Кинг Конг мырзамен сырласу

   0 718

«Әйелдердің сырын білу үшін жеті ғаламның тілін біл» деген екен ертедегі бір данышпан. Сол ып-ырас. Қоқым қасындағы Қатираның сырын аша алмай, өмір бойы пұшайман болып келеді.


Құдайға шүкір, екеуі «күйдім-сүйдім, өлсем де сендікпін» деп серттесіп қосылған. Алғашқыда Жібек пен Төлеген болып бақытты өмір сүрді. Біраз уақыт өте келе, Жібек пен Бекежан болып шықты. Бір-біріне әзер төзетін болды. Түннің бір мезетінде ғана аймаласып, татуласып, қалған уақытта қырық пышақ болып жүр еді. Талантты ақын Қарғаштың:


Жиырма сағат жауласып, пышақтасып, Түн болса татуласар құшақтасып, – деп басталатын лирикалық поэмасы осыларға арналған. Екеуінің қырбайласып қала беретіні – арақ жөніндегі пікірлерінің алшақтығы. Қоқым «арақтың емдік қасиеті орасан зор. Түнімен ішкен күннің ертесіне жүз граммен бас жазбасаң, тамырың тарылып, қаның қойылып, миыңа жетпей қалады. Миы жұмыс істемеген адам есекпен тең. Бас жазған адамның көңіл-күйі көтеріңкі, сергек» деп ойлайды. Ал Қатира басқаша ойлайды. «Арақ деген – ақшаның жауы. Ол адамды есекке, тіпті маймылға айналдырып жібереді. Отбасында береке болмайды». Қоқым Қатираның бұл пәлсапасымен келіспейді. Екеуі осындай керағар пікірмен өмір сүріп келеді.


Қоқым үшін айлық алған күн – мереке. Достарымен собраз жасап, «до упада» ішеді. Бұлар ақша шығындап кафеге бармайды, жеткілікті арақ, бірер кепкен балық алып, көзден таса жерге отырып алып мейрамдайды. Кеше де солай болған. Қалыптасқан дәстүр бойынша бұлар мерекенің аяғы немен біткенін өлсе де, естеріне түсіре алмайды. Біреулері есін полиция бөлімшесінде, енді бірі арық жағасында, тағы бірі тағы бір жерде жинайды. Ал Қоқымның ең асыл қасиеті сол – ол төрттағандап болса да, үйіне жетіп жығылады.


... Қоқым ұйқысынан ояна сала, сразы айна алдына барды. Құдайға шүкір, домбығып ісіп кеткені болмаса, бетінде жарақат жоқ екен. Содан соң абайлап өзінің соққы алатын жерлерін сипап көрді. Еш жері ауырмайды. Қатираның қолы тимегендігі бірден білініп тұр. Қалтасынан біраз ақша алған ғой. Әйтпесе...


«Мас адам жерден таяқ жейді» деген мақал бар. Тізесінде, сирағында біраз сырылған жер бар екен. Нешеуа, бұл – «трудовой трамваға» жататын жарақат. Қатира «футболист» емес, «боксер». Ол ешқашан Қоқымды тізеден теппейді. Бірақ қолы қатты...


Жұптасына бір кесе шай ішкізген Қатира оны есіктен итеріп шығарып жіберді.


– Бар, жұмысыңа бар. Жұмыстан шығып қалсаң, бұл үйге келуші болма, – деп ұрмай-соқпай, сыпайы шығарып салды.

Қоқым бірінші қабатқа түсісімен, жан-жағына жіті қарап алып, сол аяғындағы етігін шешті. Жаны жай тауып күрсініп алды. Кеше сау кезінде ұлтарақтың астына тыққан ақшасы өз орнында аман-сау жатыр екен. Ол көп ойланып тұрмай, саябақ ішіндегі таныс сыраханаға барды. Бір саптыаяқ сыраға екі жүз грамм арақ араластырып, тартып жіберіп еді, көзі шырадай жанды. Тағы біреуін тартқанда, көңіл күйі мүлде жақсарып, ән салғысы келді. Біреумен бірдеңе туралы дауласқысы келді. Бірақ маңайында дауласатын ешкім жоқ еді. Сыра сатушы Варвара оның мылжыңдығын жақсы білетін. Ақшасының таусылғанын да сезді. Енді оны мұнда көп аялдатпай, сыпырғышпен сабап қуып шықты.


Бүгін жол жөндеуші әріптестерінің жетпіс пайызының жұмысқа келмейтіні анық. Бәрін бірдей жұмыстан шығара қоймас. Ендеше еркіндікте біраз қыдыруға болады. Қоқым жүрегі жұмсақ, хайуандарды жақсы көретін жан еді. Ол жақын жердегі айуанхананың шарбағынан секіріп түсіп, ішке енді. Мына қызықты қараңыз, қасынан өткен аңдардың бәрі бұған құрмет көрсетіп, бас шұлғып жатыр. Тіпті ешкімді менсінбейтін піл де тұмсығын көтеріп сәлемдесті. Арыстан орнынан тұрып қарсы алды. Әсіресе қызғылт шимпанзе мұның келісіне өте қуанды. Секіріп-секіріп қойып, кенет:


– Ассалаумағалейкум, Қоқым аға, – деді ап-анық сөйлеп.


– Әлексалам, – деді Қоқым таңғалып. – Әй, маймыл, қазақтың өзі қазақша сөйлей алмай жүргенде, сен қайдан үйреніп жүрсің?


– Сіз де айтасыз-ау, аға. Қазақтың ауасын жұтып, тамағын ішіп жүріп қазақша білмеу ұят емес пе? Келіңіз, танысып қояйық, мен Кинг Конг мырза боламын. Сіз атақты Қоқымсыз, солай емес пе?


– Солай ғой, – деді Қоқым желкесін қасып. – Бірақ сен менің атымды қайдан білесің?


– Немене, мені сауатсыз деп ойлайсыз ба? Мен күнде газет оқимын. Газетке атыңыз шығып жатады.


– Әп, бәрекелді, – деді Қоқым масаттанып. – Менің білуімше, Кинг Конг деген маймыл орасан зор болатын. Ал сен қайда, ит сияқты кіп-кішкентайсың.


– Қорламаңыз, аға, – деді маймыл шамданып. – Бұл атты мен өзім қойып алғанмын.


– Біреудің атын иемденіп алғаның ұят емес пе? – деді Қоқым ананы ұялтпақ болып, – Ондайды біз самозванец дейміз.

Маймыл бет-аузын қисаңдатып, қатты күліп жіберді.


– Күлмеңіз, адамдардың арасында да самозванецтер биттей бықып жүр ғой. Өмірінде аудитория есігін ашып, студенттерге дәріс оқымаған профессорлар, бірде-бір ғылыми еңбек жазбаған академиктер толып жүрген жоқ па? Әне, солар нағыз самозванецтер!


– Оның рас, – деді Қоқым мойындап. – Екіге екі қосқанда, бес болады деп отыратын менің кластасым Қыранбай вице-министр тағына отырысымен, академик болып шыға келді. Ондай-ондай көп бізде.


– То, то, – деді Кинг Конг мырза масаттанып. – Сіз мені келемеждеуді қойыңыз. Өйткені мен сіздің түпкі атаңыз боламын. Дарвин деген көріпкел, әулие шал «адам маймылдан пайда болған» деп дәлелдеген. «Адамды адам еткен – еңбек», – деп Энгельс деген қаба сақал ғұлама оны қуаттаған. Егер жұмыс істемегендеріңде...


– Оттапсың, – деді Қоқым қатты шамданып. – Біз, адамдар, топырақтан жаралғанбыз. Әлгі алжыған шалдарың сенсация үшін айта салған. Ол рас болса, қазіргі маймылдар неге адамға айналмайды?


– Оның есесіне, – деді Кинг Конг терең ойланып, – есесіне сіз сияқтылар қайта маймылға айналып бара жатқан жоқ па? Түріңізге қараңызшы, жасыңызға жетпей, бет-аузыңыз қыртыс-қыртыс, үстіңіз лас, көзіңіздің жанары сөнген. Тірсегіңіз майысып әзер жүресіз. Ақыл-есіңіз де анау айтқан бүтін емес. «Қазақтың жері орасан үлкен. Оған сегіз Франция сыйып кетер еді» дейді жағрапияны білетін білгіштер. Жеріңнің топырағы құнарлы, түгін тартсаң, майы шығады. Халқыңның саны Қытайдың бір ауылындай-ақ. Неге сол топырақтан адам жасап алмайсыңдар, а? Топырақтан жаралғанбыз дейді ғой ұялмай. Сіздің арғы атаңыз мына мен – Кинг Конг!


Маймылдар әулетіне, маймылдар еліне қайтып келеміз деушілер болса, құшағымыз ашық, қош келдіңіз! – дейміз.


Түк уәж айта алмаған Қоқым бұдан әрі шыдай алмай айуанханадан шыға қашты. Шынында, маймыл болып кетпей тұрғанда, жөнімді табайын деді. Өзі күбірлеп барады.


– Кинг  Конг мырзамен тілдескенімді Қатира естімесін... Естісе, күнім қараң болар.

Автор: Жеңіс ШЫНЫБЕКОВ

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

19 мамыр 2010, 13:34
Рейтинг: