Алаш-ақпарат

Танымал тэгтер: , , , , ,

239 458 балдырған мектеп табалдырығын аттады

   0 359

Биылғы жаңа оқу жылында республикамыздағы 7525 мектепте барлығы 2 488 978 оқушы білім алады. Олардың 239 458-і – мектеп табалдырығын алғаш аттап отырған балдырғандар. Кеше осындай балдырғандарды құттықтау үшін білім және ғылым вице-министрі Махметғали Сарыбеков Астанадағы № 59 мектеп-лицейіне бас сұқты.



Вице-министр мұғалімдер мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, табыстар тіледі. Бұл мектеп-лицейде бүгінде 2555 бала оқитын болса, соның 313-і мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отыр екен. «Зымыраған уақытты ешкім де тоқтата алмайды. Осыдан біраз бұрын 25 мамырда соңғы қоңырау өткізіп, мектеп бітірушілерді өмірлік жолға шығарып салған едік. Осы мектептің босаған орындарын оның табалдырығын алғаш рет аттайын деп отырған 313 балдырған басады. Мұхтар Әуезовтің сөзі бар: «Адамды адаммен, халықты халықпен теңестіретін тек қана бір-ақ нәрсе – ол білім» деген. Келесі жылы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өтеміз. 20 жылдың ішінде білім сапасын көтеруге күш салудамыз. Кез келген елдің бәсекеге қабілеттілігі біліміне байланысты жүреді. Наурыз айында Орталық Азияда бірінші болып, ал жалпы әлем бойынша 47-інші мемлекет болып Болон конвенциясына қол жеткіздік. Мұны да біздің республикамыздың әлемдегі білім сапасының бір жетістігі деп қабылдаймыз», – деп атап өтті Махметғали Сарыбеков.

Биылғы оқу жылының басталуына 40 жаңа мектеп пайдалануға берілсе, соның екеуі елорда төрінде есігін ашты. Ал республика бойынша жаңа оқу жылы «Елбасы мұраты – ел бақыты, гүлденген Қазақстан» тақырыбындағы сабақпен басталды.

Автор: Бүркіт НҰРАСЫЛ

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

2 қыркүйек 2010, 11:39
Рейтинг: