Нарық

Танымал тэгтер: , , , , ,

Күрмеуі көп күріш өндірісіне кластер керек

   0 622

Сыр диқандары күрішке орақ салды. Жерден несібе терген қалың жұрт бұл кезеңге жауапты қарайды. Биыл облыста 77 мың гектарға жуық күріш егілген. Жүзін күн сүйген күміс дәнді қамбаға құйып алу – негізгі міндеттің бірі. Диқан әрбір дәнге жанашыр пейілмен қарайды. Өйткені онда елдегі ағайынның өлшеусіз бейнеті жатыр. Егіннің жайы қалай болады? Бұл жылда көңілді күпті етеді. Күріш – аялы алақанды сүйетін дақыл. Баптай білсең, бағың жанады. Болмаса, қаншама төккен тердің өтеуі қайтпай қалуы да ғажап емес.



Егін шығымы жаман емес

Биыл егіннің шығуы бөтен емес. Күріштің 64,5 пайызының шығымы жақсы деп бағаланып отыр. Ол барлық егілген алқаптың 50 мың гектарға жуығын құрайды. Осының нәтижесінде елдегі еңбекші қауым қамбаға 300 мың тоннадан астам астықты құйғалы отыр.

Сыр жерінде күріштің егілгеніне сексен жылдан астам уақыт өтті. Содан бергі қарбалас тіршілік осы дақылдың айналасында болып отыр. Дақыл елге даңқ та алып келді. Қазір ше? Ел етене тірліктен қашқан жоқ. Күріш егіліп жатыр. Алайда күрмеулі мәселе көп-ақ. Бүгінгі күні еліміздегі күріш өндірісінің 90 пайызға жуығын Қызылорда облысы иеленеді. Жылына 300 мың тоннаға жуық дән қамбаға құйылады. Алайда оны өткізуде проблема жоқ емес. Жалпы, облыс күрішпен елімізді толық қамтамасыз ете алады. Тіпті шетелге экспорттауға да болады. Десе де алыс-жақындағы әріптестерімен бәсекеге түсе ала ма?


Күріш неге қымбат?

Қолдағы дерекке сүйенсек, әлемнің әр қиырындағы 100-ден астам ел дақылдың осы түрін егумен айналысады. Жылына 650 млн тонна күріш жиналады екен. Бір қызығы, сол өнімнің жиырмадан бір бөлігі ғана әлемдік саудаға шығады. Қысқасы, әрбір ел алдымен өзін-өзі қамтамасыз етуге маңыз береді. Артығын өзге елге саудалайды. Бұл – заңды нәрсе. Жетпей жатса, өзге елден алады. Әрине, сапалы өнімге сұраныс зор. Оған қоса бағасы арзанын қалайды. Біздің күріштің бағасы қымбат. Өз еліміздің өзінде оның құны 150-200 теңгеге жуық. Сонда ол шекара асқанда одан да жоғарылайтыны бесенеден белгілі.

Біздің күріш неге қымбат? Әрбір гектарға қыруар қаржы жұмсалады. Оның өзіндік құны 100 мың теңгені маңайлайды. Осыдан төрт-бес жыл бұрын бұл салаға мардымсыз қаржы қаралатын. Ол диқанның шығынын да өтемейтін еді. Соңғы жылдары субсидия көлемі гектарына 20 мың теңгеге жетті. Әрине, осының өзі күрішші шаруаларға аз көмек болған жоқ. Біршама түйткіл шешімін тапты. Елдегілер де еңсе тіктеп қалды деуге болады. Дегенмен күрішшілерді әлі де қолдау қажет. Күріш те астық саналады. Алайда бізде бидай дақылын өсірушілерді қолдау басымырақ. Осының салдарынан 90-шы жылдармен салыстырғанда күріш алқабы 30 пайызға жуық қысқарып кеткен.



Күріштің көне сортына сұраныс аз

Рас, қайсыбір жылдары өнім деңгейі де төмендеп кетті. Тіпті елдегі еңбекші қауым гектарына 35 центнерді місе тұтқан кезі де болған. Бүгінгі күндері өнім деңгейі көтеріліп келеді. Қазір гектарына орташа есеппен алғанда 45 центнерден жоғары болып отыр. Барлығы күріш сортына байланысты. Жергілікті жерге қолайлы сорттан мол өнімге негіз қалауға болады. Сондықтан бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды. Өкініштісі, Сыр диқандары осы жөнінен қиындық көріп жүр. Облыс орталығындағы күріш ғылыми-зерттеу институты кейінгі жылдары жаңа сорттарды өндіріске енгізе алмай келеді. Себебі институт базасы әбден ескірген. Жаңа жабдықтар жетімсіз. Ғалымдар тәжірибеден өткізген сорттарды өндіріске енгізуге қол қысқа. Жергілікті жерде аудандастырылған «маржан» сортының енгізілгеніне бақандай 20 жылдан асып кетті. Бұл уақытта кез келген тұқым сорты ескіреді емес пе? Дегенмен аталмыш сорт әлі де елдің қажетіне жарап отыр. Қазір жергілікті диқандар «маржаннан» басқа ресейлік сорттарды егіп келеді.

Осындай жағдайларға байланысты күріш шаруашылықтарының жағдайы қалыпты емес. Қайсыбір жылдары күріш кластерін қолға аламыз деген жоспар болған. Бұл жұмыс өнімді қалдықсыз өңдеуге жол ашар еді. Дегенмен қолды байлаған қаржы мәселесі аталмыш жоспарды толыққанды жүзеге асыруға кедергі.

 

Қайрат ӘЛАЙДАРҰЛЫ, диқан:

– Сырдың жерінде ең басты дақыл күріш саналады. Одан басқа дақылға жергілікті жердің топырағы онша қолайлы емес. Сол себепті осы саланы қолдауға көңіл бөлгенміз жөн деп ойлаймын.

Автор: Әділжан ҮМБЕТ

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

1 қыркүйек 2010, 11:53
Рейтинг:  

Іздеу

Мұрағат

8 ақпан 2012
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
  1234567891011121314151617181920212223242526272829    

Бағамдар

Валюта бағамы 01.01.1970
USD/KZT 0 0%
EUR/KZT 0 0%
RUB/KZT 0 0%

Ауа райы

Болжам 08.02.2012
Ұсынылды Gismeteo.Ru
  Күндіз Түнде  
Астана -16...-14 -22...-20
Алматы -12...-10 -17...-15
Павлодар -16...-14 -17...-15