Нарық

Танымал тэгтер: , , , , ,

Өзімізде өндірілетін көмір неге өзімізде қымбат, шетелде арзан?!

   0 530

Қоңыр күз келген бойда қысы өзге өңірлерден гөрі едәуір ұзаққа созылатын Арқа өңірінің жұртшылығы ерекше қарбалас тірлік ырғағына көшеді. Аймақтағы ауылдық елді мекендерде тұрғын халық мал азығын түгендеп болған соң, қысқы отынды қамдау науқанына кіріседі. Бұл науқанда ауыл, отбасы үшін әсіресе бір қысқа жеткілікті мөлшерде көмір сатып алу мәселесі басты шаруа болып саналмақ.



Қазір Қарағанды аймағындағы ауылдық елді мекендерде бір тонна көмірдің құны шамамен 7-12 мың теңгені құрап отыр! Бұл, ресми тілмен айтқанда, ішкі реттелмеген нарықтағы көлеңкелі бизнес өкілдерінің қойып отырған бағамы. Қысқа қарай бұл баға еселене өсетіні анық. Қарағанды маңындағы шахталардан болмаса делдал фирмалардан көмір тоннасын 3-5 мың теңгеге сатып алатын кәсіпкерлер облыс орталығынан 100-200 шақырым ауылдарға барған жол шығынын ақтау үшін бір көлік қатты отынды бір соғымға баспа-бас айырбастап та жібереді. Қазақстандағы қара алтынның басты ошағы саналатын Қарағандыдағы жай – осындай.

Көмір бағасы туралы ауылдағы ағайынның әңгімесі қаладағы елдің көзқарасымен қабыспайтыны анық. Мәселен, ауылдықтар үшін аса қолжетімді игілік болмай тұрған интернет иірімдерінде түрлі сауда-саттық, жарнамалық сайттарда Қарағандының, Шұбаркөлдің, Майкөбен кеніштерінен шығарылатын көмір тоннасына 1000 теңгеден бастап сатылатыны туралы хабарландыру жетерлік. Бірақ ауыл тұрғындары интернетпен саудаласуды үйренгенше қай заман, үйренгенімен, шахтадан шыққан көмірді ауылға жеткізер шама қайда?!

Жалпы, ауыл жұртшылығы үшін көмірді жекеменшік «КамАЗ» жүк көлігі бар азаматтар жеткізіп тұрады. Ауыр көлігі бар кәсіпкерлер ауылдық жерлердегі мектептер мен зейнеткерлерге жеңілдікпен берілетін көмірді тасумен қатар, елді де қамтамасыз етіп отыр.

Соңғы үш-төрт жылда Қарағанды кеніштерінен қырға шығарылатын көмірдің 1 тоннасының өзінік құны, шамамен 1500-2000 теңгенің жобасында болып отыр. Ресми мәліметтер бойынша, халықаралық биржаларда Қарағандының қара алтынының құны тоннасына 12-20 доллар тұрады. Бұдан біздің көмірдің алыс-жақын шетелдерге экспортқа шығарылғандағы бағасы өзіндік құнынан тіпті де қымбаттамайтынын аңғарамыз. Бұған, керісінше, ел ішінде көмір қымбат екенін жоғарыда айттық. Өзімізде өндірілетін көмір неге өз елімізде қымбат та, шетелде арзан?!

Ресми-бейресми дереккөздері әлемдік биржаларда соңғы жылдардағы көмір бағасының тұрақты емес екендігін жариялап келеді. Нью-Йорктің NҮМЕХ тауар биржасындағы бағам бойынша АҚШ көмір кеніштерінің шығаратын қара алтыны соңғы жылдары 40-60 доллар көлемінде болып отыр. Бұл мәліметті Американың «Энерджи Информэйшн Администрэйшн» компаниясы да қуаттап отыр. Бұған қоса, Европада, Қытайда және Жапонияда соңғы жылдары көмір бағасы тоннасына 60-70 доллардан (теңгеге шаққанда – 8-10 мың теңге) айналып келеді. Ал биыл күзде көмір бағасының тоннасы 110 долларға дейін өспекші-міс. Экономистер 2020 жылға қарай әлемде мұнай бағасының күрт қымбаттауына, Жер шарындағы энергетикалық қуат шикізаттарының дефициттері артуына орай, көмір бағасы өспесе, төмендемейтінін де растауда. Қарағандының қара алтыны халықаралық нарықта тым құрыса, 30 доллар болса, ел ішінде тіпті қымбаттап кететін шығар!

Соңғы кездері түрлі деңгейде әңгіме болып келе жатқан көмір бағасын ресми қадағалау туралы мәселе шешілсе, ел ішіндегі «көлеңкелі бизнес» те жарыққа шығып, ішкі нарық реттелер ме еді?! Бәлкім, 1000 шақырым шетелге барғанда, өзіндік құнынан бірер тиын ғана қымбаттайтын Қарағандының қара алтыны, өз ауылдарымызға да сол бағамен жетер ме еді?!



Дерек пен дәйек:

2004 жылы Францияда елдегі соңғы көмір кеніші жабылды. Француздар энергетикалық қуат көздерінің 80 пайызын атом электр стансыларынан алады.

Қазақстан жылына 100 миллион тоннаға тарта көмір отынын тұтынады.

Елімізде көмірдің барша түрлерінің 150-160 миллиард тонна жиынтық қоры бар. Бұл – әлемдегі 8-көрсеткіш.

Қазір Қазақстанда көмір өндіретін 34 компания жұмыс істеуде.

Биыл Қарағанды облысындағы мемлекеттік-коммуналдық және бюджеттік мекемелер

446 мың тонна көмір отынын тұтынбақшы.


Автор: Серік САҒЫНТАЙ Қарағанды

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

4 қыркүйек 2010, 12:10
Рейтинг:  

Іздеу

Мұрағат

8 ақпан 2012
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
  1234567891011121314151617181920212223242526272829    

Бағамдар

Валюта бағамы 01.01.1970
USD/KZT 0 0%
EUR/KZT 0 0%
RUB/KZT 0 0%

Ауа райы

Болжам 08.02.2012
Ұсынылды Gismeteo.Ru
  Күндіз Түнде  
Астана -16...-14 -22...-20
Алматы -12...-10 -17...-15
Павлодар -16...-14 -17...-15