Алаш-ақпарат

Танымал тэгтер: , , , , ,

Қазақстандық құтқарушылар ең үздік бестікте

   0 314

Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша Қазақстан құрамасы Украинада өткен әлем чемпионатында ең үздік бестік құрамына енді. Құтқарушы мамандарымыз кедергілер жолағымен жүгіру, өрт сөндіру эстафетасы, дабыл сатысына өрмелеу сияқты сайыстардан 15 мемлекеттің командасы арасында мықтылық танытып, жоғары нәтижеге қол жеткізген. Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастығының VII форумына келген төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко Өскеменде жеңімпаздарды құттықтады.



ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі мамандарының хабарлауынша, тамыздың соңғы күндері Донецк қаласында өткен әлем чемпионатына Украина, Ресей, Беларусь, Эстония, Латвия, Болгария, Венгрия, Чехия, Словакия, Германия, Оңтүстік Корея, Иран, Қазақстан, Өзбекстан және Әзірбайжаннан келген командалар қатысқан. Соңғы кездері елімізде қарқынды дамып келе жатқан спорттың бұл түрінен ел намысын 10 құтқарушы қорғады. Олардың дені – Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары. Шеберліктеріне сеніп, жеңіске ғана ұмтылған қазақстандық спортшылар барлық сыннан да жақсы нәтиже көрсеткен. Жалпыкомандалық есеп бойынша ұлттық құрама 21 балл ұпаймен бесінші орынға ие болды. Өздерінің сөзіне қарағанда, олар бұл чемпионатқа жыл бойы дайындалыпты. Былтыр осы біріншілікте 9-орын ғана бұйырған болатын. Бұл жолы Украина, Чехия және Беларусь елдерінен келген мамандар алғашқы орындарды иемденді. Айта кетейік, биыл өрт сөндіру-құтқару спортынан Татарстанда жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында да қазақстандық жас спортшылар алғашқы үздікке енген еді.

Автор: Болатбек Мұхтаров

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

7 қыркүйек 2010, 13:19
Рейтинг: