
Нұрғиса Елеубеков (фото)
Жыл сайын тамыздың соңғы күндерінде үш күн қатарынан Қара теңіздің жағалауындағы Қырым түбегінде «Шығыс базары» атты халықаралық эстрадалық орындаушылар байқауы өтеді. Биыл алтыншы рет болған бұл байқау жайлы біз қалай айтсақ та жарасады. Себебі дүниежүзінің 42 елінен 51 үміткер қатысқан бұл ән додасының бірінші жүлдесін «Кеш YOU» тобы Қазақстанның қанжығасына байлады. Бас жүлде ешкімге бұйырмағандықтан, бұл орын байқаудың ең биік мәртебесі деуге болады.
Қазақ әнінің құдіреті
Ауыз толтырып айтарлық жайт, байқаудың ережесі қатысушыларға өз ұлтының ерекшелігін көрсетуді басты шарт етіп қойған болатын. Әрине, өз тілінде. Осы тұста отандық әншілеріміздің ішінен ортаға суырылып шығып, еліміздің намысын қорғауға «Кеш YOU» тобы аттанды. Бұл әрине, кеше ғана құрылған топ болғандықтан ба, әлде қазақтілді тыңдарманның арасында онша танымал болмағандықтан ба, көпшілікті таңғалдырғаны рас. Алайда «Баян Есентаеваның қыздары» (продюсері) байқауда бір кездері Роза Рымбаеваны әлемге танытқан әйгілі сазгер Сейдолла Байтерековтің «Әлиясы», халық әні «Әдемі қыз» және «Сүгірдің термесі» сынды бірыңғай қазақ әндерін биік кәсіби деңгейде орындап, біз күтпеген белесті бағындырып қайтты. Әсіресе, осылардың ішінде әділқазылар мен халықты тамсандырған «Әдемі қыз» болса керек. Халық әні осылайша өзінің ғасырлар өткен сайын құны шарықтай беретін өміршеңдігін көрсетті. Әрине, өз орындаушысын тапқанда ғана. Демек, байқауда жеңіске жетудің бір құпиясы әнді дұрыс таңдауда.
Мөлдір Әуелбекова, топ солисі:
– «Әдемі қыздың» қазақтың халық әні екендігіне әділқазылар тіпті сенбеген де секілді. Оның себебі, меніңше, олар осы уақытқа дейін қазақтың музыкасын, қазақтың өзін жете танымағандығынан. Ән керемет болды, сондай-ақ бізбен кәсіби мамандар жұмыс істеді. Костюм жағынан біз Томирис образын таңдадық. Туымыздай көк түсті қазақы оюланған киімдеріміз көздің жауын аларлықтай керемет болды. Және мұның бәріне қоса, біздің би жағынан дайындығымыз да мықты болды.
Гүлнұр Мамасарипова, топтың атқарушы продюсері:
– Осы жолы біздің көзіміз бір нәрсеге анық жетті: қазақтың халық әні тек қазаққа ғана керек емес, әлем халқын да ұйытуға әбден жарайды екен. Он екі елдің кәсіби музыка мамандарынан құрылған әділқазылар алқасының бізге бірінші орынды беруі сол біздің әннің құдіретінен десек, еш қателеспейміз. Даламыздың кеңдігі қандай болса, әндеріміздің диапазоны соншалықты кең болғандығы да бізге міне, үлкен абырой арқалатып тұр. Екіншіден, қыздардың табиғи дарыны мен жылдар бойғы еткен еңбектері де бар. Өйткені бұл «Кеш YOU» тобының қатысып отырған бірінші байқауы емес. Сахнаға бой үйренгендігі де бұл жерде өз әсерін тигізді. Көп мемлекет жиналған жерде атақ та емес, ақша да емес, еліңе деген сезім ең бірінші орында тұрады екен. Аргентина, Италия, т.с.с елдерді айтып жатқанда, Қазақстанның аты мүлдем аталмай қалса, ең жаманы сол болар еді. Біз сол үшін намысқа тырыстық.
«Шығыс базарының» соңы шоу-бизнестің мұңына тірелді
Сәл шегініс жасасақ, топ байқауға бару жолдамасын қалай иеленді? Осыдан біраз ғана бұрын топ Түркияда өткен «Turkvision» байқауына қатысқаны естеріңізде болар. Сол жерде әнші қыздарымызға байқаудың бас продюсерінің көзі түсіп, бірден осы «Шығыс базарына» шақырту алады. Биыл алтыншы жыл өтіп жатқан байқауға осыған дейінгі бес жылда Қазақстаннан қатысушылар барса да, бірақ оларды елінде ешкім де білмейтіндігін сол жерде әлгі продюсер айтып салған. «Шығыс базарына» шақырту алса да, «Кеш YOU» және оның «бапкерлері» бірден елп ете түспей, біршама барлау жасаған. Яғни, бұл жеңістің бұйыруы байыптылықтың да арқасы деуге болады. Тағы бір айтуға тұрарлық мәселе, топтың ешкімге алақан жаймай, шетелде өткен байқауға өз қаржыларымен барып қайтқандығы. Осындай қаржылық тәуелсіздікке топтың қалай қол жеткізгендігі бізді бір жағынан таңғалдырды әрі «сонда олар табысты қайдан және қалай табады» деген сауал туғызды. Оған топ продюсері Баян Есентаеваның шоу-бизнестен мол хабарының барлығы, сол арқылы биік кәсіби шығармашылық деңгейде жұмыс істеу мен табыс көзін таба білгендігі сеп болғанға ұқсайды. Расында, «бізде әншілерге, жалпы өнер адамына кәдімгідей табыс кіргізетін шоу-бизнес тетігі қалыптасқан ба» деген сұраққа продюсер былай деп жауап берді:
– Бұған шынымды айтсам, қалай жауап берерімді білмей қиналып тұрмын. Әйтеуір, бір білерім, біз өз қазанымызда қайнап-ақ жатырмыз. Негізі, кеудеде әлдеқандай бір үміт сезімі оянуы үшін, көкжиекті кеңейтіп, шекарадан тысқары шығып көру қажет екен. Ал ол үшін тек ақша ғана емес, адамдармен байланыса, тіл табыса білу керек екен. Ал еліміздегі жағдайға келсек, шоу-бизнес толығымен қалыптасты деу қиын, бірақ өлі тыныштық та емес. Аз да болса қозғалыс, ұмтылыс бар. Алайда бізде әлі бұл салада өз технологиямыз, өз өндірісіміз жоқ. Тіпті, бүгінгі таңда халықаралық дәрежедегі бірде-бір байқауымыз да жоқ екен. Бір кездері болған... Оны өздеріңіз де білесіздер. Жерасты байлығы мол, экономикасы біршама дамыған біз түгіл, Молдова, Қырым секілді автономиялы шағын мемлекеттердің өз байқауы бар. Сондықтан, меніңше, бізге де өз байқауымызды қалыптастыруымыз керек. Онымен кім айналысады, қашан жүзеге асады, ол уақыттың үлесіндегі дүние болып тұр.
Негізі, біздегі шоу-бизнестің алға жылжымай жатқанына бір жағы, халық санының аздығы да әсер етіп жатса керек. Себебі 16 миллион ғана халқы бар ел соншалықты көлемді қаржы құйылған жобаларды ақтамайды екен. Себебі бізде ел «қырылып» баратын концерттер жоқ, оған лайық стадиондар да жоқ. Демек, шоу-бизнестің мәселесі тек өнердің ғана басындағы емес, ол – мемлекеттік деңгейдегі мәселе.
Автор: Мәриям Әбсаттар
- Блогқа енгізу
- Басып шығару
- Хат жазу
Іздеу
Мұрағат
- Негізгі: Ұлттық батырларымызға шекеден қарауды қашан қоямыз?
- Саяси бюро: Күзге дейін қайта тіркелмеген діни бірлестіктің ел аумағындағы қызметі тоқтатылады
- Ой-көкпар: Отандық телеарналардың шетелдік бағдарламаларды ретрансляция жасауына шектеу қою мүмкін бе?
- Нарық: Коммуналдық қызмет сапасы арта ма?
- Қоғам: Кешегі министрдің бүгінге көзқарасы
- Дат!: Біз кешегіге өкпе артқанмен, бүгінгіге тәубә деп, ертеңгіге үміт артатын ұлтпыз
Бағамдар
| USD/KZT | 0 | 0% |
| EUR/KZT | 0 | 0% |
| RUB/KZT | 0 | 0% |
Ауа райы
Ұсынылды Gismeteo.Ru
| Күндіз | Түнде | ||
|---|---|---|---|
| Астана | -21...-19 | -25...-23 | |
| Алматы | -13...-11 | -15...-13 | |
| Павлодар | -21...-19 | -32...-30 |






Мақалаға қатысты пікірлер: