Астана түркі әлемін тербетіп келеді

   0 456

Астананың туған күніне орайластырып өткізу дәстүріне айналған игі шараның бірі – түркі әуендерінің «Астана-Арқау» фестивалі. Түркі өркениеті өкілдерінің, оның ішінде түркінің әуезді сарынын кеңінен насихаттаушылардың басқосуына әсем Астана осымен төртінші мәрте ұйытқы болды.

Түркі әуенінің баға жетпес жауһарларымен жұрт­шы­лықты жанастыратын «Астана-Арқау» фестивалі кезекті рет жоғары дейгейде тәнті етті. Туыстас өнер майталмандары арқылы түркі халықтарының әуенімен көпшілік қайта қауышты. Алтай аумағынан шығып, шартарапты әуезімен бірге шарлаған, сол арқылы батыс пен шығыс тыңдармандарын бірдей таңғал­дырған киелі өнердің биылғы қадамы да қауым үшін ерекше әсер қалдырды. Өзіндік ерекшелігі бар түркілік әуен әлемінің астаналық дәстүрлі жыр фестивалі барысында шамандық әндерді орындаудан бастап, шаңқобызға арналған үздік өнер компози­циясы, көме­кеймен ән айту, эпикалық және аспаптық компо­зициялар, Орта Азия мен Қазақстан, Қап тауы мен Анадолы, Еділ бойы мен Сібір түркілерінің лирика­л­ық әндері, алуан стильдегі және неше түрлі мазмұндағы ән-әуездер жұртшылықтың жүрегіне жол тартты. «Астана-Арқаудың» биылғы фестиваліне Түрікменстан мен Өзбекстаннан, Түркия, Башқұртстан, Якутия мен Алтайдан, Тыва және өзге де түркітілдес елдерден өкілдер қатысты. Көрермен көңілінен шыққан кеште башқұрттың қурайы мен алтайлықтың топшурынан, өзбектің дутарынан әсем әуен төгілді. Ұлы түркі музыка өркениетінің бір бөлігі болып табылатын дәстүрлі қазақ музыкасы (фольклор және кәсіби музыка – ән, күй, жыр, терме, дастан) да шыңына жете шарықтап, Құр­ман­ғазының «Қайран, шешем», Махамбеттің «Жұмыр- Қылышы» тартылды. Халық әндері «Желкілдек пен Айжан-ай», Біржанның «Айтбайы» мен Мұхиттың «Паң­­көйлегі», Шаманың «Шама» әндері орындалды. Ұлы дала әндерінің, әуендерінің біршама көпүнділігі мен әртүрлілігі тыңдарманға паш етілді. Әртүрлі тарихи жанрдағы орындаулар барысында фестиваль қонақ­тары ежелгі тәңірлік көзқараспен, мұсылман әлемімен және ХХ ғасырдың реалиясымен байланысы бар әр­түр­лі стиль және мазмұндағы эзотериялық бірегей әуендерден ләззат алды.

Ең бастысы, жиналған халық түпкі негізімен қайта қауышқандай бір серпілсе, түркі жайылған өңірден кел­ген өкілдер де ортақтықтың ортаймағанына шү­кірлік айтты. Музыкадағы бірліктен, ортақтықтан таралатын әртүрлілікті жақындастыруға Астана арқылы дем беріліп отырғанына түркітілдестердің ризашылығы байқалды. Олай болса, адамзаттың классикалық мұрасы ретінде мойындалған эпос және көмекеймен ән салу тәрізді қасиетті жанрларға жан бітіретін «Ас­тана-Арқау» мерекесі Астанамен бірге жасай бермек. Астана «Астана-Арқау» арқылы осындай құдіретті дамытуды жүзеге асырып келеді. Асыра да бермек.

Автор: Қанат Қазы

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

6 шілде 2011, 13:03
Рейтинг:  

Іздеу

Мұрағат

18 мамыр 2012
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
 12345678910111213141516171819202122232425262728293031   

Бағамдар

Валюта бағамы 18.05.2012
USD/KZT 147.72
EUR/KZT 187.46
RUB/KZT 4.71

Ауа райы

Болжам 19.05.2012
Ұсынылды Gismeteo.Ru
  Күндіз Түнде  
Астана +18...+16 +9...+7
Алматы +23...+21 +21...+19
Павлодар +14...+12 +7...+5