Өркениет

Танымал тэгтер: , , , , ,

Тамырдан түйін түйген жас Нұрсұлтан

   0 448

Біз кездейсоқ өнерін тамашалған, қарапайым балықшының отбасында дүниеге келген Нұрсұлтан Молдағұлұлы бала күнінде-ақ өзіне ғана аян тылсым құпиялықпен айналасындағы дүниеден небір адам баласының ойына да келе бермейтін мүсін не бұйым келбетін танып, жасауға бейім жан болып шықты.



Атырау мемлекеттік университетінің «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығын тамамдаған Нұрсұлтанның сөй­леген сөзінен ұлттық қолөнерге деген қызы­ғу­шылық пен сол өнерді дамытуға деген талпыныстың жылы лебін сезінгендей болдық. Өз замандастарынан ойының ұшқырлығымен табиғат пен адам баласы арасындағы байланысты ұштастыра білген қабілетімен дараланып тұрған Нұрсұлтан ойындағысын қылқаламмен қағаз бетіне түсіріп, ағаштан мүсін жасап, ою ойып, түрлі бұйымдар жасап, қолөнер саласында қайталанбас қолтаңба қалдырып келетін жас әрі хас шебер. Оның шебер қолынан шыққан дүниелер түсінген адамға талай ой салары анық. Бір ғажабы, Нұрсұлтан өзге шеберлердей ағашты кесіп алмай, өсіп тұрған не діңі қалған ағаштың өзінен оймыштап, өзге біреулер аңғармайтын, тек өзіне ғана анық көрініп тұрған мүсінді жасауға жаттыққан. Ағаштан оймыштап «Он жеті жануар» мүсінін, «Ат үстіндегі батыр» бейнесін, «Соғыс жаңғырығы», «Кездесу» деген бірін-бірі қайталамайтын жұмыстарын жасап болыпты. Бұларды ағаштан кескіндеп алу үшін кем дегенде бір ай мерзім керек екен. Мерзім ғана емес, оған төзімділік пен санадағы бейне­нің ағашқа кескінделіп түсуі үшін зейіннің де қалыптасып, тоғысуы қажет екені белгілі.

– Мен үшін қыс айлары үйде оңаша отырып, мүсін жасауға лайық мерзім. Кей адамға таңсық болғанмен де, мен көшеде керексіз болып жатқан қураған ағаштардың тамырларын жиып, содан мүсін жасаймын, – дейді жас шебер.

 Нұрсұлтанның қолынан шыққан дүниенің ішінен бізді аса қызықтырғаны арнайы орнықты орны бар қымыз құятын кеселер мен қымыз сапыратын ожау болды. Жас шебер қазақтың қолөнеріндегі сүйекті пайдалануды осы жұмысында қолданып көріпті. Онысы ыдысқа әсем рең беріп тұр. Ал ожаудың өзі тұтас бір ағаштан оймышталып жасалған. Әуел баста отыннан өзгеге пайдаға аспайтындай көрінген ағаштың сыртқы қабығын аршып келіп қалғанда, Нұрсұлтанға тамырдың «ағаштың көзі» деп аталатын жері шебердің санасына дәл осы жерінен құлынның басын шығару керектігін меңзеген ой тастаған. Содан шебер екі бас ожаудың сабын құлынның екі аяғы етіп, адам ұстайтын жеріне қойдың жілігін пайдаланған. Жіліктің сыртынан ағашты арқанша етіп оймыштап тастаған. Бұл ожауды шеберіміз құлынның арқандалып, байлаулы тұрғанын бейнелеп жасағанын ұқтық. Міне, қарапайым адамдар көп байқай бермейтін шеберліктің құпиясы осындай болып келетініне жас шебердің қолынан шыққан дүниені көргеннен соң қанық болдық.

Нұрсұлтан «Қазақтың қымыз құюға арналған ағаш ыдыс-аяқтары» деп аталатын осы туындысымен диплом жұмысын қорғапты.

Атадан балаға мирас болып келетін қолөнерді жалғастырып, оның тылсым құпиясы мен мазмұнын кейінгі өскелең ұрпаққа жеткізуді мұрат тұтқан жас шебер облыстық музейде «Шебердің қолы киелі» атты көрмесін ұйымдастырды. Бұған дейін есімі сирек аталатын шебермен, оның жұмысымен жұртшылық осы көрмеде кеңірек танысты. Жұрт назарына қойылған шебердің туындыларының ішіндегі шоқтығы биік болғаны – «Шебердің қолы» деп аталатын туындысы.

Көрмеде шебердің «Бір аттам», «Талмас қанат», «Ескінің көзі» атты қол еңбектері секілді бірін-бірі қайталамайтын 40-қа жуық дүниелері қойылды.

Нұрсұлтан Ақтаудан қазақ ұлтының ежелгі бұйымдарын жасауға тапсырыс алып, «Кебіс» деген әсем дүниесін төрт айда аяқтаған. Бұл кебісті сәндеуге ол күмістен жіп иіріп, қолмен тігіп шықты. Есесіне шебердің бұл жұмысына әріптестері де, халық та аса сүйіспеншілік білдіріп, оның шеберлігіне тәнті болғаны бар.

Жуырда Нұрсұлтан Шымкентте «OUR Heritage» қорының ұйымдастыруымен өткен «Қазақстан қолөнершілерінің маркетингтегі дағдыларын арттыру» тренингіне қатысып келді. Жас шебердің айтуынша, онда қолдан шыққан өнер туындылары және жалпы ескерткіш сыйлықтар халық сүйсініп қарау үшін ғана емес, оны пайдалануға болатын етіп жасағанда ғана оған деген сұраныстың артатыны туралы сөз болған. Шымқаладағы қолөнершілерге арналған тренингтен көп ой түйіп келген Нұрсұлтан шебер алдағы уақытта өз қолынан шыққан дүниелердің тек көруге ғана емес, пайдаға асатын дүние болуына жұмыстануды мақсат етіп отыр.

Сонымен қатар ол бір сөзінде «өңірдегі шеберлердің басын қосып, бір шеберхана ашып, бұл шеберханада жасалған бұйым­дардың шетелге де шығуына жағдай жасалса» деген тілегін айтып қалды. Бұл қазақ деген ұлы халықтың қолөнерінің өзге елдерге де кеңінен танымал болуына әсерін тигізері сөзсіз деп санайтын шебердің айтуынша, адамзат пен табиғаттың сұлулығы оның осы мақсатына жетелейтін бірден-бір алып күш екен.

Автор: Нарғыз ҒАБДУЛЛИНА Атырау

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

10 қыркүйек 2010, 11:58
Рейтинг: