Нарық

Танымал тэгтер: , , , , ,

Астық экспортында асығымыз алшысынан түсер ме екен?

   0 370

Парламент сессиясының ашылуында Елбасы Үкіметке ішкі нарықтағы нан мен ұн бағасының тұрақтылығын сақтауды тапсырған еді. Осы міндетті жүзеге асыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі жақында өңірлерді аралап, астықты аймақтың ахуалын біліп қайтты. Нәтижесінде, ішкі тұрақтылықты бекемдей түсу ниетімен министрліктің барлық облыстармен және Алматы, Астана қалаларымен арада астықпен қамтамасыз ету туралы меморандумына қол қойылды. Елдің несібесіне біткен егінді ысырапсыз пайдалану енді осы пәтуа аясында жүзеге аспақ.



Бидайдың тоннасы – 26 500 теңге

Алдымен Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау облыстары секілді астығы аз аймақтарды аралау барысында арнайы меморандум жасалса, астығы бітік болжанатын облыстармен келісімге келу рәсімі өткен сенбіде елордада болып өтті. Меморандумның негізгі мақсаты – астық, нан және ұн бағасын уыста ұстау үшін әр өңірдің, әрбір орталық органның міндетін анықтау. Бұл ретте «ҚазАгро» ұлттық компаниясының міндеті былтырғыдай шаруалардан астықты сатып алу ғана емес, өңірлер сұранысын жеткілікті деңгейде, тиісті көлемде қанағаттандыру болып отыр. «Болжамдарға сүйенсек, болашақта әлемдік нарықтағы бидай бағасы қымбаттай түсуі бек мүмкін. Бірақ әлемдік нарықта астық бағамы қандай болса да, ішкі нарықта баға тұрақтылығы сақталады. Бұл – біздің басты міндетіміз, ал сіздердің міндеттеріңіз – меморандумға сәйкес, жеткізілген астықты мақсатты пайдалануды қамтамасыз ету. Екіншіден, нанның, ұнның бағасын тұрақты бақылап отыру. Осы міндеттер атқарылса, еліміздегі баға тұрақтылығын уыста ұстауға мүмкіндік болады», – деді ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев меморандумға қол қою рәсімі барысында. Дегенмен нарық тұрақтылығын сақтаудың негізгі тетігі шаруалардан астықты лайықты бағамен сатып алуға қатысты болып отыр. Биылғы жылы «ҚазАгро» осы жолмен сатып алынатын бағаны тоннасына 180 доллар, яғни 26 мың 500 теңге етіп белгілепті. «Нанның өзіндік құнына астық пен ұн бағасынан бөлек, энергия, жалақы төлеу мен басқа да өтелімдер (амортизатор) әсер ететіні белгілі. Осыны ескере келе, нан бағасындағы астықтың құны қаншалықты болуы тиістігін есептеп шықтық. Биыл бұл шамамен тоннасына 26 мың 500 теңге болып отыр», – деді «ҚазАгро» ұлттық холдингінің басшысы Асылжан Мамытбеков.

Тоқтала кететін жайт, былтыр «ҚазАгро» холдингі астықтың тоннасын 165 доллардан алған болатын.

Астық тапшылығы болмайды

Соңғы екі жыл қатарынан егін бітік шығып, жиын-теріннің сәтті жүргізілуі арқасында астық алу рекорды екі мәрте жаңартылған еді. Сондықтан да былтыр егінді жинауға емес, оны өткізуге қатысты біршама қиындықтар орын алғаны да рас. Оның үстіне шаруалардың маңдай    тері зая кетердей әлемдік нарықтағы бидай құны да құлдыраудың шегіне жеткен болатын. Сондай қауіптің алдын алу үшін Үкімет өткен жылы астықты Қытай асырып, кәрістерге дейін жеткізуге ұмтылғаны есте. Ал биылғы жағдай Қазақстанда ғана емес, әлемдік нарықта да өзгеше. Дегенмен астық үшін мазасызданудың реті жоқ тәрізді. Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарындағы күйіп кеткен егінді қоспасақ та, 13,5-14,5 млн тонна түсім болжануда. Қамбада былтырдан қалған астық тағы бар. Сондықтан ресми органдардың әлгіндей меморандум жасап, бар егінді дұрыс үйлестірсек деген ниеті де осыны аңғартса керек. Ал ондай меморандумның күші 2011 жылдың қазанына дейін, яғни келесі жылғы жиын-терінге дейінгі сақталып, бір жыл бойы астық бағасының тұрақты болуына әсер етеді.

Астық экспортының ауқымы кеңи ме?

Ресейдің басым өңірлерінде орын алған құрғақшылық салдарынан астықтың төмен түсімі теріскейдегі көршіміздің ішкі нарығына ғана емес, әлемдік астық нарығына да өз өрнегін сала бастағанға ұқсайды. Яғни биылғы қуаңшылық нарықтың басты ойыншыларына, оның ішінде Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктеріне де біршама өзгерістер енгізетіні айқын. Әрине, бұл үшін ең алдымен биылғы түсімді ысырапсыз жинап алумен бірге, сыртқа шығарылатын бағдарды да оңды болжай білген орынды. Өйткені қазіргі күні Ресей астықты сыртқа сатуға тыйым салып қана қойған жоқ, өз ішінде қамту жолдарын да қарастыруда. Ресейдегі бірқатар өңірлердің Қазақстанға сұрау сала бастағаны – соның көрінісі. Мәселен, бұған дейін Татар басшысы елімізден жемдік мақсаттағы астық алуға ниетін білдіріп кетсе, ендігі күні Кавказ елдеріне қазақстандық астықтың жөнелтілу мүмкіндіктері ойластырылып жатқанға ұқсайды. «Кавказ елдері бұған дейін астықты Ресейдің өзінен алып келсе, биылғы жылы жоспарлаған ауқымын қазақстандық нарыққа қарай бағдарлай алады. Сонымен бірге, Ресейдің экспорттық шектеуіне орай, Орталық Азия нарығына жеткізілетін қазақстандық астық көлемі де арта түсуі әбден мүмкін», – дейді А. Мамытбеков. Шындығында, Орталық Азияның біршама елдері Ресей астығының негізгі тұтынушылары болатын. Олай болса, бұл нарықта да Қазақстанның ұстанымы бекіп, бос кеңістікті толық сезінуге мүмкіндігі бар. Дегенмен «ҚазАгро» басшысы «әлемдік астық нарығынан Ресейдің шет қалуының арқасында оның орнын бірден Қазақстан басады» деген пікірмен келіспейді. Әрине, бұл ретте біріншіден сыртты жарылқамай тұрып, ішкі нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды екендігі бесенеден белгілі. «Екіншіден, тасымалға қатысты шығынды есептесек, біздің бұлай істей де алмайтынымыз бірден айқындалады. Бәсекеге қабілетті бағаның болу тиістігін естен шығармау керек. Жалпы, Қазақстанның өзіне қолайлы теңдестірілген әрі кепілді экспорттық нарығы бар. Соны игерсек те шүкір», – деді А. Мамытбеков.



Түйін

Бірқатар деректерге қарағанда, дүниежүзінде 1,5 млрд-қа жуық адам ашаршылық жағдайын бастан кешіп отыр. Әлемнің әр бұрышында бой көрсеткен табиғаттың биылғы тосын мінезі ондай жандардың санын да арттыра түсетіндей. Сондықтан да астыққа зәру елдердің қатары одан сайын көбейе түсетіні, әлбетте бұның әлемдік нарықтағы бағаға әсер ететіні анық сезіліп келеді. Алдағы уақытта да сарапшылар Ресей мен Қытайда, Украина мен АҚШ та астық қоры азаяды деп болжайды. Сөз жоқ, бұл жай аграрлы Қазақстанның болашақ ұстанымы үшін ұтымды қадам жасауды сұрайды. Ендеше, өзге салалардағы өндірістен үлкен өсім күтіп отыра бергенше, астық шаруашылығына қолдауды арттыра түссек игі.


Автор: Қанат Қазы

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

7 қыркүйек 2010, 12:53
Рейтинг:  

Іздеу

Мұрағат

8 ақпан 2012
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
  1234567891011121314151617181920212223242526272829    

Бағамдар

Валюта бағамы 01.01.1970
USD/KZT 0 0%
EUR/KZT 0 0%
RUB/KZT 0 0%

Ауа райы

Болжам 08.02.2012
Ұсынылды Gismeteo.Ru
  Күндіз Түнде  
Астана -16...-14 -22...-20
Алматы -12...-10 -17...-15
Павлодар -16...-14 -17...-15