымыздың ерлігін дәріптеу кейінгі ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуде маңызы зор. Ал қазақтың батыр ұлы Сабыр Рақымовтың ерлігі жайлы қазіргі жастар біле бермейді. Сондықтан «125 жылдық, 150 жылдық» деп күтіп отырмай, батыр бабамыздың 110 жылдық мерейтойын тойлап, ерлігін дәріптеу керек. Ол кісінің Отанын жаудан қорғаған кезде жүрегінің түбінде қазақ халқы бірінші орында тұрғанына ешкім де күмән келтірмес. Астана – бірлік пен ынтымақтастықтың символы, еліміздің бас қаласы. Сондықтан Сабыр Рақымовтың ескерткіші Астана қаласының төрінен орын алуы керек.
Сабыр Рақымовты әлемге өзбек етіп көрсетпек болған «әкәлар» батырдың жесірі Құралай Натуллаеваны (Сабырова) талай рет ебін тауып, Алматыдан Ташкентке көшіріп әкеткен. Алайда текті атадан тараған, Әліби Жангелдиннің туған қызы, Құралай апамыз өмірінің соңғы демі таусылғанша асыл жары, халық батыры Сабыр ағаның қазақ екенін дәлелдеумен келді. Дәлелдеді де. Қазақ екенін мойындаған ала шапанды ағайын, міне енді, қазақтың батыр ұлын қазағына қайтарды.
Өмірбаяндық дерек
Сабыр Рақымов 1902 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында дүниеге келген. Кейіннен Ташкент қаласындағы балалар үйінде тәрбие алады. Балалар үйінде тәрбиеленіп жүргенде өзағаңдар «ұлты өзбек» деп жазып жібереді (әртүрлі айла-тәсілмен талай қазақты өзбек етіп жаздырып жіберген).
1922 жылдан Қызыл армия сапында қызмет етіп, басмашылармен күресте көрсеткен ерліктері ескеріліп, Сабыр Рақымов Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталады. Ұлы Отан соғысы кезінде 1942 жылы дивизияны басқарып, 1943 жылы генерал-майор атанады. Әскери шеберлігі мен ерлігіне тәнті болған Сталин генерал Рақымовқа «Темір генерал» деген лақап ат берген. Сұрапыл соғыстың соңғы күндерінде, 1945 жылдың 26 наурыз күні Польша жерінде болған жойқын ұрыста «Темір генерал» ерлікпен қаза тауып, денесі Ташкентке әкеліп жерленеді.
Ұлы Отан соғысының батыры, Орта Азиядан шыққан жалғыз генерал Сабыр Рақымовтың соғыс майданында көрсеткен ерлігі ескерусіз болған жоқ. Ол Ленин, Қызыл Ту, ІІ дәрежелі Суворов, ІІ дәрежелі Кутузов, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған.
Қан майданда көрсеткен ерліктері үшін Кеңес Үкіметі генерал Сабыр Рақымовты 1967 жылы Совет Одағының Батыры деген ең жоғары атаққа лайық деп табады.
Енді ешкіммен жаға жыртысып, ешкімге, ештеңені дәлелдеудің де керегі жоқ. «Өзағамызбен арадағы туыстыққа сызат түседі» деуге де себеп жоқ. Тек қазақы жайсаңдыққа салмай, даңқын дәріптеп, батыр ұлдың тиісті бағасын беретін сәт туып, орайы келіп-ақ тұр. Өйткені 2012 жылы Совет Одағының Батыры, даңқты генерал Сабыр Рақымовтың туғанына 110 жыл толады. Осы мерейлі датаны жоғары деңгейде атап өту үшін арнайы комиссия құрылып, дүбірлі шара өткізсек, батыр рухы алдында арымыз таза болар еді. Астана не Алматы қаласынан батырға арнап ескерткіш тұрғызсақ та артық болмас.
Автор: Қалдар БЕК
- Блогқа енгізу
- Басып шығару
- Хат жазу
Іздеу
Мұрағат
- Негізгі: Маскүнемдер медбикелерге бағынбай жатыр
- Саяси бюро: Қазақстанның бастамасы Бразилияда қолдау табады деген үміттеміз
- Қоғам: Тест дауы басылмай тұр
- Тағылым: Сүлеймен бидің асы
- Өркениет: Арқаның алтын аруы
- Дат!: Бар ақпарат ұлттың өзін-өзі сезінуіне, өзін-өзі танып-білу үрдісіне қызмет ете бастауы керек
Бағамдар
| USD/KZT | 147.72 | |
| EUR/KZT | 187.46 | |
| RUB/KZT | 4.71 |
Ауа райы
Ұсынылды Gismeteo.Ru
| Күндіз | Түнде | ||
|---|---|---|---|
| Астана | +18...+16 | +9...+7 | |
| Алматы | +23...+21 | +21...+19 | |
| Павлодар | +14...+12 | +7...+5 |






Мақалаға қатысты пікірлер: