Ғайып ерені қаққан ғажайып ғибадатхана

   0 1057

Халыққа алапат апат алып келген Қызылағаш трагедиясынан кейін осы ауылға арнайы сапар шектік. Біз барғанда онда құтқару қызметі жоғалған адамдардың денесін іздестіріп, табылғандарын үйінділер арасынан шығарып жатыр екен. Жермен-жексен болған ауылдың үстімен жүріп келе жатып, бір кезде ғаламаттың куәсі болдық. Су ағызып кеткен ауылда Құдай үйі – қасиетті мешіт дін аман қалыпты. Жағамызды ұстап, Алла тағаланың шексіз құдіретіне тағы да бас идік!


Хақ қорғаған бұл мешіт


Тасқыннан кейін ауылдағы мешіттің дін аман сақталуына қатысты тұрғындар екі түрлі пікір айтады. Алғашқылары бұл – Алланың жердегі адамдарға берген панасы, сондықтан құдіреттің күшімен мешіт айтарлықтай бүлінген жоқ деседі. Ал енді тұрғындардың екінші бір бөлігі «мешітке екі жыл бұрын ғана күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, мұнымен қоса мешіттің іргетасы берік қаланған болатын, сондықтан да қасиетті үйді су шайып кете алмады» деген ойларын білдірді. Мұндайда мешіттен кейін салынған үйлердің ойран болғаны ойлантпай қоймайды. «Менің ойымша, мешіттің аман қалуына құдіреттің күші себеп болды. Себебі мешіттің айналасындағы үйлер түгел дерлік қирап қалған, ал қасиетті үйдің тек кейбір жерлері ғана зақымданды», – дейді Қызылағаш ауылының Лескен деген азаматы.


Намазхана да назарынан тыс қалмаған


Осыған ұқсас оқиғаға 2007 жылы республикалық «Айқын» газетінің қызметкерлері де куә болды. «Сол жылы біз төрт қабатты ғимараттың екінші қабатында отыратынбыз. Редакция тар болғаннан кейін шатырдан шағын ғана намазхана аштық. Бір күні ғимараттан үлкен өрт шығып, үшінші, төртінші қабаттар түгел жалынға оранды. Біз намазханамызда қалған заттарымыз да жанып кеткен шығар деп ойладық. Бірақ Алланың құдіреті, намазханадағы барлық дүниелеріміз аман қалыпты. Тіпті намаз кестесі жазылған парақтың өзіне де ештеңе болмаған. Біз ондағы өрттің күлі де тимеген жайнамаз, кілем, басқа дүниелерімізді алып, кейіннен басқа ғимаратқа көшіп кеттік», – дейді бес уақыт намазын қаза қылмайтын «айқындық» әріптестеріміз.


Әулиеге Алла – жар


Ақтөбе облысына қарасты Алға ауданында Кеңес үкіметі кезінде М.Горький атындағы ұжымшар болған. Сол елді мекенде сүйегі көмілген Есет батырдың әулиелігіне қатысты жұрт неше түрлі аңыз-әңгіме өрбітеді. Соның бірі – 1979 жылы жергілікті биліктің тапсырмасымен Есет батырдың мазарын қиратқан жас жігіттің көп ұзамай ажал құшқаны туралы. Кезінде Черняев отрядының Түркістанға келіп Қожа Ахмет Яссауи кесенесін 11 мәрте зеңбірекпен атқылағаны тарихтан белгілі. Алайда әулиенің кесенесін құлата алмай, патша әскері діңкелері құрып, кері қайтуға мәжбүр болады. Мәшһүр-Жүсіп Көпеев те – қазақтың бір әулиесі. Қызыл өкімет кезінде Мәшһүр атамыздың зиратын құлатуға да тапсырма беріледі. Алайда тапсырма алған тракторлар ілгері жүре алмай, бұзыла берген деседі...


Мұның бәрі Жаратқанға жалбарынар ғибадатханаға да, ғибадаты асқан әулиеге де жалғыз Жаратушы жар боларын көрсетеді. Тек біздің ғибадатымыз жетіспей жатыр-ау...

Автор: Нұрмұхаммед ЕСТАЙБЕКҰЛЫ

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

3 сәуір 2010, 11:45
Рейтинг:  

Іздеу

Мұрағат

8 ақпан 2012
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
  1234567891011121314151617181920212223242526272829    

Бағамдар

Валюта бағамы 01.01.1970
USD/KZT 0 0%
EUR/KZT 0 0%
RUB/KZT 0 0%

Ауа райы

Болжам 08.02.2012
Ұсынылды Gismeteo.Ru
  Күндіз Түнде  
Астана -16...-14 -22...-20
Алматы -12...-10 -17...-15
Павлодар -16...-14 -17...-15