Нарық

Танымал тэгтер: , , , , ,

Теңізге құжаты бар шабақтар жіберілді

   0 295

Атыраулық бекіре тұқымын өсіруші мамандар елімізде бұрын-соңды болмаған тәжірибені жүзеге асырды. Ресейлік мамандардың тәжірибесін басты назарға алған атыраулық мамандар биылғы жылы балық өнеркәсібінде елеулі жетістікке қол жеткізіп отыр.



Күні бүгінге дейін бар болғаны 3 грамдық шабақтарды Жайыққа 7 миллиондап жіберіп келген Атырау бекіре өсіру зауыты мамандары биылғы жылдың аптап ыстығына қарамастан, тәуекелге бел буып, өздері балаша мәпелеп өсірген шабақтардың салмағын 20-25 грамға жеткізді. Аймақтың 45-47 градус ыстық ауа райы мен 30 градустық судың қызуында шабақтарды өсіру мамандар үшін аса оңай болмағаны анық. Дей тұрғанмен, тәжірибені жүзеге асыру үшін бар біліктіліктерін салған олардың бейнеті мол еңбектері алғашқы жемісін берді. Шабақтардың ұзындығы 22 сантиметрге жетіп, салмақтары 20-25 грамды тартты.



Рашиден ҚАЛИДУЛЛИН, Атырау бекіре өсіру зауытының директоры:

– Биыл біз шабақтарды жіберу маусымын кеш бастадық. Оның түрлі себептері бар. Соның бірі – биыл шабақтарды өсіруде ресейлік әріптестеріміздің тәжірибесін назарға алдық. Біз жылына 7 млн шабақты Жайық өзеніне жіберіп келдік. Алайда оның 1 пайызы ғана қайтарымын беретін. Біздің бұл тәсілімізден хабардар астарханьдық әріптестеріміз бізге шабақтардың салмағын көбейту арқылы оның қайтарымын арттыруға болатынын айтып, ол үшін нендей амалдар жасау керектігіне кеңес берді.


Атырау бекіре өсіру зауыты директорының айтуынша, жылына 10-50 грамдық 400 мың шабақтан қайтарымды пайда тауып отырған ресейлік мамандардың шабақтардың салмағын көбейтудегі «құпиясы» дәл осындай салмақты жинаған шабақтар теңіз төсінде өзін емін-еркін сезініп, қоршаған ортаға бейімделіп, тез өсіп, өзінен үлкен балықтарға жем болмау үшін күресетіндігінде жатқан көрінеді. Міне, астраханьдық мамандардың тәжірибесінен нәтиже шығарған атыраулық мамандар өткен сенбі күні 3 млн 543 мың шабақтың 100 мыңын Каспий теңізінің төріне жіберіп, өзгесін Жайық өзеніне салды. Атыраулық балық өсірушілердің тағы бір жаңалығы – бұл Каспий теңізіне жіберілген балықтың дені «құжатқа» ие болып кетті. Зауыт мамандары америкалық арнайы құрылғы арқылы шабақтардың желке тұсындағы сүйегіне арнайы чип енгізіп, ондағы сандық нөмірлерді арнайы құрал арқылы оқып, кітапшаға тіркеп, теңіз төсіне жіберді. Еліміз бойынша алғашқы тәжірибеден өткен шабақтарды «құжаттап» жіберу құрметіне арнайы комиссия, зауыт басшыларымен бірге тілшілер қауымы да ие болды.

«Атырау бекіре өсіру зауыты» РКМК-ның директоры Рашиден Қалидуллиннің айтуынша, енді төрт-бес жылдан соң ауланған балықтарды арнайы сканер арқылы тексеру жүргізіледі. Егер осы жұмысты атқару кезінде биыл арнайы «құжатталған» балықтар сканерге түсер болса, мамандар оның құжат нөмірін, салмағы және дене бітімі мен өзге де ақпараттарды тіркеуге алады.

Тарыдай ғана уылдырықтан қолға тұрмай шоршып, тайраңдаған шабақтарды өсіріп, баптаған мамандар бүгінде өздері жасаған тәжірибенің жүзеге асқанына қуанышты. Олардың ендігі үміті теңізге жіберген шабақтардың жетіліп, кері қайтып келуінде.

Ал әзірге қара алтынымен бірге қара уылдырығымен әлемге танымал болған Атырау аймағындағы бекіре өсіру зауытының мамандары өмір сүруге қабілеті жоғары әрі қайтарымы мол шабақтарды өсіре алатынын бүгінгі тәжірибелері арқылы мәлім етті. Сайып келгенде бұның өзі балық шаруашылығы саласының «ебін» тапса екі асатып, пайда әкелер сала екенін айқындап отыр.

Автор: Нарғыз ҒАБДУЛЛИНА Атырау облысы

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

7 қыркүйек 2010, 11:48
Рейтинг:  

Іздеу

Мұрағат

7 ақпан 2012
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
  1234567891011121314151617181920212223242526272829    

Бағамдар

Валюта бағамы 01.01.1970
USD/KZT 0 0%
EUR/KZT 0 0%
RUB/KZT 0 0%

Ауа райы

Болжам 08.02.2012
Ұсынылды Gismeteo.Ru
  Күндіз Түнде  
Астана -16...-14 -22...-20
Алматы -12...-10 -17...-15
Павлодар -16...-14 -17...-15