«Жигулидің» жыры

   0 710

2003 жылдың қоңыр күзі. Облыстық әкімдікте өткен алқалы жиыннан арнайы телерепортаж дайындап, әлгінде ғана келгенмін. Енді бір сәт ермек болсын әрі еркектің иісін шығарып қояйын деп, темекімді тұтандырып отырғаным сол еді, жұмыс орнымдағы телефоным жын ұрғандай безілдеп сала берді. Тұтқасын көтеріп тыңдасам, балам екен. Жайсыз хабар! Көшенің қиылысынан бұрыла бергенде, автокөлігімен апатты жағдайға ұшырапты. Аман қалғанына қуанып, жағдайдың мән-жайын сұрап білдім. МАИ қызметкерлері болса «жедел» келіп, оқиғаның ақ-қарасын анықтап жатқан көрінеді. Көлік иесі жас бала «көлемді «көк қағаз» берсең, істі осы жерде тындырамыз» деп, дау шығарыпты.

Не істерімді білмей, абдырап қалған мен дереу облыстық МАИ-дың бастығына телефон соқтым. Абырой болғанда, орнында екен. 5-10 минуттан соң, бір тосын жағдаймен келетінімді ескерттім. Көптен сыйлас, жақсы жолдас еді, мені кідіріссіз қабылдады. Баламның басынан өткен әлгі жағдайдың бәрін бүкпесіз айттым. Тіпті көлік иесі бір «мықтының» баласы екенін де жасырмадым. Содан ол телефон арқылы бір полковникке тапсырма берді. «Әлекеңе көмектесуіміз керек, бәрі жақсы болсын!» деп, шегелеп айтты.

Мен оған ризалығымды білдіріп, әлгі полковникке бардым. Ол қолма-қол бастықтың жедел тапсырмасын бұлжытпай, көз алдымда рация арқылы оқиға болған жердегі МАИ қызметкеріне жеткізді. Осыдан соң, көңілім орнына түсіп, бастықтың батасын алғаннан кейін, әлгі жол апаты болған жерге таксимен тартып кеттім. Келсем, қызыл жағалылар мен алатаяқтылар қаптап кеткен. Менің «Жигулиімнің» алдыңғы жағы әжептәуір «жараланыпты». Әлгі жігіттің су жаңа 99 маркалы көлігінің «быт-шыты» шығыпты. Кінәлі менің балам екенін ішім сезіп тұр. Бастықтың батасын алған соң, мен МАИ қызметкерлеріне «құжатты дұрыстап толтырыңдар» деп, батылдау сөйлеп қоямын. Ал олар болса қипақтап, менің қасымнан шықпайды, бір нәрсені айтқысы келеді. Мен көнбеймін.

Бір кезде балам машинаның ішінен шығып, қасыма келді.

– Папа, бұл облыстық МАИ бастығының баласы екен, не істейміз?  – демесі бар ма. Төбемнен жай түскендей болды. Қарасам, соның баласы екен, бірден таныдым. «Болар іс болды, не де болса папаңа айтайық», – деп, МАИ-дың бастығына телефон соқтым. Дереу жиналып, облыстық МАИ-ға келдік. Болған жайдың бәрі бастыққа мәлім болды. Ең соңынан өзім кіріп:

– Басеке, біздің бала кінәлі екен, су жаңа көлігіңізді өз қаржыма жақсылап жөндеп беремін, – деп қолымды ұсындым.

– Әлеке, біз жақсы жолдаспыз. Тосын оқиға үшін бір-бірімізден ақша талап етіп жатқанымыз дұрыс болмас. Сен өз көлігіңді, мен өз көлігімді жөндеп алайық, – деп ой түйді. Мен оның азаматтығы мен парасаттылығына, кісілігі мен жолдастығына шексіз риза болдым. Көлік үшін 5000 доллар төлеу мен үшін аз қаржы емес еді.  

Автор: Әли ТОЙЖІГІТОВ, тележурналист, Қарағанды қаласы

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

18 тамыз 2010, 11:38
Рейтинг: