
Кеше атақ-дабырасымен халықаралық нарықта ойып тұрып орын ала білген италиялық «Слоу Фуд» сапалы азық-түлік өнімін өндіру компаниясының бірқатар өкілдері Алматыға ат басын тіреді. Мақсаттары – қазақ еліндегі азық-түлік қауіпсіздігінің әлеуетін зерттеу; қазақтардың тамақтану үрдісін саралау және елдегі агро-өнімнің сапасына зер салу.
... Сөз басын «Қазақстан – негізінен, аграрлы мемлекет. Біз мұны жақсы білеміз» деп бастаған италиялық өкіл Энрико Балли:
– Бізбен кездесуге пейіл танытқан Қазақстан жоғары фермерлер мектебіне және Қазақ Аграрлық университетінің ғалымдарына ризашылығымыз шексіз. Біз бұған дейін де әлемнің 130 елін аралап келдік. Міне, бүгін Қазақстанға аяқ басып отырмыз. Біздің ел-елді аралауымыздың негізгі мақсаты – халықтың тамақтану үрдісін халықаралық межеге көтеру, – деді.
Жалпы, қазірде әлем бойынша азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты, ашаршылықты болдырмауға байланысты, табиғи таза тамақтануға орай түрлі тәсілдер қолға алынып жатқанын тілге тиек еткен Энрико Балли қазақтарды салауатты тамақтануға шақырды. Сөйтіп, салауатты тамақтанудың бірнеше тетіктерін де атап көрсетті.
Негізінен, «Слоу Фуд» компаниясының өкілдерінің сөз саптауларынан байқағанымыз: бүгінде Италияда синтезделген тамақ өнімдерінен гөрі, агро-өнімге деген сұраныс еселеп артқан. Осыған орай құзырлы тараптың да агро-саясатқа деген көзқарасы өзгеріп, отандық ауыл шаруашылығы өнімін өндіру жайы да оңтайлы жолға қойыла бастаған. Міне, осыдан кейін «Слоу Фуд» компаниясы бірқатар елдермен бірлесе отырып, агро-өнім және табиғи тағам тазалығын насихаттауға ден қоя бастапты. Аталмыш компания өкілдерінің байыптауынша, әрбір сауатты халық салауатты тамақтануға мән беруі тиіс. «Ол үшін әр мемлекет отандық өнімінің тасын өрге домалата білуі тиіс», – дейді италиялық мамандар.
Бұл ретте өзіндік пікір білдірген отандық экономист-ғалым Ғалижан МӘДИЕВ былай дейді:
– Рас, Италия индустриялық әртараптандырылған экономикаға ие. Ел экономикасы индустриялық тұрғыда дамыған. Сондай-ақ өнеркәсіпке қажетті көптеген пайдалы қазбалар және энергия көзінің 75 пайыздан астамы Италияға сырттан әкелінеді. Әйтсе де тамақ өнеркәсібін өркендету тұрғысына келгенде Италия көптеген елдерді басып озады. Бұл ел азық-түлігінің 80 пайызын өзінде өндіреді. Бұл – біз үлгі алатын дүние. Ас адамның арқауы екенін сезінген әр мемлекет ас-ауқатының басым бөлігін өзінде өндіруі тиіс. Сонда ұлттық қауіпсіздігімізге де нұсқан келмейді.
Ал Қазақ Тағамтану академиясының президенті Төрегелді ШАРМАНОВ бұған қатысты:
– Бүгінде біз азық-түлік өнімдерінің 80 пайызын сырттан тасымалдаймыз. Бұл, сөз жоқ, қауіпсіздігімізге өзіндік әсерін тигізеді. Қазірде қазақ ұлтының басым бөлігі синтезделген тағамдарға үйір болып кетті. Бұл ұлтымыздың денсаулығына кері әсерін тигізуде. Бүгінгі таңда көптеген елдер отандық табиғи өнімге деген сұранысты қанағаттандыруға көшті. Ал біз әлі де сол сырттан тасымалданатын сапасыз тағамдармен ауқаттануға тұсау сала алмай келеміз. Бізге агро-өнім өндіруді, отандық тамақ өнеркәсібін жандандыруды үйренетін кез әлдеқашан жетті, – деді.
Жалпы, елімізге сапарлап келген италиялықтар Қазақстанның ауыл шаруашылығы аумағы ауқымды екеніне, елде игерілмей бос жатқан ауыл шаруашылығы жерлерінің көптігіне таңырқады. «Біз қолымызда мұндай мүмкіндіктер болса, бос жібермеуге тырысамыз. Сіздерде үлкен-үлкен мүмкіндіктер бар. Осыны құр жібермеуді ойласқан абзал», – деген италиялық өкіл Паоло Гаспарини «қазаққа ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлкен мән беру керектігін» баса айтты.
Қалай десек те, болашақта да екі ел арасындағы әріптестік байланыстың нығайғанын қалайтын итальяндардың қазақтың тағам өнеркәсібіне қатысты өзіндік бағамы оң пікірде болды. Олар қазақтың тамақ өнеркәсібіне қатысты сөз еткенде, қазы-қарта, жал-жая, қымыз, шұбат, тәрізді ұлттық тағамдарымыздың потенциалы мықты екенін де еске салды.
Түйін
Біз осы уақытқа дейін агро-өнім өндіруге қатысты бірқатар игі шараларды атқарғанымыз белгілі. Осыған орай, кешелі бері Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ биыл еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға республикалық бюджеттен 220 млрд теңге бөлінгенін, бұл қаражаттың ішінде 95 млрд теңге тікелей субсидия болса, 50 млрд теңге лизингтік қолдауға бағытталатынын, ал қалған соманың бәрі ауыл шаруашылығын дамытуға арналған жеңілдіктер ретінде берілетінін де мәлімдеді. Мамандар: «Бұл – өткен жылғымен саластырғанда екі есе көп көрсеткіш. Осыған орай, биыл ауыл шаруашылығы саласы нақты қолдауды сезінуі тиіс», – дейді. Ең бастысы, қолдау бар. Тек соны жүзеге асыру жағы кемшін түспесін делік...
Автор: Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ
- Блогқа енгізу
- Басып шығару
- Хат жазу
Іздеу
Мұрағат
- Негізгі: Қазыналы аймақ денсаулығына қауіп қайдан келді?
- Саяси бюро: Президенттік кадрлық резерв қалай жасақталуы керек?
- Ой-көкпар: Ақылы ету арқылы автожолдардың сапасын көтере аламыз ба?
- Нарық: Елімізге қиялдағы ұшақтар жеткізілетін болды
- Өркениет: Кітап оқудан қол үзіп барамыз
- Дат!: Қазаққа керегі – қазақтың ішкі бірлігі. Ол үшін заңның керегі жоқ
Бағамдар
| USD/KZT | 0 | 0% |
| EUR/KZT | 0 | 0% |
| RUB/KZT | 0 | 0% |
Ауа райы
Ұсынылды Gismeteo.Ru
| Күндіз | Түнде | ||
|---|---|---|---|
| Астана | -16...-14 | -22...-20 | |
| Алматы | -12...-10 | -17...-15 | |
| Павлодар | -16...-14 | -17...-15 |






Мақалаға қатысты пікірлер: