Шахановты шақырып едім...

   0 914

1981 жылы ақын  Мұхтар Шаханов Қарағандыға келгенде, күтіп алуға көлік таппай қатты қиналғаным әлі есімнен шығар емес. Ол кезде облыстық теле – радио комитетінде редактор едім. Жастардың тіршілік-тынысын, күнделікті өмірі  мен болмысын жан-жақты қамтитын «Жас қанат» хабары айына жиі шығып тұратын еді. Ара-тұра әдебиетіміз бен мәдениетіміздің көрнекті өкілдері де жастар редакциясының қонағы болатын. Бір күні комитет төрағасы Степан Путиевке барып, кезекті хабарға ақын  М.Шахановты Алматыдан шақырып, жастармен шығармашылық кездесу кешін өткізсем деген өтініш білдірдім. Оған ол қарсы болған жоқ.



Қазақстан комсомолының 60 жылдығына орай, аталы датаны атап өту – сол кезеңнің басты талабы болатын. Осы тұрғыдан келгенде Мұхаңды шақырудың қисыны келіп-ақ тұр. Оның үстіне М.Шаханов сол кезде Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінде творчестволық жастар бөлімінің жетекшісі болып қызмет атқарады. Әрі Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты. Сонымен, менің ұсынысым басшылар тарапынан қолдау тауып, ресми шақыру қағазы жіберілді. Көп кешікпей Комитеттің бөлім меңгерушісі Биғали Каюповтан хат келді.

1981 жылдың 18 март күні  Қарағандыда ауа райы суық болып тұрды. Жер-ана әлі ақ көрпесінен арыла қоймаған. Алматыда – көктем. Мұхаң мінген самолет аэропортқа уақытында келді. Бірақ мен 50 минутқа кешігіп жеттім де, өз «миссиямды» ойдағыдай орындай алмадым. Сәрсенбінің сәтті күні мен үшін сәтсіз болды. Сценарий бойынша Мұхаңды облыстық комсомол комитетінің ақ «Волгасымен» қарсы алуым керек еді. Өкінішке қарай, әлгі «темір тұлпарды» әлде біреулер тізгіндеп кетіпті. Ол кезде көлік дегеніңіз тапшы. Содан телестудияға келіп, жібі түзу көлік іздейін. Асыққанда табыла қоя ма, әйтеуір алыс ауданнан алқынып келген УАЗ-икке ие болдым.

Жүрген сайын жанармайдың жағымсыз иісі қолқаңды қабатын көлікпен әрең дегенде аэропортқа жеттім-ау! Кешігіп келгеніме кешірім сұрап,  Мұханың қолын алдым, жаурап қалыпты. Амандығын сұрап, арасында ананы-мынаны айтып, ақтала бастадым. Бір жақсысы, сол жерде Мұхаңның келер уақытын күн ілгері біліп алған студенттер менің орнымды жоқтатпағанына риза болдым.

 – Аға, айыпқа бұйырмаңыз, жағдай осылай болып қалды. Дегенмен, сіз мінген жас кезіңіздегі «трактордан» сәл де болса жұмсақтау ғой, – дедім, өкпе-бауыры сырылдап, түтіндеп тұрған УАЗ-иктің есігін ашып жатып. Мұхаң бір күлді де, алдындағы майсіңді орындыққа жайбарақат ж++айғаса кетті.Арнайы  шақырып алған ақын ағамыздың «сәйгүлік тұлпарға емес, тайраңдаған тайқарға» мініп келе жатқанына, сыртқы жамылғысы шұрық-тесік сығандардың арбасындай шоқаңдаған  көлік ішінде іштей ұятты болып келемін.

Есесіне, көліктің кесірінен кеш басталған хабарымыз сәтті шықты. Ағамыз әдебиет жайлы орамды ойларын ортаға салып, сан алуан сұрақтарға жауап беріп, өлеңдерін армансыз оқыды. Келгеніне көңілі толып, жастармен бірге естелік ретінде суретке түсті. Сол жерде:

«Менің інім – Тойжігітов Әлиді,

Қазір бүкіл Қарағанды таниды.

 Ұшқыр уақыт жақындатсын алысын,

Ертең оны байтақ Отан танысын!

Әумин!» – деп ақбатасын беріп, кітап бетіне қолтаңбасын қалдырды. Қаншама жылдар өтсе де Мұхаңды көрген сайын сол бір қайталанбас көлік хикаясы көңілімнен кетер емес.

Автор: Әли Тойжігітов, Қарағанды

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

3 қыркүйек 2010, 11:48
Рейтинг: