Өркениет

Танымал тэгтер: , , , , ,

Білмеймін, кімнің рөлін ұсынса, соны ойнаймын...

   0 405
Нұрғиса Елеубеков (фото)

Нұрғиса Елеубеков (фото)

Фархад ӘБДІРАЙЫМОВ, актер:



Қазіргі уақытта Алматы кинотеатрларында «Қыз­ғылт қоян туралы хикая» атты жаңа кинофильмнің көрсетілімдері өтуде. Көрер­менге енді ұсынылып отыр­ған туынды аз уа­қыт ішінде біраз мақталып та, сыналып та үлгерді. Жас режиссер Фархад Шәріповтің үл­кен киноға жасаған қада­мына сәттілік тілеп, біз де өз тарапымыздан кезінде аталған фильмнің премьерасына барып, өз пікірімізді білдірген бола­тынбыз.



Бір қуанарлығы, фильмді түсіру жұ­мыс­тары бастан аяқ Ш.Айманов атындағы «Қа­зақфильм» киностудиясының техни­ка­лық жаңарған қондырғыларымен жүзеге асырылған. Қосымша назар аударар жайт, киностудия басшылығы соңғы уақыттарда, әсіресе, жас киногерлерге айрықша сенім арта бастады. Фархад Шарипов те сол есепте өзінің дебюттік жұмысымен үл­кен киноға алғаш қадам жасау бақытына ие болып отыр. «Қазақфильм» басшы­лы­ғының қолдауы мен қамқорлығы аясында түсіріл­ген осы «Қызғылт қоян туралы хикая» әлі талай әңгімелер мен қызу пікір­та­ластарға арқау болары сөзсіз. Алайда біз бүгін тартысты сөздерді былай қоя тұрып, фильмдегі жағымсыз кейіпкерлердің бірін сомдаған танымал киноактер Фархад (Фара) Әбдірайымовпен аз-кем ой бөліс­кен едік:

– «Қызғылт қоян туралы хикая» ат­ты жастар драмасында сіз елеулі рөлдердің бірін сомдадыңыз, сіздің актерлік қорыңыздан бұл Джайбархан рөлі елеулі орын ала ала ма?

– Бұл жөнінде айту ертерек. Әуелі оны көрермендер бағалағаны дұрыс. Меніңше, «еңбегіміз далаға кетпеген сияқты».

– Бұл Фархад Шариповтің бірінші толықметражды фильмі екені белгілі, дебютантпен жұмыс істеу қиын болған жоқ па?

– Фархадпен бұрыннан таныспын. Біз көрші едік. Ноутбугін арқалап алып, өзінің алғашқы дипломдық жұмысына актер ретінде ойнап беруімді өтініп, аулада со­ңым­нан жүгіргені есімде. Мен басында бір­аз бұлталақтап көрдім де, сосын, көн­дім. Ақыры көрерменге де жетті ғой. Жал­пы, фильм сәтті шықты десе, артық айт­па­ған болармын?! Сол кездің өзінде-ақ Фар­хад болашағы бар режиссер екенін бай­қат­қан еді. Біле-білсеңіздер ол «Қызғылт қоян туралы хикая» атты фильмді аз ғана қаражатқа түсіріп, айтарлықтай дүние жасай алды. Бұл – қолдауға тұрарлық қадам. Өз басым бұған таңғалдым. Кейбір актер­лер режиссердің жас әрі тәжірибесіз екенін көрген кезде оған ақыл үйретіп, түзету жасауға аңсары ауып тұратыны бар емес пе? Меніңше, актер режиссерге сеніммен қа­рау керек. Режиссер – түсірілім тобын­да­ғы не түсіріп жатқанын терең түсінетін жалғыз адам. Мен өз басым режиссер жас бол­сын, тәжірибелі болсын, мейлі, берген тап­сырмасын бұлжытпай орындауға ты­рысуды әдет еткенмін.

– Сіз айтулы шеберлердің де, жас­тар­дың да картиналарына түсіп жүрсіз. Сіз­дің жас талаптың тырнақалды ізде­нісіне неліктен ықыласыңыз ауды: қы­зық сценарий болғандықтан ба, го­норар көлеміне бола ма, жоқ, жай ғана жас режиссерге көмектесуге ұмтылыс па?

– Әрине, бұл – біріншіден жас өскін­ге кө­мектесуге ұмтылыс. Қазір жастар та­лантты, зерек, олардың таным-түсінігі бө­лек. Киноның басты табысы – көрермендер көңілін өзіне аудара білу. Жастарда осы мә­се­ле жақсы қисынын тапқан. Ал гонорар мә­селесі соншалықты маңызға ие емес, олай болған жағдайда бүкіл фильм бюд­же­ті менің еңбекақыма айналар ма еді...

– Сізді жағымды рөл қызықтыра ма, жоқ, жағымсыз рөл көбірек елік­тіре ме?

– Мен үшін барлық рөл қызықты. Мен ешқашан «маған мынадай рөл керек еді» деп сұраған да емеспін, таңдаған да емеспін. Қашан да «актер – ойналмаған рөлдері мен жасалмаған кейіпкерлерімен қадірлі» деген сөз менің көкейімде тұрады. Сол себепті, рөл мен жанрдың қандай түрінен болса да бас тартпаймын.

– Классикалық персонаждардан кімді ойнар едіңіз?

– Классикадан Лир патшаны ойнасам деймін... Неге дейсіз ғой? Өйткені бұл кейіпкер маған ұнайды. Басқа ештеңе емес. Мүмкін, Гамлетті... Білмеймін, кімнің рөлін ұсынса, соны ойнар едім.

– Қазір қандай жұмыс үстіндесіз?

– Жақында ғана Егор Кончаловский­дің «Қара майор» фильмінің дыбысталу жұ­мыс­тарында болдым. Кинокадрларына қара­саң, Ауған соғысы жайлы керемет ки­но­туынды жасалып жатқаны аңғарылады. На­ғыз блокбастер дерсің! Алдағы уақытта жа­ңа шытырман оқиғалы фильмге түсу үшін Чехия еліне шақырту алдым. Онда мен «Порше» автокөлігіне мінген барлау­шы­ны ойнаймын…

– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашы­лығыңызға сәттілік тілейміз.

Автор: Алмат ИСӘДІЛ

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

9 қыркүйек 2010, 12:04
Рейтинг: