
Үкіметтің кешегі селекторлық отырысы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігінің төрағасы Серік Нокиннің «майданымен» Толығырақ »
ОЙ-КӨКПАР

Өткен аптада еліміздің индустрия және сауда министрі Әсет Исекешов «Индустриялық саясат туралы» заң жобасының әзірленіп жатқаны туралы хабарлаған болатын. Министрдің айтуынша, жаңа заң үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында көрсетілген мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын бекітеді. Сондай-ақ Оңтүстік Корея мен Германияның тәжірибесін негізге ала отырып, «индустриялы даму институты» құрылмақ. Бұл институт индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, өнеркәсіп салаларының дамуын болжаумен, түрлі технологиялық мәселелерді зерттеумен айналысады. Сондай-ақ институтқа сарапшылық міндет те жүктеледі. Министрдің айтуынша, оның жұмысына бұрын өнеркәсіпте жұмыс істеген ардагерлер, яғни кеңестік дәуірде еңбек еткен мамандар тартылады. Сөздікке үңілсек, инновация - ағылшын тілінен аударғанда, «жаңалық, жаңашылдық, өзгеріс» деген мағынаны білдіреді. Инновациялық қызмет жаңа өнім, жаңа технологиялық процесс пен өндірісті ұйымдастыру формалары, жаңа нарық, әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешу мен басқарудың жаңа үрдістерін құру мен енгізуді қамтиды. Міне, осыларды есепке алғанда, «кеңестік дәуірдің мамандары инновациялық жобалардың генераторы бола ала ма?» деген сауал туындайды. Оған білікті мамандардың жауап бергенін жөн көрдік.

Атамұрат ШӘМЕНОВ, экономика ғылымының докторы:
Иә
– Ең алдымен, «Индустриялы даму институтын» құру, оған жан-жақтан маман тарту туралы шешімді оң деп бағалаймын. Бұл – дұрыс саясат. Өйткені, өкінішке қарай, осы уақытқа дейін билік басындағылар өздері танитын, өз төңірегінде жүргендердің ғана әңгімесін тыңдап келді. Ал қоғамда сан алуан пікір болады ғой. Өздеріңізге белгілі, жақында Елбасы кадр саясатын сынады. Өйткені мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға өңшең жастар кіріп алған. Соңғы кезде «Болашақ» бағдарламасы да қатты сынға ұшырап жүр. Бірақ мен оған қосылмаймын, себебі «Болашақ» та керек. Бірақ ол – бөлек әңгіме. Бұрынғы мамандар мен қазіргі кадрларды араластырып, әртараптандыру деген дұрыс.
Бұл жерде мәселені талқылау тарихы туралы айта кету керек.
Ертеректе болған, бірақ әлдебір себептермен сол кезде орындалмай қалған жаңалықтар бар. Мәселен, аграрлық салада өндірісті қолға алу керек деп жатырмыз ғой. Осыдан он шақты жыл бұрын Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Кіші индустрия» деген бағдарламаны қолға алу жөнінде Үкіметке тапсырма берген-тұғын. «Ауыл шаруашылығындағы кіші индустрия» деп аталған сол бағдарлама ақырында сиырқұйымшақтанып кетті.
Не болмаса, мынадай мысал айтайын. Әне бір жылдары «Қазатомөнеркәсіптің» жиналысына қатысып отырғанда, сол кездегі басшысы «уран өндірісінде біз үйтіп жатырмыз, бүйтіп жатырмыз» деп желдіртіп тұр. Уран өндірісінде «выщелачивание», яғни «шаймалау» деген әдіс бар. Қарапайым тілмен айтсақ, құйылған сілтіге уран жабысады да, соны жер бетіне паста секілді қысып шығарады. 80-жылдардың аяғында Мұхтар Шаханов мені Қызылқұмға апарып, сол жердегі уран өндірісін көрсеткен болатын. Сол кезде уранды Қызылқұмда өндіріп, Тәжікстандағы зауытқа апарады екен. Ал бастықтары Өзбекстанда отырған. Ақыры осы өндірістің ізін таппай қойдық. Кезінде оны зиянды деп жаптырғанбыз. Енді келіп «біз жаңалық аштық, бұл – жаңа технология» деп отырған елдің аузын аштырып, көзін жұмдырғаны қызық болды. Ал шындығында ол ескі, зиянды технология болатын.
Сондықтан көненің көзі жабық, жаңа технологияны білмейді деуге келмес. Ең құрығанда, осылайша тарихын айтып беріп отырғанының өзі пайдалы. Еске түсірсек, 80-жылдардың аяғында «Қазақстан бойынша халық тұтынатын тауарлар» деген үлкен бағдарламаны үкімет бекітіп берген. Ол бағдарлама орындалса, қазір тозғақ болса да, өз бәтеңкемізді шығарып отыратын едік. Әйтпесе, баяғы «Жетісудың» қисық бәтеңкесіне де жете алмай қалдық қой. Ол бағдарламаны мен білемін. Сондықтан осы шаруаларды жүргізуде институттың ашылуын дұрыс деп есептеймін. Шетелде төрт-бес жыл оқып келгендерді керемет маман деуге келе ме? 15-20 жыл бойы ел ішінде еңбек етіп, өзін көрсете алмай жүргендер қаншама! Министрліктің шешімі бұлақ көзін ашуға септігін тигізе ме деген ой бар менде.

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:
Жоқ
– Меніңше, ескі кадрдың түкке тұрғысыз нашары да бар. Олар, әрине, ешқандай инновациялық жобалардың генераторы бола алмайтыны сөзсіз. Бірақ араларында жақсы мамандардың да бар екенін мойындаған жөн. Былайша айтқанда, ескінің озығы да бар, тозығы да бар. Жастардың ішінде де ескіше ойлайтындар болуы мүмкін. Жалпы шетелде оқып, білім алған жастардың перспективасы көбірек, бірақ тәжірибесі аздау, ғылыми деңгейі жоғары болмайды. Қазақстанның өзіне тән ерекшеліктерін білмейді. Есесіне олар ағылшын тіліне судай. Ал бұрыннан келе жатқан мамандар тәжірибелі болса да, ағылшын тіліне келгенде мүдіреді. Сондықтан барлығы да ескі мен жаңаны ұштастыра білуге кеп тіреледі.
Мәселен, кеңес үкіметі келмеске кетіп бара жатқанда кейбіреулер «Социалистік жарыстарды ұйымдастыру» деген тақырыпта диссертация қорғап үлгерді. Мұндай «жаңалықтың» қазіргі нарықтық экономика заманында қажеті шамалы екені айтпаса да түсінікті. Осы еңбекті қорғаған адам – ескі жүйенің маманы.
Сондай-ақ кезінде Көксарай қоймасының құрылысына қарсы шыққандар болғанын айту керек. Олардың арасында атағы дардай, жасы үлкендері де бар. Әйтсе де, уақыт көрсеткендей, солардың есебі теріске шықты. Елбасы сол қойманы бәрібір салдыртты. Өйткені экология ғана керек пе, Қызылорда қаласы мен оның тұрғындарын аман сақтау керек пе? Екінші жағынан, Көксарай қоймасының экологияға зиян екенін кім дәлелдепті? Көксарай болмағанда, биыл Қызылорда су астында қалар еді.
Кезінде Ресейде Г. Явлинский мен Е.Гайдар «500 күн» деген бағдарлама жасаған. Олардың мақсаты 500 күннің ішінде Ресейдің экономикасын өзгерту болатын. Сол құжаттың ішінде өзіме ұнаған тұсы бағдарламаның жартысы экономикалық, жартысы саяси болуы қажет дегендері еді. Меніңше, экономикалық бағдарламаларға саясаттанушыларды да қосқан дұрыс. Бағдарламалардың жартысы саяси, әлеуметтік үрдістерді есепке алып әзірленуі керек. Өйткені таза экономикалық факторларды санатқа алса, ондай бағдарлама жадағай болып шығады.
Міне, әлгіндей институт құрғанда, осындай ерекшеліктерді есепке алу керек. Мен, мәселен, өзімді ескі кадр деп есептеймін. Болжамдарымның 50 пайызы дұрыс шығады, 50 пайызы бұрыс шығуы мүмкін. Егер айтқандарымның 60-65 пайызы дұрыс шықса, онда мен кәделі зерттеуші болар едім. Ал ондай дәрежеге жету үшін үлкен дерекқор болуы керек.
Түйін
Нарықтық экономикада инновация – еркін бәсекенің жемісі. ХХ ғасырдың екінші жартысында дамыған елдердің ұлттық экономикасының өсімі осы инновация арқасында қамтамасыз етілді. АҚШ, Жапония және Германияда осы мақсатқа – ЖІӨ-нің 2,5-2,8 пайызы, ал Франция мен Ұлыбританияда 2,3-2,4 пайызы жұмсалатын.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған биылғы Жолдауында да «тек инновация ғана еңбек өнімділігінің шұғыл көтерілуіне мүмкіндік береді» деген жолдар бар. Ендеше, өмірлік тәжірибені заманауи біліммен ұштастыра білгенде ғана индустриялық-инновациялық даму өзінің қуат-күшін таба алатын тәрізді.
Дайындаған Гүлнар АХМЕТОВА
ЖАҢАЛЫҚТАР
Көктемнің алғашқы он күні зымырап өтсе де, Шығыс Қазақстанда қыс қаһарының қайтатын түрі көрінбейді. Ақтүтек боран көлік жолдарын басып тастап, тұрғындарды әлі әбігерге салып отыр. Бұған қоса бірнеше жолаушылар пойызының қозғалысы тоқтатылды.
Өткен мереке күндері Алматы – Зайсан тас жолының қар басқан бөлігінде 3 автобус пен үлкенді-кішілі 70-тен астам машина тұрып қалды. Жарма ауданының Жаңғызтөбе стансысынан 30 шақырымда қар құрсауында қалған 200-ге жуық жолаушыға бірнеше сағатта құтқарушылар да жетті. Олар дүлей боранмен арпалысып жүріп, алдымен, әйелдер мен балаларды жақын маңдағы кемпингке және №2544-әскери бөліміне апарды. Қалған адамдар стансыға жеткізілді. Бұл күні Өскемен – Қалбатау, Күршім – Ақсуат, Омбы – Майқапшағай көлік жолдарында да боранда қалғандар көп болды. Мамандардың мәліметінше, әйтеуір, үсік шалғандар мен адасып кеткендер жоқ. Облыс орталығы мен Қалбатау елді мекені арасында тұрып қалған 30 адам, Күршім ауылынан 80 шақырым жерден тағы 50 адам құтқарылды. Қолайсыз ауа райының салдарынан наурыздың 8-інен бері облыс аумағында 6 жолаушылар пойызының қозғалысы тоқтатылды. Аягөз ауданындағы Кешкентау өткелінде Павлодар – Алматы және Новосібір – Алматы, Аягөздің өзінде Новосібір – Ташкент пойызы, Ақтоғай стансысында Защита – Алматы бағытындағы екі пойыз қаңтарылып қалды. Кеше күндіз Қарағанды мен Семей арасына қатынайтын № 312-жолаушылар пойызы да жүрісінен жаңылды. Облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мәліметінше, наурыздың 9-ы күні таңертең қар басқан жолдарды тазарту жұмыстары басталды. Жедел әрекет ету қызметтері кезекшілік атқаруға көшті. Бірақ ауа райы қалыпқа түсер емес. Облыс орталығындағы көше-жолдардың өзінде екпіні 30 метрден асатын боранның салдарынан қозғалыс одан әрі қиындап жатыр. «Қазгидромет» кәсіпорны мамандары болса, өңірдің таулы аймақтарында қар көшкіні болатынын ескертеді.
Болатбек Мұхтаров
САЯСИ БЮРО
Мемлекет құрылысында идеологиялық саланың, әсіресе қоғамдық институттардың ақсап тұрғанын өткен жылдың қоңыр күзінде Елбасы сынға алған болатын. Еліміздің экономикалық-әлеуметтік, қаржылық-индустриалдық, қоғамдық-мәдени бағыттағы түбегейлі өзгерістері жаңаша стратегиялық тұрғыда бағалауды және соған сәйкесінше жұмыстар атқаруды талап етуде. Ал бұл үшін берік дәстүрі бар, жүйелі зерттеулерге негізделген ғылыми орта, зерделі сарапшылар қауымдастығы қалыптасуы керек.
Қазіргідей аса жауапты кезеңде халықтың еңсесін түсірмей, мемлекеттің сан салалы жұмыстарын талдап, сараптап елге жеткізбесе, қоғамда идеологиялық вакуум пайда болып, оның соңы түсінбеушілікке әкелуі мүмкін. Сондықтан қазіргі қоғам құрылысын талдап отыру аса маңызды. Өткен жылы Елбасының қатысуымен болған үкімет кеңесінде мемлекеттің экономикалық-әлеуметтік, қоғамдық-саяси жағдайды зерттеп, талдап, болжап отыратын арнайы стратегиялық агенттік құру туралы бастама көтерілді. Бұл мәселе Қауіпсіздік кеңесінде де талқыланып, оның жанынан ақпараттық және сараптамалық орталықтар құрылды. Бізде билік пен халықтың қарым-қатынасы әлі де болса сапалы өзгерістерді қажет етеді. Ал билік болса өз жұмысын бюджеттің орындалуы және бөлінген қаражаттың игерілуімен бағалайды. Сөз бен істе алшақтық бар. Атқарушы биліктің халықпен қарым-қатынастағы механизмдері әлі дұрыс қалыптаспай отыр. Мәселен, былтыр Президентпен болған тікелей эфирде жергілікті жердегі әкімдер тіпті мекеме басшылары шешетін сауалдарға дейін қойылғандығын айтуға болады. Дегенмен де атқарушы биліктің халық алдындағы есебі саяси тұрғыда тиімді бастама және жақсы нәтиже беріп жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Жоғарыдағы объективті себептерге байланысты мемлекеттік доктринаны анықтап, Үкіметтің атқарып жатқан жұмысын жанашырлықпен түсіндіріп, идеологиялық насихатты күшейтетін біршама тәуелсіз сараптама орталықтарын құру, оның жұмысын жандандыру қажеттілігі туындайды. Оны шетелдерде «ми трестері» немесе «ақыл-ой орталықтары» деп атайды.
Тақырыптың екінші жағына ауыссақ, жергілікті жердегі экономикалық-әлеуметтік, саяси-қоғамдық ахуалды талдап, сараптап отыратын арнайы орталықтар немесе «ми трестері» болуы маңызды. Шетелдерде мұндай орталықтар әр мекемеде бар. Олар алдағы атқаратын жұмыстарының бағыттарын талдап, арнайы сценарийлер жазады, әлеуметтік зерттеулер жүргізеді, қауіп-қатерлерді ескеріп, болжамдар ұсынады. Осының негізінде олар алдағы атқаратын жұмыстарының бағыттарын айқындайды. Ал бізде мұндай орталықтар тапшы. Барының сараптамалары мен болжамдары біржақты болып келеді. «Ми трестері» орталықта ғана емес, жергілікті деңгейде, әр мекемеде ашылуы керек. Ақпараттық-сараптама орталықтарында талдау және болжау жұмыстарымен шұғылданатын сарапшыларды билікке қызметке алу үлкен нәтиже берер еді. Сонымен «ми трестеріне» қандай миссия жүктеледі, ол төмендегідей болуы мүмкін:
1. Мемлекеттің, аймақтың экономикалық, индустриялық, аграрлық қоғамдық-рухани дамуын жүйелі зерттеулер жүргізіп, арнайы бағдарламалар, жобалар әзірлеуге кеңестер беру. Қолданбалы сараптамалық, іргелі талдаулар жүргізіп, болжамды жобалар ұсыну.
2. Қазір қарапайым халық әкімқаралардың тікелей қабылдауында бола алмайды. Әрине, халықтың жолдайтын сауалдары да әртүрлі болып келеді. Оның бәрін тыңдап, жауап беріп отыруға әкім де міндетті емес шығар. Осы арада «ми трестері» халықтан түскен сауалдарды реттеп, оны жауапты орындардың басшылығына жеткізіп, оның тез арада шешілуі керектігі туралы талдаулар жасап, ұсыныстар әзірлесе.
3. Республикалық деңгейде сол өңірдің жағымды имиджін, өзіндік брендін қалыптастыру үшін республикалық газет-журналдарда, бұқаралық ақпарат құралдарында өңірдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени, ғылыми дамуына байланысты ғылыми-сараптамалық мақалалар жазуды, сараптамалық сұхбаттарды ұйымдастыру.
4. Әр тоқсан сайын зиялы қауым, әкімшілік қызметкерлері және жоғары оқу орындарының профессор-оқытушыларының басқа да жауапты мекеме өкілдерінің, саясаттанушылар мен сарапшылардың қатысуымен сол өңірдің қазіргі жағдайы және болашақ даму мүмкіндігі туралы пікір алмасу үшін конференция, семинарлар өткізу.
5. Қазіргі уақытта халықты көбінесе қандай мәселелер алаңдатып отырғанын, ел ішіндегі қоғамдық-саяси, экономикалық-индустриялық өзгерістерді халық қалай қабылдап жатқанын білу үшін қоғамдық пікірді зерттеу.
6. Республикалық ғылыми сараптамалық орталықтармен ғылыми іскерлік қарым-қатынас орнату, тәжірибе алмасу;
7. Шетелден, тіпті ел ішіндегі арандатушылық ақпараттарды да талдап, оны дер кезінде жоққа шығару, мылтықсыз майданда мемлекет мүддесін қорғау.
Бір пікір
Нұрлан Сейдін, Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы:
– Ақпараттық-сараптама орталықтары біздің қоғам үшін бүгінгі таңда ауадай қажет, өйткені біз бүгін аса бір күрделі кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Сапалы сараптамалық-талдау материалдары өз кезегінде дұрыс шешім қабылдауға, нақты жоспарлауға мүмкіндік береді және бүгінгі ақпарат заманында көп нәрсенің ақ-қарасын ажыратуға мүмкіндік берері сөзсіз. Көтеріп отырған мәселеңіз өте маңызды, талдау орталықтары республикалық, облыстық және аудандық деңгейде де аса қажет, ал тәуелсіз орталықтардың қажеттілігі өз алдына. Сондықтан еліміздің дұрыс жолмен жүруі үшін қабылданатын құжаттар мен бағдарламалардың өміршең болуымен, толығымен халықтың пайдасына орындалуы үшін сапалы материалдар қажет, ал оны өзіңіз айтып отырған орталықтар дайындайтыны белгілі, сондықтан біздің жағдайымызда «ми трестері» ауадай қажет. Меніңше, орталық басқару жүйесінде және жергілікті атқарушы билік жанынан осындай орталықтар немесе қоғаммен байланыс бөлімі, тіпті, ең болмағанда, арнайы саясаттанушы мамандар енгізілсе. Осы орайда, елімізде қазақтілді саясаттанушы, сарапшылардың тапшылығын ескере отырып, бұл қатарға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін де қосуға болады. Себебі өткен жылы Елбасының осы саланың өкілдері халыққа кеңесші қызметін атқару керектігі туралы айтқан пікірі негіз бола алады.
Әлемдегі ең үздік ақыл-ой орталықтары
Әлемде шамамен 5500-ге жуық ақыл-ой орталықтары бар деп есептеледі. Соның ішінде үздіктері – Брукингс институты, Сыртқы саясат жөніндегі кеңес, Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қоры, РЭНД корпорациясы, «Мұра» қоры, Вудро Вильсон атындағы халықаралық орталық, Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы, Американ кәсіпкерлігі институты, Като институты, Гувер институты, Хайек қоры және тағы басқалар.
Роллан КЕМЕРБАЙ, Семей
ҚОҒАМ

Қызылжардың троллейбус паркінің бұрынғы басшысы қарулы жасақпен келіп, кәсіпорынды басып алды. Халықаралық әйелдер күні орын алған «төңкерістің» кесірінен екі күн қатарынан қоғамдық көлік қатынасы тоқтап қалды. «Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі» демекші, қос қошқардың билікке таласының кесірінен кәсіпорынның жұмысшылары мен жолаушылар зардап шегіп отыр.
Наурыздың 8-і күні таңертеңгі тоғыз жарым кезінде осыдан екі жыл бұрын қызметінен кеткен Олег Матейчук 40 шақты қарулы күзетшімен келіп, троллейбус паркінің ғимаратына басып кірген. Директорды орнынан қуып тастап, таққа өзі келіп қайта жайғасқан. Бұрынғы директор Владимир Дмитриев мұны рейдерлік деп бағалап отыр. Ал жаңа басшының өз уәжі бар.
«2008 жылы мені «Петропавл троллейбус паркі» ЖШС директоры қызметінен тайдырды. Бұл заңсыздықпен келіспейтіндігімді білдіріп, сотқа шағымдандым. Жоғарғы сот мені қызметіме қайта қою туралы шешім шығарды. Шешімді алып, үш рет келдім. Кіргізбеді. Сосын жігіттерді жинап, басып кіруіме тура келді», – дейді.
Сөйтіп, Владимир Дмитриев сығалап сыртта қалды. Бірақ соңғы екі жыл ішінде ол да қарап жатпаған екен. «Петропавл электр көлігі және жолаушылар тасымалы» деген атпен серіктестік құрып, «Петропавл троллейбус паркінің» жұмысшылары мен мүлкін өзіне қаратып алған. Билікке келген Матейчук мұны түсінбей әлек. Аты дардай кәсіпорында жалғыз қалыпты. Екі жыл соттасып, «төңкеріс» жасағандағы тапқаны осы ма?
Үш күн демалып, жұмысқа шыққан қызылжарлықтар қоғамдық көлікті күте-күте күдерлерін үзіп, кейбірі таксимен, қалғаны жаяу-жалпы жұмыстарына шұбырды. Алты бағыт бойынша қатынайтын троллейбустар түгел тоқтаған. Қырық шақты темір тұлпар қоршаудың ар жағында тұр. Серіктестік қызметкерлерінің айтуынша, кәсіпорынға бір ауысымда шамамен 1 миллион теңгеге дейін пайда түседі екен. Екі күн бойы сол мол қаржыдан да қағылуда. Ал жұмысшылар таңертеңнен кешке дейін есікті тоздырумен жүр. Келеді, кетеді. Қашан жұмысқа шығатындарын ешкім айтпайды.
Бұл мәселеге байланысты Қызылжар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, троллейбустар тұрып қалған кезде көшеге автобустар көптеп шығарылған. Әкім екі «дөкеймен» де кездесіп, олар өзара келісімге келе алмаса, келісімшартты бұзатынын ескертіпті. Осы кезде, яғни кеше ымырт үйіріле бірді-екілі троллейбус көшеде «қыдырыстап» жүрді.
Владимир ДМИТРИЕВ, «Петропавл электр көлігі және жолаушылар тасымалы» ЖШС директоры:
– Матейчук бастаған 40 шақты қарулы күзет қызметкерлері қазір ешқайсымызды ішке кіргізбейді. Өздерін кәсіпорынның толыққанды басшысы сияқты ұстауда, оған қандай негіз бар екенін білмейміз. Троллейбустарды да жібермей отыр.
Олег МАТЕЙЧУК, «Петропавл троллейбус паркі» ЖШС директоры:
– Қоғамдық көліктің жүрмеуіне мен кінәлі емеспін. Бұрынғы директор электр қуатын өшіртіп тастады. Сол себепті троллейбустар қаңтарылып тұр. Жалпы айтатын болсам, кәсіпорын құлаудың сәл алдында тұр. Бұрынғы басшылары банктен миллиондаған теңге несие алған. Бірақ бір жылдан артық уақыт банк алдындағы қарыз өтелмеген. Банкке кепілдікке қойған ғимаратты ғана сата алмаған екен. Одан өзге мүліктің көзіне су құйған. Троллейбустардың көбін жалға берген. Штатта жұмысшылар жоқ, ертеңнен бастап олардың бәрімен қайта еңбек келісіміне отырамын. Сосын жұмыс бір қалыпқа келеді деген сенімдемін.
Галина КУЗЬМИНА, кондуктор:
– Біз түк түсінбей қалдық. Үйде бала-шаға күтіп отыр, парк жабылса, не істейміз? Троллейбус паркінің 170 жұмысшысы күнде жиналамыз. Басшылардың бұрынғысы да, жаңасы да түсіндіріп ештеңе айтпайды. Екі оттың ортасында қалдық десек болады. Бірақ біз үшін кімнің директор болғаны маңызды емес. Тезірек жұмысқа шықсақ жөн болар еді.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ
ӨРКЕНИЕТ

Қазақтың сегіз қырлы, бір сырлы қазына қарты Шора Шамғалиұлы Сарыбаев осыдан тура сегіз күн бұрын 85 жасқа толды. Ойы озық қарияның тойы да өзгеше болды…
Үлкенмен де, кішімен де әңгімесі жарасқан әзілқой қарт әлдебір сөзінде өзінің бұл жасқа «еліктің лағындай орғып жеткенін» айтқан-ды. Ал оның кез келген адамға үлгі боларлықтай көтеріңкі көңіл күйінің, жасампаздығының сыры неде? Жаңалыққа, жақсылыққа құштарлығын қалай түсінген жөн? Бұл ретте, «Адамның көңіл күйі мен тіршілігі жасына емес, өмірге деген көзқарасына тікелей байланысты. Кім өзіне-өзі енжар, немқұрайды қараса, бойындағы бүкіл қажыр-қайраты мен қабілетін толық пайдалана білмесе, сол адам тез қартаюға бейім тұрады, ал көңілді жүретін кісі қашанда сергек болады», – дейді Шора ақсақал. Қарияның аузынан тастамайтын ең сүйікті сөзі: «Күлкі – денсаулықтың мүлкі».
Тіл біліміне терең бойлап, диалектология, лексикология, түркология, библиография, грамматика салалары бойынша ұлан-ғайыр зерттеу жұмыстарымен айналыса жүріп те, Шора Шамғалиұлының еліміздегі музыка, театр, мұражай, спорт, тіпті халық медицинасы салаларына да айтарлықтай үлес қоса білгені, жанашырлық таныта алғаны анық. Әрине, мұның әрқайсысы – өз алдына бөлек тақырып. Бізді ерекше таңғалтқаны – қарияның ешқашан да езуінен күлкі, жүзінен жымиыс кетпейтіндігі. Әдетте ғылым адамдары әзілге сараңдау келетін болса, бұл кісі ауызекі сөзге мейлінше шешен. Осы орайда, әріптестері жыр ғып айтатын мына бір жайт еріксіз еске түседі: Тіл білімі институтында Ә.Қайдаровтың директорлық еткен кезі болса керек. Жасы ұлғайғанына қарамастан, басшылық Шора ақсақалдың қызметтен кеткенін хош көре қоймапты. Содан бұл кісі арызын: «Менің бір басымда 60 түрлі ауруым бар: баста – сақина, құлақта – шыңыл, тілде – теріскен, иықта – сарысу, белде – құяң, миым шағады, жүрегім қағады, табаным ысиды, қолым көтертпейді, жұтқыншағым жөтелтпейді…» деп бастайды да, түрлі «кеселді» тізіп шығады. Әзілге әзілмен жауап қатқан директор «Мұның бәрі – жеңіл-желпі сырқаттар, жұмысыңызды жалғастыра беріңіз» деп қол қойып, кері қайтарады. Алған бетінен қайтпаған ақсақал арызының соңына: «Кейінгі кездері өз-өзіммен сөйлесетін болып жүрмін…» деп жазып, қайта кіреді. Сонда ғана Әбекең: «Бұл енді өте қауіпті…» деп өтінішін қабыл алған көрінеді…
Алайда өмір бойы тынбай еңбек етіп, үздіксіз ізденісте болған Шора Шамғалиұлы зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін де бел жазған жоқ. Ғылыми зерттеулерден бөлек, жастайынан бергі сүйікті ермегі – коллекция жинауын тоқтатпағаны өз алдына, ел футболы мен халық медицинасына, мұражай саласына қатысты көптеген тұшымды дүниелер жазды. Мектептер мен жоғары оқу орындары ұжымдарымен тығыз қарым-қатынаста болып, жас ұрпақтың ғылым-білімге, өнер мен тарихқа сүйіспеншілігін арттыруға көп еңбек сіңірді. Егер де осы уақытқа дейін бірқатар Алматы мектептерінде тарихи мұражайлар ашылса немесе көрнекті тұлғалар мен айтулы оқиғаларға қатысты арнайы бұрыштар ұйымдастырылған болса, ол – ең әуелі Шора ақсақалдың еңбегі. Өйткені қазақта «коллекционерлік тарихтың, халық мұрасының жоғалмай, ұрпақтан-ұрпаққа жетуіне алғышарт болады» деп түсінетін бірден-бір адам – осы Шора Шамғалиұлы десек, асыра айтқандық емес. Себебі көп жұрттың мұражайға да, коллекционерлікке де «кәкір-шүкір» деп қарайтыны рас. Мұның сыртында, Шора атаның оқушылар мен студенттерді ара-тұра операға шақырып тұратын да бір өзгеше дәстүрі бар. Ал мұның сырын: «Жас ұрпақтың бойына өз мәдениетіне, тіліне деген сүйіспеншілікті сіңіру керек», – деп түсіндіреді қария. «Өкінішке қарай, опера театрының репертуарында қазақ тіліндегі қойылымдар өте аз, – дейді ол. – Мысалы, былтыр қойылған 30-ға жуық спектакльдің дені – орыс тілінде. Ай сайын қазақша небәрі бір-екі-ақ опера өтеді».
Қарапайым қалпы мен өзіндік өмір салтынан бұл жолы да танбаған Шора Шамғалиұлы өзінің 85 жылдық мерейтойын да көпшілік қауыммен бірге театрда өткізуді ұйғарды. Сөйтіп, өткен сенбіде Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының «Біржан-Сара» операсы билеттерін түгелдей өз қаржысына сатып алып, оны әріптес достары мен Алматының бірқатар зиялы қауымына, сондай-ақ мектеп оқушылары мен студенттерге таратты. Яғни мерейтой иесі ретінде жұрттан мақтау сөз естіп, ат-шапан алатын әдеттегі дәстүрден үзілді-кесілді бас тартып, елді рухани сілкініске бастайтын осы бір игі шараны құп көрді.
Махметқали САРЫБЕКОВ, ҚР білім және ғылым вице-министрі:
– Шора Шамғалиұлы қазақтың тіл білімі саласындағы аса көрнекті ғалымдарының бірі болып саналады. Сол себепті де, филология ғылымының дамуы жолында ол көп еңбек сіңірді. Бірақ мен ол кісіні әлі де көптеген жетістіктерге қол жеткізеді деп ойлаймын. Ең бастысы, ол ғалым ретінде үлкен мектеп қалыптастырды. Одан оқып-үйренген майталман ғалымдар шоғыры бүгінде академик идеяларын лайықты түрде жалғастырып отыр.
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, Шора қарттың шәкірті, Ұлттық жаратылыстану академиясының вице-президенті:
– Шора Шамғалиұлының бұл спектакльді таңдауының бір себебі, «Біржан – Сара» операсын алғаш орындаған Әнуарбек Үмбетбаев пен Күләш Байсейітова – ғалымның өзі білім алған, Алматыдағы №12 мектептің түлектері. Сонымен қатар Шора ақсақалдың өткен жылы дүниеден өткен жары Қымбат Сағынқызы да төрт жыл бойы опера театрының оркестрінде ойнаған. Яғни бұл шара, бір жағынан, әруақтарға тағзым ретінде де өткізіліп отыр. Екінші жағынан, «Біржан-Сара» фольклор ғой. Демек, мұнда халықтық өнерге деген зор құрмет те жатыр. Ең бастысы, ғалым осы әрекеті арқылы жастардың патриоттық сезімін күшейтіп, төл мәдениетіне деген ықыласын арттыруды да мақсат еткен. Бұл болашақтағы өзге мерейтой иелеріне де сабақ болса, құба-құп болар еді.
Әсілі, ақсақалдық та – үлкен өнер. Онда да тек жасының үлкендігімен ғана емес, ісінің үлкендігімен де өнеге көрсете білген адам – нағыз абыз. «Ешқашан қарттық бізге сән бермейді, біз өзіміз қарттыққа сән бермесек» деп Қадыр інісі жырлағандай, Шора ақсақал өзінің қарттыққа сән бере білген сұңғыла жан екенін тағы бір рет сөзсіз аңғартты…
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ
ДАТ!

Ғарифолла ЕСІМ, cенатор, академик:
– Қазір мектептерде дінтану негіздері арнайы пән ретінде оқытылып жатыр. Оған өзіңіз бас болған авторлар ұжымы «Дінтану негіздері» делінетін арнаулы оқулық құралын да дайындап үлгерді. Жалпы, осы пәнді оқытудың қандай қажеттілігі болды?
– Бұл сұрағыңызға мен сол өзіңіз айтып отырған жаңа оқулықтың алғы сөзінен үзінді келтіру арқылы жауап берейін. «Діннің адамзат тарихында алатын орны ерекше. Өз тарихында діни санасы болмаған халық жоқ. Сонымен бірге дінге деген көзқарастар да әр дәуірде, әр қоғамда әр қилы болып келген. Сондықтан дін дегеннің не екенін, оның қысқаша тарихын танып-білу – әрбір оқушыға мәдени қажеттілік. Егемен ел атанған Қазақстан мемлекетінің азаматтары үшін бұл қажеттіліктің өзіндік ерекшеліктері де жоқ емес. Елімізде жүзден астам этностар мен ондаған діни конфессиялар бар. Ислам және православие діндеріне сенетін халық саны республикада басым болғанымен, қоғам өмірінде өзге діндер ықпалы да айтарлықтай. Сол себепті 9-сынып оқушыларына дінтану негіздерін пән ретінде енгізу заман талабынан туындап отыр».
– Ал бұрынғы «Дінтану негіздері» кітабын толықтырып қайта шығардыңыздар ғой?
– 2001-2002 жылдары елімізге демократиялық үрдіспен бірге сырттан діни ағымдар келе бастаған кезде мен жас жеткіншектердің діни сауаттылығын жоғарылатуымыз керек, өйтпегенде, олар діннің жетегінде кетіп бара жатыр деген мәселені көтердім. Осыған сәйкес, Білім және ғылым министрлігінің сол кездегі вице-министрі Ерлан Арын қатарлы азаматтар жоғарғы оқу орындарына факультативтік пән енгізейік деп, министрлік атынан дінтану негіздері деген пән енгізетін бұйрық шығарды. Соған байланысты 2003 жылы жалпы білім беретін мектеп, лицей, гимназиялардың 10-сынып оқушыларына арналған «Дінтану негіздері», орыс тілінде «Основы религиоведения» деген оқулық жаздым. Ол біраз мектептерде пайдаланылды, тіпті бүгінге дейін оқытылыпты. Мен бұдан бейхабар екенмін. Кейін бұл аяқсыз қалған еді. Былтырғы шілдеде Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің ІІІ съезі өтті. Артынан онда қаралған мәселелердің қарары ретінде дінтану пәнін мектепте, 9-сыныпта оқыту керек деген Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы шықты. Соған сай біз, бір топ адам, дінтану негіздерінің бағдарламасын жасадық. Оған дін өкілдері, мұғалімдер, ғалымдар қатысты. Бағдарлама бойынша бұрынғы шығарған кітаптың негізінде «Дінтану негіздері» кітабы екінші басылымда, авторлар ұжымына менің жетекшілігіммен «Білім» баспасы арқылы қайта жарық көрді. Авторлар қатарында А.Әбуов, К.Бегалинова, Е.Смағұлов, Қ.Жолдыбайұлы қатарлы ғалымдар болған еді. Қазір оқулық жеткілікті көлемде шықты, мектеп, лицейлердің 9-сыныбында оқытылу үстінде.
– Ал осы дінтану негіздері пәнін мектеп бағдарламасына енгізу сырттан ағылып жатқан түрлі діни ағымдарды, соның ішінде елімізге, бейбіт өмірімізге қауіп төндіретін секталарға тосқауыл бола ала ма?
– Бұл кітаптың мақсаты – ең алдымен, оқушылардың діни сауаттылығын жетілдіру. Оқулық иесі «Жалпы, дін, діндер деген не, олар қалай пайда болды, әлемдік діндер, дәстүрлі діндер деген не, дін еместер мен діни ағымдар дегеніміз не?» деген секілді сұрақтарға жауап табады. Қазіргідей ақпарат тасқыны күшті заманда оқушылардың дін жайында одан-бұдан алатын мәліметі көп болары анық. Оның бәрін сұрыптап, негіздеп алу оларға қиын соғады. Ал арнайы бағдарлама мен оқулық бар және ұстаз сабақ өткен жағдайда оқушыларға жеңіл тиеді. Оқулық дінді білім ретінде қарастыру үшін жазылды. Біз кітапта сырттан келіп жатқан діни ағымдардың барлық мінездемелерін ашып бердік. Алдымен біз осылардың дін немесе дін емесін біліп алуымыз керек. Мәселен, христиан (протестантизм, католицизм), буддизм – дін. Енді бұлармен қоса кейбір діни ағымдар да бар. Оның астарында саясат және өзге де мақсаттар жатады. Біз содан жас ұрпақты сақтап қалуға тиіспіз. Кеңес кезінде дін мүлде жоққа шығарылды, дінмен қатаң күрес жүрді. Оқулықта соның бәрі саты-сатысымен айқын келтірілген. Сосын дінді арнайы насихаттайтын қоғамдар бар. Мысалы, Иран, Сауд Арабиясы. Оларда дін сабағы жүреді. Кеңес кезінде атеистік сабақ өтілді. Ал біздің қоғамның оқу жүйесі зайырлы болғандықтан, бұл дін сабағы болмауы тиіс. Осыны шатастырып алмайық. Дін сабағын жүргізетін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы оқу орындары бар. Оны бітірген мамандар мешіт секілді діни орындарда қызмет істейді. Яғни діни культтің мамандары болып шығады. Ал біздің айтып отырғанымыз – дін сабағы емес, атеизм де емес, дінді тану, білім ретінде бойға сіңіру. Дінсіз қоғам жоқ. Дін мемлекеттен бөлектенгенімен, қоғамнан ажыратылмайды. Сол қоғамда бар дінді танып-білу үшін, дінтану, дінтану негіздері пәнін енгізіп отырмыз. Дінтану деген – өте ауқымды ұғым. Дінтанудан кандидаттық, докторлық диссертациялар жазылып жатыр. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде арнайы дінтану мамандығы оқытылады. Ал біз дінтанудың негіздерін ғана беріп отырмыз. Өйткені 9-сынып оқушысына ол жеңіл болады.
– Яғни оқушыға ақпараттық білім беруді көздедіңіздер ғой?
– Біз бұл жерде екі мақсатты көздедік. Біріншіден, дін туралы білім және мәдениет ретінде түсінік беру. Сол арқылы діни сауатты көтеру. Екіншіден, Қазақстан қоғамында, негізінен, мұсылмандар өмір сүреді. Мектеп зайырлы болғанымен, үйіне барғанда, бала діни тәрбие алуы мүмкін. Біз – негізінен, дәстүрлі ислам еліміз. Сондықтан дінтану негіздері пәніне берілген факультативтік сабақтың 34 сағатының үштен бірін исламға арнадық. 14 сағат. Орыс тіліндегі «Основы религиоведения» нұсқасында да ислам туралы осылай айтылған. Себебі соңғы кездері қазақтың тілін, мәдениетін, дінін білгісі келетіндер көбеюде. Одан кейін православие діні туралы мәлімет жазылды. Қалғандарына аз-аздан орын бердік. Мысалға, бір миллиардтан астам халқы бар Қытай халқының діні конфуцийға дәріс барысында он-он бес минут қана уақыт бұйырды. Бірақ барлық әлемдік және дәстүрлі діндер туралы ақпарат қамтылды. Меніңше, жүйелі түрде бағдарлама арқылы оқулықпен мұғалімнің дін жайлы білім беруі 9-сынып оқушысының дүниетанымын кеңейтіп, өзіндік ұстанымын қалыптастырады. Біздің міндетіміз – ешқандай дінді насихаттау емес, жалпы дін туралы білім беру. Ал әр бала өзі шешім қабылдап, мен осы дінді қалаймын десе, ол – өзінің жеке шаруасы. Бұл енді көбіне отбасына да байланысты.
– Жаңағы басқа діни секталарға, заңсыз миссионерлікті тануға, оған қарсы тұруға тигізер әсері туралы айтсаңыз?
– Әрине, бұл пән басқа секталарға, ағымдарға, олардың елімізде таралуына белгілі бір дәрежеде тосқауыл бола алады. Өйткені біз дін мен дін еместердің аражігін айырып беріп отырмыз. Біреу келіп діни ағымды дін десе, оқушы оның дін еместігін, бөтен бір саяси мақсаттан туған дүниелер екенін дәлелдеп бере алады. Негізі, дәстүрлі дін болу үшін ғасырлар бойғы тарихы болуы шарт. Ал кеше ғана қалыптасып, бүгін дін атын жамылғандар дін бола алмайды. Кітапта соның бәрі сараланып жазылды. Өткен ғасырдың ортасында ғана қалыптасқандар дін мәртебесіне ие болмақ емес. Мәселен, христиан дінінің, будданың, исламның, конфуций дінінің ғасырларға созылған тарихы бар. Елімізге таралып үлгергендердің қайсысын дін, қайсысын дін емес деуге болады? Осының бәрі оқулықта нақты жазылды. Сондықтан жастарды адастыратын ағымдарға бұл оқулық тосқауыл бола алады деп санаймын.
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдері тарапынан бұл пәнді дінтану негіздері емес, имандылық сабақтары деп оқыту жөнінде пікірлер айтылды. Бұл жайында не айтар едіңіз?
– Әрине, олар өзінің қызметіне сәйкес әрекет жасауы керек. Егер дін адамдарын мектепке жіберсек, олар имандылық, мұсылмандық сабағын береді. Бірақ бізде зайырлы білім беру жүйесі болғандықтан, дінтану сабағын діни қызметкерлердің беруге құқы жоқ. Әйткенмен, осы мәселенің бір шешімі де керек. Сол себепті оқулықтағы исламға арналған бөлімін жазу кезінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Уағыз бөлімінің меңгерушісі Қайрат Жолдыбайды қатыстырдық. Біз дәстүрлі ислам елі болғандықтан, ол кісіге ислам дінінің барлық құндылықтарын дұрыстап тұрып жазып беруге мүмкіндік бердік. Дінтану сабағы түрінде емес, зайырлы білім ретінде жазу қажеттігін ескерттік. Сосын бірге отырып, жазып-сыздық. Түзететін жерлері де болды. Демек, ислам дінінің мүддесін ол кісі зайырлы түрде көрсете алды. Сол секілді өзге дін туралы жазылған мәліметтерді басқа дін өкілдеріне көрсетіп, келісімдерін алдық. Олар оқулық мазмұнымен келісетіндерін білдірді. Кітаптың бір ерекшелігі – оның негізін діни культтің адамдарымен бірге отырып жасағанымыз. Өйткені діни ұғымдарды қате беруге біздің құқымыз жоқ. Бұрынғы оқулықты өзіміз жазған едік. Сондықтан жаңа оқулықтың мазмұны толықтырылды және діни ұғымдар дұрыс берілді деп сеніммен айтамын.
Саралы сөз
Біздің қоғамда жастар ислам дініне екі бағытпен барып жатыр. Біріншілері білімділікпен, жүрегінің қалауымен, ата-бабасының діні екенін сезінген жақсы бағытпен баруда. Келесісі – дінге еліктеп, таяз біліммен барып жатқандар. Міне, соңғылары исламның ішіндегі белгісіз ағымдарға жем болып кетіп жатыр. Міне, «исламға терең ғылыммен келу керек» деген сөздің мәні осында. Дінтану негіздері пәні осы мәселеге ой салады. Абай айтады ғой «Ақыл сенбей сенбеңіз, бір іске кез келсеңіз» деп. Дінге ақыл тоқтатып, әбден білім жинап алып барса, нағыз дін де, діншіл адам да сол болады.

– Әдетте Қазақстанды көпұлтты, көпконфессиялы деп жатамыз. Егер мектептерде діни сабақтар өтетін болса, бір сыныптағы түрлі дін ұстанатын балалардың ата-аналары тарапынан наразылық туындап, жанжал шығуына себеп болуы мүмкін бе?
– Біздің өтетініміз – дін сабағы емес, дінтану сабағы. Сондықтан ондай наразылыққа жол жоқ. Ал, өзіңіз айтқандай, дін сабағы болса, әрине, наразылық бас көтереді. Ал «Дінтану негіздері» – зайырлы білім жүйесіндегі бәріне ортақ білім құралы. Қазақ елінде әртүрлі діндер бар екені рас. Олардың арасында түсінікті, түсініксіз жағдайлардың бары да жасырын емес. Бұл қазіргі қоғамның түйткілді мәселесі болып отыр. Міне, біздің осы бастамамыз жаңағы айтқан түсініксіз жайларды сейілту жағына бағытталды деп ойлаймын. Сондықтан бұл оқулық оқушыларға ғана емес, ата-аналарға да қажетті болмақ. Көп нәрсені түсіне алады.
– Бұл, өзіңіз айтқандай, оқушыларға ғана емес, жалпы оқырманға да арналған кітап секілді…
– Оқулық тек 9-сыныпқа емес, бүкіл қауымға пайдалы. Соның ішінде журналистерге де берері мол. Өйткені оны мамандар жазғандықтан, барлығын ғылыми тұрғыдан түйіндеді. Қазір мұны көптеген адамдар алып оқып жатыр. Қауіпсіздік қызметі, кеден саласындағылар, ғалымдар дегендей. Сұраныс көп. Президент Әкімшілігінің жігіттері, депутаттар сұрап алып, оқуда. Өйткені дін туралы сөз көп, оның бәрін оқып, жинақтап, жүйелеп отыруға ешкімнің уақыты жетпейді. Ал бұл кітапта бәрі ықшамдалып, дайын күйде берілген. Тілі жатық. Сол үшін де қызығушылар саны арта түсуде.
– Дінтану негіздері төңірегіндегі келесі мәселе оқулық пен мұғалімге қатысты болатын. Бұған дейін біздің елде мұндай пән болмағандықтан, мұғалім де, оқулық та жоқ болды. Сіздер дайындаған кітап оқулық мәселесін шешкен сыңайлы. Ал білікті ұстаз дайындау жағы не болмақ?
– Бұл – үлкен мәселе. Біз арнайы бағдарлама жасадық, пән сағатының бәрін белгілеп бердік. Оқулықы дайындадық. Ендігі мәселе – осыны мұғалім арқылы дұрыс оқыту. Білім және ғылым министрлігінің айтуынша, бұл пәнді қазірше тарихшылар береді. Өйткені оның сағаты аз, арнайы мұғалім ұстау қиын. Бір жылда 34 сағат қана. Сол себепті пәнді тарихшылар жүргізеді. Және де ҚазҰУ секілді бірнеше жоғарғы оқу орнында дінтану мамандарын дайындап жатыр деп айттым ғой, солар және философтар мен әлеуметтанушылар дәріс бере алады. Десе де, бәрібір, осы пән мұғалімдерін арнайы дайындау мәселесі алдан шығады. Осыған байланысты, республикалық және облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институттарының бәрі жоспар жасап, осы кітаптың авторлары және басқа да ғалымдар соларға дәріс оқуға кірістік. Кітаптың соңындағы пайдаланылған әдебиеттер тізімімен қалай жұмыс істеу керек деген секілді бағыттарды үйретеміз, жалпы білімін жетілдіреміз. Бір артықшылығы, тарихшы мамандар пән туралы біледі. Себебі кітаптың ішіндегі тақырыптың дені тарихқа қатысты. Будда, ислам, конфуций діндері тарихта бар. Бірақ олар тарихи жағы болса, кітапта тарихи және діни құндылықтары айтылады. Тек тарих мұғалімдері ғана емес, қабілетті әдебиет пәнінің ұстаздары да бұл тақырыпқа жақын. Олар да дайындық курсынан өтсе, сабақ бере алады. Бірақ бұл пән бойынша дін адамдары сабақ жүргізе алмайды.
– Неге?
– Өйткені бұл біздің заңымызға қайшы. Тек арнайы зайырлы жоғарғы оқу орнын бітірген, стандартты білімнің дипломы бар адамдардың ғана сабақ өтуге мүмкіндігі бар. Дінтану негіздері пәнін өтеді деп, шіркеудің қызметкерін немесе мешіттің молдасын шақырып келуге болмайды. Бұл діни насихаттың өзі болып шығады. Ал біз оларға ешқандай кінә қоя алмаймыз. Олар келсе, міндетті түрде өзінің діни насихатын жасайды. Себебі қызметі сол. Әр діннің өкілі өз сенімін үгіттейді және өз дінін хақ дін деп санайды. «Дүниедегі ең дұрыс жол, дұрыс дін – осы» дейді. Балаларға солай уағыз айтады. Басқаларды шетке ысырады. Бірақ біз білім ретінде бәрін тең ұстаймыз. Сондықтан кез келген оқу орнында біреулер білімсіздіктен осы пәнді дін қызметкерлеріне өткіздірсе, бұл қателік болады. Мұны Білім және ғылым министрлігінің тиісті орындары қадағалап отыруы шарт. Сосын мынау қажыға барып келген екен, болмаса басқа жақта оқып келген екен деп рұқсат беруге де тыйым салған дұрыс. Егер бір діннің өкілін оқу орнына жіберсеңіз, ертең бәрі кіріп алады. Сонда не болмақ?! Тағы да айтамын, бұл пәнді арнайы дипломы бар, қосымша курстан өткен маман ғана бере алады. Қазір «мен дінді білемін» дейтіндер көп. Өз бетімен оқулық жазып жүргендер де жетеді. Олар жарамайды. Сұрыпталып, министрліктің бағдарламасын жасап, тиісті рұқсатын берген оқулықпен ғана оқу керек. Мектеп әр алуан пікірталас тудырып жататын жоғарғы оқу орны емес. Бұл жерде тек мақсатты, ақпараттық білім ғана беріледі.
– Сонда имандылық сабақтары деп кіргізсек те, дінді уағыздау бола ма?
– Имандылық сабағы деген не? Ол – мұсылманның өз ұғымы. Онда сіз мұсылманның діни қағидасын үйретесіз. Ал біз кітапта исламға қатысты құндылықтардың жүйесін бердік. Ал басқаны қайырып қойып, исламды сенім ретінде оқытсақ, ол басқа дүние болып шығады. Яғни заңға қайшы келеді. Ал имандылық сабақтың өз бағдарламасы болу қажет. Біз мектепте Абайды, Шәкәрімді оқытсақ, ол имандылық сабағы болмай ма?! Ислам құндылықтарын айтсақ, ол да – имандылық қой. Батырлар жырын, эпостарды, діни эпостарды өткеніміз – имандылық емес деп кім айтады?! Имандылықты адамшылық десек, біз оны үйретіп жатырмыз. Имандылықты сенім ретінде беру — басқа мәселе. Имандылықты «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп Абай секілді адамшылық негізде үйрету, ол – имандылық. Абайдың қара сөздерінде де имандылық бар. Бірақ біз оны сенім ретінде емес, білім ретінде айтып отырмыз.
– Негізі, біз имандылықты тек діни ұғым айналасына ғана байлап қоятын секілдіміз. Ары қарай кең түсіну кемшіл соғып жүргендей?
– Жалпы, халықтық ұғымдағы имандылық, ол – адамшылық. Абай айтады «ең үлкен нәрсе – адамшылық» деп. «Адамшылықтың өзегі неде?» дегенді тағы да сол Абай Мұхаммед пайғамбардың хадисімен айтып береді. Яғни «адамға жақсылық жасаған адам – ең жақсы адам» дейді. Ол – иманды адам. Абайдың түсінігінде солай. Ал біз мектепте жақсы адам тәрбиелейміз. Адамдарға жақсылық жаса деп үйретеміз. Абайды оқытамыз, міне, дінтану негіздерін беріп отырмыз. Жақсылыққа ұмтыл, иманың болсын, адам бол дейміз. Адамшылықты айтамыз. Және мұны білім ретінде береміз. Бұл – кең ұғым. Ал енді имандылық негіздері деп тек қана дінге бұрсақ, ол теология болып кетеді. Имандылық жоқ десең, ол – атеизм. Біз осы екеуінің ортасында тұрмыз. Мен имандылықты кең ұғымда түсінемін. Мәселен, Абай мен Шәкәрім дінге қарсы шыққан жоқ. Бірақ әр нәрсенің шекті ұғымы болуы керек қой. Олар діннің кейбір жақтарымен келіспейді. Кейбір ауыл молдаларының сауатсыз екенін айтқан. Сондықтан біз Абайлар айтқан адамшылық деген үлкен ұғымды ұрпаққа дұрыс бере білуіміз тиіс. Кейінгі кездері қоғамда имандылықты тек қана мешітте отырған дін адамдары айтатындай түсінік қалыптасып қалған. Ал біз қайда қалдық сонда?! Біз адамшылықты айтпаймыз ба?! Айтамыз. Біз жақсы адам бол, білімді бол, жомарт бол десек, соның жолдарын көрсетсек, ол имандылық болмай ма?! Мәселен, Құранда «Ғылым – ғибадаттың бір түрі» делінген. Неге? Жаратушының жаратқан нәрселерін зерттейтін сала – ғылым. Демек, ғылым деген — құдайтанудың жолы. Егер дұрыс алып жүрсең, ешқашан ғылым мен дін бір-біріне зиян келтірмейді. Әрине, ғылым таным жағында, дін сенім жағында. Таным арқылы сенімге келетіндер болады. Мәселен, дінге бет бұрған Альберт Эйнштейн секілді. Ол ғылым арқылы дінге келген. Міне, ғылым арқылы дінге келсе, нағыз дін сол болады. Сондықтан қоғам зайырлы болғандықтан, сабақ беретін мұғалімнің ішкі сеніміне ешкім шек қоймайды. Мұғалімге дінтану негіздері пәнінен сабақ бергені үшін мешітке барма деп айта алмаймыз. Ол мешітке барып, намаз оқуы мүмкін. Бірақ оның зайырлы білімі бар. Мәселе сонда.
– Кейбір ата-ананың көңілінде «осы пән арқылы басқа дінді де насихаттап, балаларымыз соған еріп кетпей ме» деген қорқыныш бар шығар?
– Бала бәрібір өзге дін туралы ғаламтордан, басқа да келіп жатқан діни кітаптардан алып жатыр. Көшеден алып жатыр. Соларды оқыған дұрыс па, әлде біздің сұрыптап берген оқулығымыз бойынша білім алған дұрыс па?! Біз мына жазған оқулығымыз үшін жауаптымыз. Ал даладан алған әдебиеттің не туралы айтатынын кім біледі? Әрине, ол оқыған адамның санасын улайтыны анық. Мәселен, жастарды біреулер басқа дінге тартты делік. Сондай жағдайда олар мұғаліміне келіп, оқулыққа қарап талқылайды. Сөйтіп, біріге отырып көзқарастарын орнықтырып алады. Әйтпегенде, олар анда-мұнда жүріп, әр неге еліктейді. Бір кино көрсе, соның әсеріне елітеді. Қазір телеарналардың насихаты күшті. Бала егер өзіне түсініксіз жайт болса, қолындағы оқулыққа қарайды, мұғалімге жүгінеді. Міне, кітап осылай оқырманға, көп адамға тиянақ таптырады. Өйткені бұл – біз, ғалымдар, біріге отырып жазған еңбек. Мен өзім хакім Абай, Шәкәрім, Жүсіп Баласағұн, Мырза Хайдар Дулати, Күлтегін, Қорқыт ата туралы жаздым. Қазақ философиясын, түркі философиясын және пәлсапа тарихын оқулық етіп жаздым. Сол жиған-терген білімдерімнің бәрі осыдан көрініс тауып отыр деуге болады. Балаға білгеніңді нақты етіп, жинақы түрде жеткізу қажет. Көп нәрсені қарап барып, оқулық жазуға келдім. Ондағы ойым – болашағымызды, ұрпағымызды жат пиғылдан сақтап қалу. Өкінішке қарай, 2003 жылдан бері арада қанша уақыт өтіп кетті. Сол кезде көтерген мәселенің қайта айналып келетінін білдім. Міне, тағы да осы жағдайға оралғанда, осы мәселеге жауапты адамдар «оқулықты сіз жазыңыз» деп өтініш жасады, мен қабыл алдым. Бүгін осыны оқыған жастар ертең билікке, байлыққа, басқа да жетістіктерге қолы жеткенде, санасында осы білімі сақталып тұрады. Ал бұл туралы бүгін оқымаса, не болмақ? Оның орнына бөтен ұғымдар ұялауы мүмкін. Сондықтан біз мұны стратегиялық бағыттағы оқулық, дінтану тұрғысында ағартушылық қызмет атқаратын кітап деп ойлаймыз.
Сұхбаттасқан Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ, Астана
ДОДА (СПОРТ)

Ванкувердегі ХХІ қысқы Олимпиада ойындары кезінде мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасындағы алғашқы сынды тамашалауға барғанмын. «Пасифик Колизиум» мұзайдынына ертерек барып отырдым. Бір кезде қасымдағы бос орындарға екі волонтёр әйел келіп жайғасты. Менімен орысша амандасты. Таңғалып беттеріне қарап едім, «Біз сіздердің Ванкувердегі делегацияларыңыздың волонтёрлеріміз», – деп күле жауап берді.
Ерлер арасындағы олимпиадалық сын басталған бетте-ақ өзіме тақау отырған волонтёр Татьянаның мәнерлеп сырғанау спортын өте жақсы білетіндігін аңғардым. Мәнерлеп сырғанау спортының нағыз сүйек майын шаққан жанкүйері дерсіз. Абзал Рақымғалиев мұзайдынға шыққанша, шешіле сөйлемедім. Татьяна Абзалдың анасының біз отырған спорт сарайының қай бұрышында отырғанына дейін біледі екен, «анау тұста» деп сыртынан көрсетті. Әңгімеміз мен Абзалмен сөйлесіп келген соң өрбіді. Оған «Сіздерде қыздар арасында кім бар?» деген волонтёр Татьяна Шехтердің сұрағы тамызық болды. Менің жауабымды естіп болған соң Татьяна:
– Қызым бар. Жасы 11-де, мәнерлеп сырғанау спортымен айналысады. Қызымның Қазақстан азаматтығын алғанын қалаймын. Лизамның таудай талабы мен талантының тамырына балта шапқым келмейді. Бұл тұрғыда маған Қазақстандағы жас таланттарға деген көзқарас ұнады һәм сүйсіндірді. Сіздер таланттарды бағалай білесіздер әрі оларға қолдау көрсетесіздер. Ал бізде жағдай басқаша. Бізде Канада чемпионатында ерен жетістікке қол жеткізбейінше, жағдай қиын. Ал мұндай жетістікке қол жеткізу мүлде оңай емес. Оған дейін жас спортшы ата-анасының мойнында. Жас өрен қанша талантты болса да, оны ата-анасы аяғына тұрғызуы керек. Канада чемпионатында жүлдеге ілікпейінше, мемлекет көк тиын да бөлмейді. Оған дейінгі жаттығулары мен білікті бапкерлерден алатын дәрісін ата-аналар өздері төлейді. Ал ата-аналардың барлығы бірдей мұндай шығынды өз мойындарымен көтере алмайды. Осылайша, талай талант көз алдымызда жанбай жатып сөнген. Менің де қызым солай өз қабілетін толық көрсете алмай, сөніп қалмаса екен деймін. Жас спортшының деңгейі өскен сайын, алатын дәрістерінің де бағасы өсе береді. Төлей алмасаңыз, сізді ешкім де ұстамайды. Мысалы, қазір менің қызым есімі көпшілікке танымал Джоанн Маклеодтың мектебінде жаттығады. Бұл мектептен мәнерлеп сырғанау спортынан Канаданың танымал тарландарының бірсыпырасы қанат қаққан. Атап айтқанда, олар – Эмануель Санду (Канаданың бірнеше дүркін чемпионы) және Джереми Тан мен Кельвин Райнольд, Мира Леунг пен Катрин Канг сынды жас таланттар. Сондай-ақ басқа да елдердің танымал спортшылары осы Маклеодтың қол астында жаттығады. Сондықтан жас спортшыларға осы мектептен дәріс алудың өзі – үлкен мәртебе. Шамамен осындай деңгейде жаттығу үшін жылына 5000 Канада доллары көлемінде ақша төлейміз (1 Канада доллары – 142,58 теңге, яғни 1 АҚШ долларына пара-пар). Қаржының тапшылығынан Лиза қазір аптасына 30 минут қана жаттығып жүр. Негізі, кем дегенде аптасына 2 сағат жаттығуы керек қой. Осының өзінде аптасына 400 Канада долларын төлейміз. Содан соң спорттық костюм және коньки сатып алу үшін шамамен 1500-2000 Канада доллары керек. Ал егер бір жаққа, қандай да бір турнирге немесе біріншілікке бара қалсақ, жолақыны өзіміз төлейміз. Өзіміздің ғана емес, жаттықтырушының да арлы-берлі жолақысы мен жатын орнын төлейміз. Ал өзіңіз пайымдай беріңіз, орта дәулетті отбасы мұндай шығындарды көтере ала ма, жоқ па? Жоқ, әрине. Осыдан барып, көптеген отбасы тәуекелге бел буып, банктерден қарыз алып жүр. Біз де әзірше осының бәріне қолды бір сілтемей, тыраштанып жүрміз. Демеуші іздеп, үйімізді кепілдікке қойып, банктен қарыз алып дегендей. Міне, біздегі жағдай – осы. Талантты балалар ақшаның жоқтығынан спорттан ерте қол үзуге мәжбүр де, байлардың балалары өздері жалыққанша жаттығып, бапкерлердің уақыттарын алуда, – деді күрсіне.
Содан соң маған жергілікті «Ванкувер экспресс» газетінің бір нөмірін ұсынды. Соңғы түрлі-түсті бетіне Татьянаның қызы Лиза Шехтер жөнінде үлкен материал жарияланыпты. Оқып отырмын. Мәнерлеп сырғанау спортына келу үшін үш ай ішінде конькимен сырғанаудың алты баспалдағынан өтіпті. Мәнерлеп сырғанау спортын өте жақсы көреді. Арманы – осы спорттың көрнекті тұлғасы болу. Жаттығу кезінде құлап қалып, бір жерін көгертіп алса, оны ешкімге (әсіресе, ата-анасына) көрсетпеуге тырысатын көрінеді. Өйткені «құрысын, енді бармайсың» деген сөзді естуден қорқады екен. Қазір мәнерлеп сырғанаудың үшінші сатысына өтіпті. Екінші сатыдағы бір жыл ішіндегі турнирлерде 4 алтын, 3 күміс, 1 қола еншілепті. Қайсар да табанды қыз сияқты. Былтыр жазда Эдмонтонда өткен бір турнирге барыпты. Аталмыш сынның басталуына 30 минут қалғандағы бой қыздыру жаттығуында аяғын қайырып алған екен. Аяғын баса алмай қиналып тұрғанда бапкері оған жарыстан бас тартпаса болмайтындығын айтады. Сонда ол еңкілдеп жылап: «Мен мұнда басқаларға қарап, солардың қалай өнер көрсететіндіктерін көру үшін келген жоқпын», – деп бой бермей, жарысқа қатысады. Тістеніп жүріп билеп, әсіресе шыр айнала секіргенде көзінен жасы парласа да шыдап, екінші орын алады. Мәнерлеп сырғанаудағы жетістіктерін жақсарту үшін және оны мейлінше меңгеріп кету үшін гимнастикамен, балетпен, йогамен айналысады екен.
– Ванкувердегі Қазақстан делегациясында волонтёрмін. Бірақ қанша оқталсам да, басшыларыңызға қызымның Қазақстан намысын қорғайтындығын қалайтынымды сездіре алмай жүрмін, – деді мен әлгі газеттегі мақаланы оқып болған соң. Үндемей қалғаным біртүрлі болар деп: «Қызыңыздың аты қазақша екен», – дедім күліп. Мәз болып қалды…
Көп ұзамай Денис Тен өнер көрсетті де, мен онымен тілдесу үшін жанымдағы екі волонтёрмен қоштасып, микс-аймаққа кеттім.
Түйін
Татьяна Шехтердің «қызыма Қазақстан азаматтығын әперсем» деген назы мен өтінішін қарайтын да, талқылайтын да – мен емес, басшылар. Менің бұл мақалам оларға жете ме, жетпей ме, оны да білмеймін. Жалпы, мен – шетелден спортшы әкелгенге үзілді-кесілді қарсы жанның бірімін. Шетелден білікті бапкер шақыртқанды хош көремін, ал дайын спортшы әкелгенді жек көремін. Бірақ жап-жас Лиза Шехтер жайы мені екі түрлі ойға жетеледі. Біріншіден, жақын маңдағы шетелдіктердің емес, біздегі орыстілді тұрғындардың көбіне жер ұйығы болып көрінетін Канададағы адамдардың өзі Қазақстан азаматтығын алуға зәру екендігі жанымды жадыратты. Кеудеме мақтаныш сезімін ұялатты. Екіншісі күйіндірді. Осындай тамаша мүмкіндікті біздің қазақ халқы неге пайдаланбайды, неге балаларын спортқа бермейді деп қапаландым. Неге, неге?.. Мен үйін кепілдікке қойып автокөлік алған қазақтар бар екенін естідім. Бірақ үйі тұрмақ, пәтерін кепілдікке қойып баласын спортқа баулыған қазақ барын естіген жоқпын. Өкінішті-ақ… Жүрегің езіледі. Бір танысым бар, семсерлесу спортымен айналысады. Жасы келді, сонда да шетелдердегі жарыстарға шығып жүр. Он сегіз мың ғаламда бармаған жері жоқ шығар, сірә. Алты құрлықтың бесеуінде болған болар. Жер көрді, ел көрді. Дәулеті де жаман емес. Ортадан жоғары. Ал сондай қазақтың жігіттері қара жұмыста жүр. Қара базарда арба итеріп жүргендері қаншама. Есіл қара күш-ай… Ешқайсысы жер де, ел де көрген жоқ…
Нұрғазы Сасаев
АЛАШТЫ АЛАҢДАТҚАН САУАЛ

Сайфолла Сапанов, саясаттанушы:
– Өткен аптада Ресей Президенті Дмитрий Медведев: «Қырғызстан мен Тәжікстан Кедендік одаққа енбейді», – деп кесіп айтты. Сонымен қатар Қырғызстанның геосаясатының көпжақтылығын меңзеп сын айтты. Ал кеше ғана Владимир Путин осы экономикалық одақтың қатарына Украинаны шақырды. Қысқасы, Мәскеу бұл мекемені жекеменшік құрылым сияқты пайдаланып жүр. Бұл дұрыс емес. Меніңше, Кедендік одақ түптің түбінде Еуроодақ секілді тең қарым-қатынасты құнттайтын құрылымға айналуы керек. Ал ол үшін біз өзіміздің талаптарымызды бүгіннен бастап көтергеніміз абзал. Сонда Ресей саясаты да біртіндеп жұмсара береді. Меніңше, қазіргі Ресей либералданып келе жатыр. Мысалы, кешегі Путиннің кезеңі мен қазіргі Медведевтің саясатын салыстыруға келмейді. Ал біз үшін дәл қазіргі қажеттілік өз мүддемізді орынды көтеріп шығу болып тұр.

Досым Сәтпаев, Тәуекелді бағалау тобының директоры:
– Иә, бұл өз әріптестерінің мүддесін ескермеу болып табылады. Жалпы, айналамыздағы қос алып – Ресей де, Қытай да бізге қандай да бір қысым көрсетіп жатыр. Ресей саясаткерлерінің өзімшіл мәлімдемелері де соның бір кішкене көрінісі іспетті.
Жуырда бірінші вице-премьер Өмірзақ Шүкеев Мәскеуде болды, артынша Кәрім Мәсімов пен Владимир Путиннің кездесуі өтті. Бұл басқосулардың ресми түрдегі мақсаты Кедендік одақтағы кейбір түйткілдерді шешу болатын. Себебі Ресейдің кейбір саясаткерлері Кедендік одаққа Ресейдің жеке мүддесін тықпыштай береді. Әрине, кейбір детальдарға түзету енгізуі мүмкін. Ал жалпылай алғанда, Кедендік одақ ең алдымен Ресей мүддесін қорғайтын құрылым болып отыр. Біз «170 млн адамы бар үлкен рынок пайда болды, қазақстандық бизнес сол рынокты пайдалана алады» деп өзімізді қуантып қоямыз. Іс жүзінде бұған біздің қабілетіміз жете ме? Саяси тұрғыдан алып қарағанда, бұл құрылым Ресейге айналасына ықпалын сақтап қалу үшін керек екенін ресейліктердің өздері де ашық айтып отыр. Ендеше, осындай өктемдіктің болуы заңды.

Сайын БОРБАСОВ, саясаттанушы:
– Ресейдің ресми билігінің нақты бізге қаратып айтқан өктем пікірлерін мен естіген жоқпын. Жалпы, Мәскеу Ақордаға тең дәрежедегі серіктес ретінде қарайды деп сенемін. Әрине, Кедендік одақ аясында қандай да бір проблемалар туындауы мүмкін. Бірақ олар түптің түбінде шешімін табады. Себебі өзара тиімсіз серіктестік көпке жалғаса алмайды. Ал Ресей экономикалық одаққа байланысты қандай да бір ұсыныстар жасап жатқан болса, оның өзімізге қаншалықты тиімді болатынын алдын ала тексеруге құқымыз бар ғой. Негізі, бұл құрылым аймақтағы ешбір елдің тәуелсіздігіне қол салмай, КСРО-ның қуатын қайтаруды көздейді. Дегенмен біз Ресеймен серіктестігімізді орынды пайдалана білуіміз керек деп ойлаймын.
Сауалнаманы жүргізген Сәкен Көкенов
НАРЫҚ

Ресейдің мұнай компаниялары ақпанның басында төрт күнге Қазақстанға мұнай тасымалдауын тоқтатты. Өйткені Ресей үкіметі Кеден одағына мүше елдерге сатылатын мұнайдың тоннасына 270 доллар көлемінде баж салығын белгілеген еді. Қызығы сол, бұрын одақ жоқ кезде бізге келетін мұнайына орыстар мұндай салықты салмайтын. Екі жақ сөйлесіп жатып, ақыры Ресейдің Федералды кедендік қызметі Қазақстанға кететін мұнайға экспорттық салық салынбайды деп бізге хат жолдады.
Дәл сол ақпанның басында қазақ үкіметі сырттан келетін медицина және тағам өнімдеріне қатысты жаңа ережелерді бекітті. Онда осы өнімдерге қатысты бақылау шаралары күшейтіліп, тыйым салу жағы қатаңдатылған. Ал дәрі-дәрмек пен азық түрінің басым бөлігі бізге Ресейден келетіні тағы белгілі.
Сонда қалай, Кедендік одақ құрылмай жатып одақтастар арасындағы «сауда соғысы» басталып кеткен жоқ па?
Орыстар неден қорқады?
Жақында Ресейдің Федералды кедендік қызметі ел үкіметіне құжат жіберді. Құжаттың авторлары Қазақстан арқылы өтетін тауар тасқынының арту мүмкіндігіне байланысты «қазақтар шекарада лайықты кедендік бақылау орната алмауы мүмкін» деген қауіп айтыпты. Сөйтіп, Қытай мен Қырғызстаннан бізге заңсыз тауар көлемі артады деп байлам жасайды. Әрі қарай орыс кеденшілерін Қазақстанға бірегей кеден тарифтері аясында өтпелі кезең мүмкіндігін беру алаңдатады екен. Ресейде ҚҚС – 18%, ал Қазақстанда – 12%. Осыған қарап, құжат авторлары ресейлік компаниялар жаппай Қазақстанда кедендік рәсімдеуге көшеді деп қорқытады. «Мұның алдын алмасақ, 200 миллиард рубльден астам қаржыны жоғалтамыз», – дейді олар. Мұны болдырмау үшін ресейлік тауарларға экспорттық салықты өзімізде салайық, ал Қазақстан мен Беларусьте кедендік рәсімдеусіз жүре берсін дегенді ұсынады. Ең бастысы, ресейлік кеденшілер Қазақстаннан келетін тауарларды бақылауды күшейтіп, түрлі тексерулерді енгізуді ұсынады. Ал біздің Кеден одағын құрудағы басты мақсатымыз да осы кедендік рәсімдеулерді жою емес пе еді? Және бұл хат, кейбір ақпарат көздерінің мәліметіне қарағанда, Ресей премьер-министрі Владимир Путиннің мақұлдауымен жазылған-мыс. Орыстардың бұл қаупінің екі ғана себебі бар. Не Қазақстан мен Беларусьтің кеден жүйесі Ресейге қарағанда әлдеқайда көш ілгері дамыған, яғни орыс кеденшілері жауапкершіліктен қорқып отыр. Немесе ресми Мәскеу үшін бұл одақтың саяси мазмұны әлдеқайда жақын. Кешегі кеңестік кеңістікті қалпына келтіруді көздейтіндердің Кремльден кете қоймағаны белгілі. Саяси демекші, Кедендік үштікте дауыс басымдығы 50 пайыздан артық межемен Ресейге берілгені де – алда талай сөз болатын саяси тәуекел.
Кеден Одағын құруын құрғанымызбен, ондағы кедендік тарифтерде бірқатар маңызды мәселелер ескерілмей қалыпты. Жазда күшіне енеді деген Кеден кодексінде «қай ел жүкті қалай тексереді, кедендік рәсімдеуді кім жүргізеді, кедендік салық қай валютада жүзеге асырылады» деген маңызды сұрақтардың басы ашық тұр. Үш елдің мүдделерін тоқайластыру да әзірге қиын болып тұр. Ресми Минск импорттық салықтағы үлесін 5,3%-ға өсіргісі келеді. Ал Кремль 86,5% сияқты жіліктің майлы басын ұстағысы келеді. Кеше ғана белгілі болғандай, біздің ортақ қазандағы үлесіміз 7,36 пайыз болыпты (бастапқыда 8,5% аламыз деп үміттенген едік).
Саясаткерлер мен кеденшілер бас қатырып жатқанда, ноутбук, мобильді телефон сияқты тауар иелері кеден бекетінің еденін тоздыруда. Бір кеден брокерінің айтуынша, кеденшілер «рәсімдік құжаттарды қалай толтырамыз» деп бір-бірінен сұрап, күндерін өткізіп отырған көрінеді. Кеден одағы аясында әзірге мұнай мен мұнай өнімдеріне салынатын экспорттық салықтардың ортақ көлемі әлі айқындалған жоқ.
Қытайға төтеп бергенде…
Ресейлік кеденшілер «қазақтар Кеден одағы аясында бізге түсетін салықтың бір бөлігін алып кетеді» деп В.Путинге хат жазып жатса, біз де қарап қалмай, «бұл одақ бізді кіріптар етеді» деп шулаймыз.
Бір жағынан, бәріміз алатын қытай тауарларына деген баға өседі. Кәсіпкерлеріміз бізді «Ресей мен Беларусьтің арзан тауарлары басып кететін болды» деп қорқытады. Алайда төмен тарифтер кезінде де қытайдың жойқын тауар тасқынына шыдаған ішкі нарық көршілердің импортынан бас көтере алмай қалады дегенге де сену қиын. Қытаймен салыстырғанда бәрібір күші де төмен, бәсекеге қабілеттілігі де анау айтқандай мәз емес.
Қалай десек те, мұндай интеграция дәл Қазақстанға қажет болып тұр. Бізге өсу керек. Өсу үшін кеңістік керек. Экспорттық тауарлардың ішінде мұнай мен металдан басқа бәсекеге қабілетті тауарларымыздың саны да, көлемі де аз. Сондықтан экономикасы, әлеуметтік жағдайы, қала берді тұтынушылық талаптары мен мүмкіндіктері салыстырмалы алғанда ұқсас келетін елдермен осындай одақ аясында жұмыс істеу керек болып тұр. Еуразиялық экономикалық одақ құрылған соңғы сегіз жыл ішінде еркін сауда аймағы аясында үш елдің тауар айналымы 29-дан 130 млрд долларға өскен. Дамудың дәрумендері осында жатқанын осы дерек дәлелдемей ме?!
Бірақ…. Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы былтыр 20 млрд долларға өскен. Алайда Ресей бізге 8 миллиардқа жуық тауарды артық әкелетін көрінеді. Бір жағынан, бұл Ресейдің өндірістік мүмкіндіктерін әйгілесе, екінші жағынан, экономикалық байланыстарымыздағы сыңаржақтылықты көрсетеді. Әйтсе де қажырлы еңбегімізбен, іскерлік-кәсіпкерлік бастамаларымызбен, жоғарғы еңбек өнімділігімізбен іске кірісетін болсақ, Кеден одағының боданы емес, тең әріптесі деңгейіне көтеріле алатынымыз анық. Тек бұл жағдайда да басты басымдықтарымызды нақты анықтай алсақ болғаны.
Кедендік одақ аясындағы келесі қадамдар:
– біртұтас кедендік тариф қалыптастырып, 2010 жылдың шілдесіне дейін бұл жұмыстарды толық аяқтау;
– 2011 жылдың 1 шілдесіне дейін үш мемлекеттің біртұтас кедендік кеңістігін толықтай, біржола құрып болу;
– 2012 жылдың 1 қаңтарына дейін біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастыру;
– үш ел тарапынан да ДСҰ-мен сепараттық келіссөздер жүргізуді тоқтату, келіссөздерді келесі – ұлттық деңгейден жоғары деңгейде біртұтас кедендік территория ретінде жалғастыру.
Бейбарыс Байсуан
ДОДА (СПОРТ)

Венгрияның Сомбатхей қаласында күрес түрлерінен «Алтын Гран-при» турнирі өтіп, жерлестеріміз күміс медаль еншіледі. Атап айтқанда, грек-рим күресінен «Иван Поддубный» халықаралық турнирінің жеңімпазы, 60 келі салмақ дәрежесінде белдескен Алмат Кебісбаев күміспен күптелді.
Алмат Кебісбаев «Поддубный» турнирінде кездейсоқ жеңіске жетпегендігін дәлелдеп, Венгрия боз кілемінде де өз шеберлігін паш ете білді. Мадьяр елінде үш белдесуін тамаша аяқтап, қарсыластарын айқын басымдылықпен ұтты. Тек финалда әзірбайжандық Хасан Алиевке есе жіберіп алды. Бір көңіл аударарлығы, бұл турнирде Әзірбайжан балуандары біздің жігіттердің жолын кесумен болды. 74 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Дархан Баяхметов бірінші айналымда-ақ әзірбайжандық Рафик Хусейновтен ұтылып қалды. Дәл осы салмақ дәрежесінде тағы үш балуанымыз белдескен болатын. Саят Сарманбеков румын Юнел Пускастан ұтылса, Асхат Ділмұхамедов белорус Юмен Бачкодан жеңілді. Ал жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Досжан Қартықов тең дәрежеде өткен тартысты белдесуде әзірбайжандық Фарид Мансуровтан айласын асыра алмады. Бұл салмақта ресейлік Эмиль Сарефетдинов бас жүлдеге ие болса, күміс грузин Шмаги Гулиашвилиға бұйырды.
84 келі салмақта жерлесіміз Алхазур Оздиев Венгрия және Украина балуандарын ұтқанымен, ширек финалда француз Мелонин Ноумоннан жеңіліп қалды. Ноумон осы турнирде екінші орын алды. Ал француз балуаны финалға шыққандықтан, біздің жерлесіміз қола жүлде үшін бақ сынады. Бірақ хорват Ненад Зугачтан қола жүлдені тартып ала алмады.
Турнирдің екінші күні 55, 66 және 96 келі салмақ дәрежелерінде жеңімпаз бен жүлдегерлердің есімдері белгілі болды. 55 келі салмақта белдескен жерлесіміз Марат Гарипов үш белдесуде жеңіске жетіп, тек жартылай финалда Оңтүстік Корея балуаны Ли Джунгадан ұтылды. Әйтсе де қола жүлде үшін күресетін мүмкіндігі болған-ды. Алайда жапон балуаны Кокей Хагесаванды жыға алмаған Марат жүлдеден шет қалды.
Әлем және Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев 66 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап көрген болатын. Алайда Теңізбаев екінші айналымнан аса алмай, жер шұқып қалды. Ол украиналық Сергей Красильниковтан екі кезеңде 0:1, 1:3 есебімен ұтылды. Красильников үшінші белдесуінде келесі айналымға шыға алмағандықтан, Нұрбақыт қола жүлде үшін белдесе алған жоқ.
96 келіде аздаған үзілістен кейін үлкен спортқа қайта оралған Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Әсет Мәмбетов бірінші айналымда-ақ үндістандық Кумар Ашоктан жеңіліп, турнирден шығып қалды. Сол секілді Марғұлан Әсембеков те екінші айналымда чех Давид Валладан ұтылды.
Бұл турнир бұрындары, негізінен, тек грек-рим күресінің балуандары арасында өтіп келген болатын. Биыл ұйымдастырушылар еркін күрес балуандарына да екі салмақ дәрежесінде белдесуге рұқсат берген еді. Бірақ Венгрияға қазақстандық еркін күрес шеберлері барған жоқ.
Телжан Күдеров
