
1982 жылдың қаңтар айы болатын. Сарыарқаның сары аязы басылар емес, ызғары өкпемізден өтіп барады. Соған қарамастан жолға шықтық. Ол кезде мен Қарағанды телевизиясында жастарға арналған «Жас қанат» хабарының редакторымын. Бас редакторымыз белгілі жазушы Өтен Ахметовтің таңертеңгілік берген тапсырмасы бойынша астықты Осакаров ауданындағы Маржанкөл совхозын бетке алдық. Мақсат – сол жерде еңбек ететін механизатор қыз Ғалия Канафина жайлы киноочерк дайындау. Осыдан 5-6 ай бұрын Ғалия Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанған болатын. Республика жастары арасында тұңғыш рет жоғары марапатқа ие болған механизатор қыздың еңбегі шын мәнінде көрсетуге тұрарлық еді.
Әйтеуір, әупірімдеп жүріп, діттеген жерімізге түсте жеттік. Алдын ала хабарласқанымыздың арқасында бәрі дайын болып шықты. Уақыт оздырмай, қажетті бейнекөріністерді түсіріп, әңгіме-сұхбатымызды таспаға жазып алдық. Сол жылдары атақ-даңқы асқақтап тұрған, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаеваның жолын қуған Ғалия жастығына қарамастан, өте еңбекқор екен. Әрі әңгімеге де зерек болып шықты. Кешкілік, жұмыстан соң совхоз директоры Еркінбек Теміров ағамыз бізді үйіне шақырып, дәмге тартты. Келгенімізге ризалық танытып, жақсылап күтті. Жарасымды әңгіменің арқасында түннің бір уақытында қайттық-ау!
Жолда келеміз, аспан айдай ашық. Сарыарқаның сары аязы басылмапты, қайта күшейе түскен. Ол кезде қазіргідей көлік мықты емес, ГАЗ-69 маркалы машинамыздың іші аяздан азынап тұр. Соған қарамастан, әлгі тоя ішкен тамақ пен арақ-шараптың қуатынан кинооператор Мейрам мызғып, жарық беруші Жұмабай қалғып келеді. Қарағандыға жақындай бергенде ГАИ бекеті көрінді. Бір кезде «қызыл жағалы» жігіт алатаяғын ұстап, жолға шыға бастады. Ай жарығынан айқын көріп келеміз.
– Әлеке, құдай ұрды! – деді бір кезде шофер жігіт. Оның үрейлі даусынан бәріміз шошып кеттік. Бірден тоқтап, мәселенің мән-жайын сұрадық. Сөйтсек, шоферіміз кино түсіріп жүргенде жаураған соң, бізге білдірмей «ақаңнан» тартып алыпты. Енді не істейміз? ГАИ қызметкері шамамен 150 метр жерде бізді тосып тұр. Далада 40 градус аяз.
– Болар іс болды, не де болса, барайық, – дедім жігіттерге.
Бір кезде Жұмабай:
– Әлеке, әлгінде директор сізге арнап, бір-екі жартылық салып жатқан, соның біреуін беріңіз. Оны іске асырайық, – деп аяқ астынан қолқа салды. Содан соң бөтелкені ашып, қырлы стақанға толтыра құйды да, «енді жүре бер» деді. Ақырындап манадан бері бізді тосып тұрған ГАИ қызметкеріне жақындай бердік. Қасына келіп тоқтағанда ол қалыптасқан дәстүрмен жүргізушіден құжаттарын сұрай бастады.Сол кезде Жұмекең артқы терезені ашып, «міне, құжат» деп, әлгі қырлы стақанды ұсына қойды.
Бізді тосып, әбден тоңып қалған ГАИ қызметкері «ақаңның» бір тамшысын қалдырмай жұтып алды да, аузын жеңімен сүртіп, бірауыз сөзге келген жоқ, «жүре беріңдер!» деп қолын бір-ақ сілтеді. Жұмекеңнің аяқ астынан танытқан тапқырлығына риза болып, «қайдасың, Қарағанды?» деп, машинамызды қамшылай түстік. «Ақаңның да кейде пайдасы болады екен ғой!» деп күліп келеміз...
Автор: Әли ТОЙЖІГІТОВ
- Блогқа енгізу
- Басып шығару
- Хат жазу
Іздеу
Мұрағат
- Негізгі: Ұлттық батырларымызға шекеден қарауды қашан қоямыз?
- Саяси бюро: Күзге дейін қайта тіркелмеген діни бірлестіктің ел аумағындағы қызметі тоқтатылады
- Ой-көкпар: Отандық телеарналардың шетелдік бағдарламаларды ретрансляция жасауына шектеу қою мүмкін бе?
- Нарық: Коммуналдық қызмет сапасы арта ма?
- Қоғам: Кешегі министрдің бүгінге көзқарасы
- Дат!: Біз кешегіге өкпе артқанмен, бүгінгіге тәубә деп, ертеңгіге үміт артатын ұлтпыз
Бағамдар
| USD/KZT | 0 | 0% |
| EUR/KZT | 0 | 0% |
| RUB/KZT | 0 | 0% |
Ауа райы
Ұсынылды Gismeteo.Ru
| Күндіз | Түнде | ||
|---|---|---|---|
| Астана | -21...-19 | -25...-23 | |
| Алматы | -13...-11 | -15...-13 | |
| Павлодар | -21...-19 | -32...-30 |






Мақалаға қатысты пікірлер: