Орынбордан тегін келдім

   0 666

Бұл оқиға 1984 жылдың жазында болған еді. Ол кезде біз С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті тарих факультетінің 2-курс студенттері едік. Жазғы каникул кезінде этнография мамандығына дайындалып жүрген 20-дан астам студентті кафедра доценттері Ә.Төлеубаев пен   С.Мадуанов ( қазір екеуі де – тарих ғылымының докторы, танымал ғалымдар) бастап, Ресейдегі Орынбор облысы қазақтарын тарихи-этнографиялық тұрғыдан зерттеуге тиісті болдық.


Дуылдаған өмірге толы зулаған күндер тез-ақ өте шықты. Зерттеу жүргізген үш аптамыз үш күндей болған жоқ. Қайтар жолда тағы да Орынборда үш-төрт күн аялдап, жинаған мәліметтерімізді мұрағат деректерімен дәйектеп толықтырдық. Дүйсенбі күні Алматыға қайтуға тиісті едік. Жексенбіде тағы да қаланы соңғы рет құмарлана аралап, қимай қоштастық. Келесі күні таң қылаң бере тұрған біз төсек-орындарымызды өткізіп, бөлмелерімізді жуып, тазалап, ретке келтірген соң, жолға шықпақ болдық. Ең «қызығы» осы жерде басталды. Мен отряд командирі ретінде төсек-орын алған кезде комендантқа төлқұжатымды өткізіп қойған едім. Пойыздың жүретін уақыты – таңертеңгі тоғыз жарым. Әдетте тоғызға дейін келетін комендант әйел дәл сол күні кешігіп келсе болмай ма. Басқалар кетіп, мен құжатымды күтіп қала бердім. Комендант келіп, таксимен қусам да, ақыры пойыздан қалып қойдым. Алматыға тікелей жүретін келесі пойыз күн аралатып жүреді екен. Не істерімді білмей, сең соққан көңілмен жол сөмкемді иыққа асынып, троллейбуспен қайтадан жатақханаға келсем, осы жағдайға өздерін кінәлі сезінген комендант пен вахтер бәйек болып, шайға шақырса да, ештеңеге зауқым соқпаған мен рақмет айтып, өзіміз орналасқан екінші қабатқа көтеріліп кеттім. Күні кеше ғана қызық-қуанышқа толы қайнап жатқан жатақханамыз бүгін ел көшкендей тым-тырыс, біртүрлі суық. Мұңға толы көңіл ақыры байыз таптырмай, троллейбуспен тағы да вокзалға келе жатырмын. Көзім – вокзалдағы пойыздардың жүріс кестесінде, көңілім қалайда осы қаладан кету... Бір кезде екі сағаттан соң Орынборды басып өтетін Уфа-Ташкент пойызын көргенде, мұндай қуанбаспын. Есім шыққаны сондай, бар ойым әйтеуір Қазақстанға өту болған мен билетті Ақтөбе қаласына дейін ғана алыппын. Ол пойыздың Арысты басып, әрі Ташкентке қарай өтетініне мән де бермеппін, әйтеуір сол күні Қазақстанда болатыныма мәз болсам керек. Сонымен, сол күні сағат бес-алтылардың кезінде күпті болған көңіл бір жайланғандай болып, жүріп те кеттік.


Жайық өзенінен өтісімен бірден көңілім жай тауып, үстіңгі полкадағы өз орныма жайғасып жатысымен бірден ұйықтап кетіппін. Ояна кетсем, күн батып, қараңғылық қоюлана түскен, жолаушылар кешкі тамаққа бас қойған. Пойыздың Ақтөбеге түнгі 12.30-да келетіндігін, бұрын білмейтін бөтен қалада түн ішінде жатын табу да үлкен проблема екендігін алға тартқан сапарластарым маған орныма қайта жатып, ұйықтай беруіме ақыл салды. Жолсеріктер байқап қалса, бір амалын табармыз, ал байқамаса, ертеңмен тұрғанша Арысқа да жетіп қалармыз деген ақылға бағынғаным дұрыс болыпты. Ертеңіне түс кезінде Арыстан түсіп қалып, енді екі сағаттан кейін өтетін №8 Алматы-Мәскеу бағытына билет алайын десем, орын жоқ, ығы-жығы, сапырылысқан ел. Бір кезде келіп жеткен пойызға ұмтылған қарақұрым халықтың ортасында қалып, абдырап тұрсам, дәл алдымда есігі ашық бір вагон тұр. Өз көзіме өзім сенбей, жолсерікке жақындап барып, жөн сұрасам, келісе кетті. Қуана секіріп вагонға кірсем, іші тап-таза, сап- салқын, ішінде адам бар-жоғы білінбейді. Даладағы ми қайнатар ыстықтан кейін мынаның іші бір жұмақ дерсің. Пойыз орнынан қозғалысымен жолсерік жол кіресін сұрады, мен кетерде жетекшім беріп кеткен 10 сомымды суырып берсем: «Бауырым, бұл – СВ вагон, Алматыға дейінгі жолақысы – 20 сом, егер де ақшаң жетпесе, онда келесі купе вагондарға бар, ондағылар 10 сомға келіседі»,– деп жөн сілтеді. Келесі купедегі жолсерік те «бос орын тек Шымкенттен кейін ғана болады» деген соң, әйтеуір тұрғанша, жаңағы жанға жайлы СВ-ма барайын деп келсем, мұнда тыныштық, ешкіммен ешкімнің шаруасы жоқ, лезде Шымкентке де келіп жеттік. Шымкентке дейін тегін жеткеніме қуанған мен қаладан шыға купе вагондағы жолсерікке келіп, манағы уәдесін есіне салсам, ол тағы да кішкене күте тұруымды өтінді. Кеш тез түсе бастады. Вагонда – әдеттегі қарбалас. Мен орта тұста келесі вагонға өтіп кеткен жолсерікті күтіп тұрмын. Мен тұрған тұсқа таяу купеде отырған орта жастар шамасындағы үш жігіт ағасы менің студент екендігімді білген соң, өздерімен бірге ас ішуге шақырды. Жағдайға қаныққан әлгі ағалар «көрші купеге қонаққа кеткен жолсерік енді жуық арада келе қоймас, сен одан да мына жоғарыдағы бос орынға жайғаса бер» деген соң, жоғарыға шығып қисайғаным сол, талып ұйықтап кетіппін. «Тұр-тұрлаған» дауысты естіп атып тұрсам, Алматы вокзалында тұр екенбіз. Сөйтіп, Орынбордан Алматыға тегін жеттім.

Автор: Дәурен ЕСКЕКБАЕВ, Астана қаласы

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

11 маусым 2010, 09:19
Рейтинг: