Нарық

Танымал тэгтер: , , , , ,

БТА Банк есін жинап, еңсесін тіктеді

   0 401

БТА Банкті қайта құрылымдау жұмысының жемісті аяқталуы еліміздің банк саласындағы бұлыңғыр кезеңнің тамамдалғанын білдіреді. Осы орайда өткізілген баспасөз мәслихатында «БТА Банк» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Сәйденов банктің 19 ай ішінде жүріп өткен жолы мен алдағы жоспары жөнінде егжей-тегжейлі баяндап берді.



Жазылып біткен парақ

Сонымен БТА банк кредиторлар алдындағы өз қаржылық міндеттемелерін қайта құрылымдау жұмысын аяқтады. Мұндай шешімді Алматы қаласы Мамандандырылған қаржылық соты 2010 жылдың 31 тамызында қабылдаған болатын. Қайта құрылымдау нәтижесінде, БТА Банктің қарызы 12,2 млрд доллардан 4,2 млрд долларға дейін қысқарды. Қарызды төлеу мерзімі 8 жылдан 20 жылға дейін ұзартылды. Кредиторлардың алдындағы қаржылық міндеттемелерін қайта құрылымдауы аясында банк бұрын шығарылған облигацияларының және өзге де міндеттерінің күшін жойып, кредиторларға ақшалай түрде 945 млн доллар төледі. Сонымен қатар жаңа борыштық бағалы қағаздар мен акцияларды қалпына келтіруге арналған 5,2 млрд долларға облигацияларды қоса алғандағы, 2,3 млрд долларға үлкен облигацияларды, 429 млн долларға дисконтты (OID) арнайы борыштық құралдарын және 773 млн долларға реттегіш облигацияларды, жаңартылмалы несие желісі бойынша сауданы қаржыландыруға 698 млн долларға келісім жасады. Сонымен қатар 44 175 794 956 дана қарапайым акция шығарды.

Банктің жарғылық капиталына 4,6 млрд доллар көлемінде облигациялар айырбасталды. Банк облигацияларын қарапайым акцияларға айырбастаудың нәтижесінде, ішкі және сыртқы кредиторлар банктің акционерлік капиталының 18,5 пайыз жиынтығына иелік ететін акционерлерге айналды. Бұрынғысынша БТА банктің негізгі акционері – «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры. Қаржы институтының облигацияларын қарапайым акцияларға айырбастаудың нәтижесінде, банктің акционерлік капиталындағы оның үлесі 81,48 пайызға дейін ұлғайды. Банк акциясының 0,02 пайызы миноритарлы акционерлерге тиесілі.

Кредиторлардың банк акционерлерінің құрамына енуі Директорлар кеңесі құрамының өзгеруіне алып келді. Бұдан бұрын да хабарланғанындай, акционерлердің 2010 жылдың 19 тамызында өткен кезектен тыс жалпы жиналысында қабылданған шешімдерге сәйкес, өтініштің негізінде тәуелсіз директор Ульф Вокурканың, сондай-ақ Директорлар кеңесінің мүшелері Ерлан Тәтішев пен Қайрат Әйтекеновтің өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылды. Банк акционерлері жиналысында Директорлар кеңесінің құрамына жаңа мүшелерді: Кредиторлар комитетінің өкілдері Кристоф Шефбек пен Маартен Лео Пронкті және тәуелсіз директор Болат Бабеновті сайлау жөнінде шешім қабылданды.

2010 жылдың сегіз айы ішіндегі жұмыстарының қорытындысы бойынша, 2010 жылдың 31 тамызында БТА Банк активтерінің көлемі - 1 952,9 млрд Т (соның ішінде 665 млрд теңге клиенттердің несиесі), өзіндік капиталының көлемі – 108,8 млрд Т, міндеттемелері – 1 844,1 млрд теңгені құрады. Банктің 8 ай ішіндегі таза пайдасы - 1 090,9 млрд Т.

Таза парақ

БТА банк қайта құрылымдауды ойдағыдай аяқтаған соң, өз күшін бизнесті белсенді дамытуға және өзінің дағдарысқа дейінгі ұстанымдарын қалпына келтіруге жұмылдырады. Банктің болашақтағы орта мерзімді бизнес-стратегиясы – әмбебаптығын сақтап, ішкі нарыққа басымдық беру. Сөйтіп, 2014 жылға қарай банктің несие қоржынының құрылымында корпоративті бизнестің үлесі – 50 пайыз, шағын және орта бизнес – 30 пайыз, бөлшек бизнес 20 пайызды құрамақ. «Несие қоржынында корпоративті бизнес жағына қарай ауытқушылық бар еді. Біз оны өзгертеміз», – деді Ә.Сәйденов. Өйткені осы кезге дейін корпоративті бизнес үлесі 87 пайыз еді. Банктің қор стратегиясы да ішкі нарыққа бағытталған және заңды тұлғалардың салымдарын тарту есебінен депозиттік қорды барынша көбейтуді көздейді. 2014 жылға қарай депозит қорын 2008 жылмен салыстырғанда екі есе арттыру қарастырылған.

Банк өз қызметінде төлем карточкаларын көбейтуге де ұмтылады. Жыл соңына дейін мұндай карточка иелерінің саны 720 мыңға дейін артады.

Бизнестің корпоративтік бөлігінде несие қоржынының сапасын жақсарту, оның тиімділігі мен табысын арттыру бағытындағы жұмыстарды атқарады. Кепілдік қорды қалпына келтіруді және заңсыз түрде шығарылған активтерді мүмкін болғанынша кері қайтарып алуды заң және қаржы кеңесшілермен бірлесіп жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Шағын және орта бизнес бөлігінде банк «Даму» қоры жүзеге асырып отырған кәсіпкерлерді мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау жұмыстарын жалғастырады.

Бөлшек сегментінде несие қоржынын жоспарлы түрде, орташа есеппен жыл сайын 14 пайызға ұлғайтуды көздейді. Бұл тұста нарықтық бағдарламалар бойынша несиелер тек қана банк жалақы жобасы негізінде қызмет көрсететін компаниялардың қызметкерлеріне, сондай-ақ аккредиттелген қаржылық тұрғыдан тұрақты компаниялардың қызметкерлер құрамына берілетін болды.

Әнуар Сәйденов, «БТА Банк» АҚ Басқарма төрағасы:

«Банк активіне «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры енген сәттен бастап 19 ай өтіпті. Осы мерзімнің біраз бөлігі кредиторлармен келіссөздер жүргізуге арналғанын айту керек. «Самұрық-Қазына ҰӘҚ, Қаржылық бақылау және қадағалау агенттігі, сондай-ақ банк қызметкерлері орасан жұмысты еңсерді. Бүгін біз БТА Банкті құтқаруға бағытталған күш-жігеріміздің текке кетпей, мақсаттың орындалғанына қуаныштымыз. Бірақ біз бұл жетістікпен тоқтап қалмаймыз. Алдағы уақытта БТА ұстанымдарын қалпына келтіру жөніндегі күрделі де қызықты жұмыстар күтіп тұр».



Р.S.

Кеше Қаржылық бақылау және қадағалау агенттігінің төрайымы Елена Бахмутова БТА Банкке қатысты өз пікірін білдірді. «Қайта құрылымдау шеңберінде жоспарланған жұмыстың барлығын олар орындады. Алдағы бес жылға жоспарланған қарызды төлеу кестесі тиімді және олар орындай алатындай мөлшерде», – деді ол.



 

Автор: Гүлнар АХМЕТОВА

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

3 қыркүйек 2010, 11:17
Рейтинг:  

Іздеу

Мұрағат

8 ақпан 2012
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
  1234567891011121314151617181920212223242526272829    

Бағамдар

Валюта бағамы 01.01.1970
USD/KZT 0 0%
EUR/KZT 0 0%
RUB/KZT 0 0%

Ауа райы

Болжам 08.02.2012
Ұсынылды Gismeteo.Ru
  Күндіз Түнде  
Астана -16...-14 -22...-20
Алматы -12...-10 -17...-15
Павлодар -16...-14 -17...-15